Келесі жылы негізгі ҰБТ қай айларда өтеді? Министрлік өкілі жауап берді
Келесі жылы негізгі ҰБТ қай айларда өтеді? Министрлік өкілі жауап берді
816
оқылды
2023 жылы негізгі ҰБТ сәуір және шілде айларында өтеді деп жоспарланып отыр. Енді мамыр айында тестілеу өткізілмеуі мүмкін. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев Сүлейман Демирель университетінде өткен Ашық есік күнінде айтты.
«Келесі ереже бекітілгенше негізгі ҰБТ екі рет болып қалады. Биылғы оқу жылында оқушыларда 5 рет ҰБТ тапсыруға мүмкіндік бар. Қаңтар, наурыз, тамызда ақылы негізде өтеді және оның сертификаты жоғары оқу орнында ақылы негізде оқуға жарайды. Сондай-ақ екі негізгі ҰБТ-ны тапсыруға мүмкіндік берілген. Тіркелу онлайн форматта өтеді, әркім тестілеу тапсыру күнін және уақытын өзі белгілей алады», – деді ол.
Сондай-ақ орталық директоры 2023 жылы негізгі ҰБТ неліктен сәуір және шілде айларында өткізілетінін түсіндірді.
«Жыл сайын негізгі ҰБТ мамыр және маусым айларында өткізіліп келді. Енді оған өзгеріс енгізгелі отырмыз, жобасы дайын. Биылғы жоспарымыз бойынша бірінші мүмкіндікке тіркелуді наурыз айында ашқалы отырмыз. Алғашқы тестілеуді сәуір айында өткізудің бірнеше себебі бар. Біріншіден, мамыр айында мереке көп. Екіншіден, биылғы оқу жылында 31 мамырда өтетін маңызды мереке – соңғы қоңырау бар. Оқушылардың бар ойы соңғы қоңырауды тойлауда болады», – деп түсіндірді Руслан Тохтарұлы.
Жаңа өзгерістерге мектеп оқушылары риза екенін жеткізді. 10-сынып оқушысы Хасен Элифнурдың пікірінше, негізгі тестілеудің сәуір айына ауыстырылуы оқушылар үшін тиімді.
«Бүгінгі Ашық есік күні маған қатты ұнады, СДУ-ға екінші рет келіп отырмын. Қызықты, нақты ақпараттар алдым. Маған ең ұнағаны – негізгі ҰБТ-ның сәуір айына ауыстырылуы. Наурыз және мамыр айларында мерекелер өте көп, іс-шаралар жиі өтеді, сондықтан оқушылардың ойы сол жақта болады. Сәуір айында өткізілуі дұрыс шешім деп есептеймін. Руслан мырзаның айтқан шешімін қолдаймын. Сондай-ақ «Қазақстан тарихы» пәні бойынша 20 сұрақ, ал «Оқу сауаттылығы» бойынша 15 сұрақ болатыны да ұнады. Себебі еліміздің тарихын білу өте маңызды», – деді оқушы.
Ұлттық тестілеу орталығы Ғылым және жоғары білім министрлігіне ұсынған жаңа жобада дистракторлар (жауап нұсқалары) саны өзгертілген. Яғни, бір дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында нұсқалар саны 5-тен 4-ке дейін, бір немесе бірнеше дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында (үш дұрыс жауаптан көп емес) нұсқалар саны 8-ден 6-ға дейін азаяды. Сондай-ақ ҰТО директоры Руслан Емелбаевтың айтуынша, сұрақтар санында да өзгерістер болады. «Оқу сауаттылығы» бойынша 15 сұрақ: 5 сұрақтан 3 мәтін (200-350 сөз) беріледі, ал «Қазақстан тарихы» бойынша 20 сұрақ: бір дұрыс жауапты 10 тапсырма, мән-мәтін негізінде 10 тапсырма беріледі. Естеріңізге сала кетейік, бұл өзгерістер қазір тестілеу орталығы тарапынан жоба ретінде ұсынылған.