Қайырымдылыққа жүйелі көзқарас жыл сайын мыңдаған баланы мүгедектіктен құтқарады – Айдан Сүлейменова
Қайырымдылыққа жүйелі көзқарас жыл сайын мыңдаған баланы мүгедектіктен құтқарады – Айдан Сүлейменова
1,203
оқылды
– Айдан Төлеутайқызы, Сіз 15 жыл бұрын AYALA қайырымдылық қорының негізін қаладыңыз, қордың осы уақыттағы негізгі жетістіктері туралы айтып бересіз бе? – Мен AYALA қайырымдылық қорын тіркеген 2007 жылдың наурызынан бері екі бағытта – нәрестелер мен балалар өлімін және мүгедектігін азайтуда және мектеп-интернаттар мен балалар үйлерін­дегі жасөспірімдерді кәсіби бағдарлау бойынша жұмыста шын мәнінде серпінді жобалар жасалды. Бұл ретте мен әлеумет­тік маңызы бар, бірақ әртүрлі себепке байланысты мемлекеттің назарына іліне бермейтін оқшау проблемаларды шешуде оны алмастыруды емес, оған көмектесуді мақсат етемін. 15 жыл ішінде біз осы игі іс үшін бар­лық істі қатар алып жүрген қарапайым ҮЕҰ-нан Қазақстандағы неонатологияда жалғыз кәсіби сарапшы қор деңгейіне көтерілдік. Біздің жұмысымызда мен тиімді қайырымдылық деп аталатын тәсілді қолданамын. Бұл тәсілдің мәні қарапайым: нәресте өлімі мен мүгедектігі бойынша ашық статистиканы талдау, медициналық мекемелердің жабдықтарға деген қажеттіліктерін талдау, Денсаулық сақтау министрлігімен салыстыру, басым бағытты таңдау, демеушілер алдындағы жобаларды қорғау, құрал-жабдықтарды орнату, дәрігерлер мен медицина қызмет­кер­лерін біздің жабдықпен жұмыс істеуге үйрету, нәтижелерді қадағалау және жобаның қорытындысы бойынша мін­детті есептілік. 2007 жылдан бастап бұл жүздеген мың бала өмірін шетелде емес, біздің елімізде құтқаруға мүмкіндік берді. Неонатолог дәрігерлердің пікірі бойынша, AYALA қоры берген заманауи жабдықтармен жұмыс істеу оларды өсуге және кәсіби ше­берлігін дамытуға ынталандырады. Біз Қазақстан үшін дәрігерлердің жетіс­пеу­шілігі мен олардың үлкен жүктемесі проб­лема­сының қаншалықты өткір тұрғанын бәрі­міз де білеміз. Біздің жобаларымыз оларды кәсіби тұрғыдан шаршаудан қорғап, осы салада қалуына көмек­тесетініне қуаныштымын. – Сіздің қайырымдылығыңыздың басты мақсаты – балалар өлімі мен мүгедектігі көр­­сеткіштерін төмендетуде мемлекетке көмек көрсету екенін атап өттіңіз. Неге сіз дәл осы бағыттарды таңдадыңыз? – Мен мамандығым бойынша дәрігер­мін, бұл қайырымдылық үшін басты бағыт ретінде денсаулық сақтауды таңдауыма себепші болды. Балалар денсаулығын сақтау саласына мамандануға көмек сұрап қорға жүгіну ағымын талдау нәтижесінде келдік. 2007-2008 жылдары бұл балалардың өмірі мен денсаулығын шетелде құтқару үшін қаржылық көмек туралы ата-аналар­дан толассыз жүздеген өтініш түсті. Дәрігерлік практика мені жалғыз дұ­рыс тәсілге үйретті: симптомдарын емдеу емес, себептерін табу және жою. Сон­дық­тан бала өміріне араша болу неге Қазақ­станның өз ішінде мүмкін еместігін іздес­тіре бастадым. Балалар денсаулығын сақ­тау саласының шынайы жағдайын зерделеу реанимациялық бөлімшелерді жарақтандыруда үлкен проблемаларды анықтады. Мен 15 жыл бойы жемісті ын­ты­мақтастықтың арқасында осы жағдайды біртіндеп бірге түзеткен Денсаулық сақтау басқармаларының барлық басшыларына, Денсаулық сақтау министрлігінің басшыларына, Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің басшыларына алғысымды білдіремін. Денсаулық сақтау министрлігімен AYALA қайырымдылық қоры ынтымақ­тастық туралы 3 меморандумға қол қойды: дене салмағы өте төмен шала туған бала­лар­дың өлімін азайту бойынша, босану­дағы ауыр және орташа ауыр асфиксияға байланысты балалардың өлімін азайту бойынша, сондай-ақ шала туған балалар­дың ретинопатиясына байланысты көру қабілеті бойынша мүгедек балалардың санын азайту бойынша. Осы меморандумдардың әрқайсысы бойынша нәресте өлімі көрсеткіштерінде тіркелген нәтижелер бар. «Басқарылатын гипотермия» меморандумы аясында менің қорымнан Қазақстанның 12 Облыстық перинаталдық орталықтарында ауыр асфиксиямен туған 235 баланың өмірі құтқарылды. «Ретинопатия» меморандумы аясында он екі Облыстық перинаталдық орталық бинокулярлық офтальмоскоптар мен үш лазерлік қондырғылар алды. Бұл жабдықтар биыл 1265 жаңа туған нәрестеге диагностика жасап, олардың көру қабі­летін сақтап қалуға көмектесті. Алдағы айларда демеушілердің арқасында біз 3 ретиналды камера мен бір лазерлік қон­дыр­ғыны сатып алып, Ақтөбе мен Семей­дің Облыстық перинаталдық орталық­тарына, сондай-ақ Астанадағы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығына тапсыра­мыз. Бұл жабдықтар алдағы бес жылда мыңдаған сәбидің көру қабілетін сақтап қалуға көмектеседі. – Айтыңызшы, Сіздің қайырымдылық жобаларыңызды іске асыру кезінде мемле­кет серіктес ретінде немесе бақылаушы ретінде әрекет ете ме? – Қазіргі уақытта Денсаулық сақ­тау министрлігі мен Білім және ғылым ми­нистрлігі өте нәтижелі әріптестік пен ынтымақтастықта белсенді жұмыс жүр­гізіп жатыр. Әрине, әрдайым олай болған жоқ. Қайырымдылық ұйымының кәсіби­лігі мемлекеттік биліктің бейінді инсти­туттарымен өзара іс-қимылды қандай деңгейде құруға болатынынан көрінеді. – Қайырымдылық жұмыстарында қан­дай қиындықтар кездеседі? – 15 жыл ішінде қайырымдылықта мен әрбір нақты жағдайда қиындықтарды емес, мүмкіндіктерді көру қағидасын қалыптастырдым. Шала туған сәбилердің ретинопатиясын мысал ретінде алайық. Өткен жылы біз шала туған балалардың көру қабілеті бойынша жаппай мүгедектік себептерін талдай бастадық. Қиындық көп болды. Бірақ біз мүмкіндіктерді көр­дік, оларды басты бағыттарға айналдырдық және 2022 жылы диагностикалық және лазерхирургиялық жабдықтар офталь­молог дәрігерлері бар перинаталдық орталықтарда пайда бола бастады. Үш офтальмолог ота жасай бастады, Денсау­лық сақтау министрлігі деңгейінде рети­но­патияның күрт дамыған түрін инъек­циялық емдеуге арналған клиника­лық хаттама мақұлданды. Мүмкіндік – бұл әрқашан жаңа деңгейге шығу, белгілі шеңберден шығу. Сеніңіз, қайырым­дылық­та да еркін­дік пен шығармашылық өте қажет. – Сіз осындай қысқа мерзім ішінде Қа­зақ­стандағы ретинопатияны диагностикалау мен емдеудегі жағдайды қалай өзгерте алға­ныңызды толығырақ айтып берсеңіз. – Мақсатты көріп, кедергілерді бай­қамай, Денсаулық сақтау министрлігінің, офтальмолог дәрігерлер мен қазақ­стан­дықтардың энергиясын біріктіріп, бала­ларға көмек көрсету үшін бағыттауға тырысу. Қордың барлық қызметкері осы мақсатта жұмыс істеді. Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала денсау­лығын қорғау департаментінің басшысы Мағрипа Хамитқызы Ембергенова тарапынан үлкен қолдау көрсетілді. Медицина ғылымдарының кандидаты, Көз аурулары ҒЗИ офтальмолог дәрігері Әсел Үсенбай­қызы Шәріпова өте құнды үлес қосты. Дәл осы кісінің көпжылдық практикалық білімі, сараптамасы және шала туған нәрестелердің ретинопатиясын емдеудегі бірегей тәжірибесі табыстың негізгі факторына айналды. Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Жандос Қоныс­ұлы Бүркітбаевтың жаңа туған сәбилердің көру қабілеті бойынша мүгедектігі сияқты мәселеге қолдау көрсеткені үшін алғы­сымды білдіремін. Бөтен балалар болмай­ды, мені Денсау­лық сақтау министрлігінің негізгі басшы­ларының бірі бұл өмірлік философияны толық қолдайтыны қуантады. Нәтиже­сінде, тек Семейде биыл жаңа туған нәрестелер арасында көру қабілетінен айырылған бірде-бір бала болған жоқ, оларға дер кезінде диаг­ностика жүргізіліп, қажетті медициналық көмек көрсетілді. Өткен жылы диаг­ностикалық және хирур­гиялық құрал-жабдықтардың жоқтығынан 23 нәресте көру қабілетінен айырылды. Атырауда біздің қондырғыда көз түбі патологиясы бар 136 бала анықталды. Дәрігер­лердің айтуынша, ерте диагнос­тика оларға дер кезінде емделіп, балалар­дың көзін сақтап қалуға мүмкіндік берді. – Қайырымдылықтағы жобаларыңызға қолданған тәсіліңіз тиімді­лігімен ерекше­ленеді, себебі неде? – Бұл корпоративтік басқарудың үздік тәжірибелері мен қайырымдылық ұйымы­ның құндылықтарын табысты біріктірудің нәтижесі деп ойлаймын. Мен ынтасы жоғары, адал және жауапты кәсіпқойлар командасын жинап, өсіре алдым. Көп жылдан бері AYALA қайырымдылық қоры жылдық мақсаттар бойынша жұмыс істеп келеді. Жыл басында стратегиялық сес­сияда қор үшін негізгі мақсаттар қойы­лады, содан кейін әрбір қызметкер оларды өзінің жеке мақсаттарымен қолдайды және олар бойынша есеп береді. Бұл маған басқару назарын шын мәнінде маңызды нәрсеге аударуға мүмкіндік береді. Барлық жобаны біз тек командамен талқылап, шешім қабылдаймыз. Қолдау, ынтымақ­тастық және кәсіби әдеп ахуалы менің қорымда өте жоғары бағаланады. – Сіз алдағы 15 жылда қайырымдылық­пен айналысуды жалғастыруды жоспар­лайсыз ба? – Бұл жұмыспен әрі қарай да айналыса беремін деп ой­лаймын. – Сіз алдағы жылдары қандай жобалар­мен жұмыс істейсіз? – Біз шала туған нәрестелерді ретино­патия бойынша жобаны жалғастырып, оны нысаналы мақсатына жеткізгіміз келеді. Бұл дәрігерлерге нақты диагнос­тикада және көз лазерхирургиясында кө­мектесу үшін Қазақстанның кем деген­де алты Перинатал­дық орталығын рети­нал­ды камералармен жабдықтау. Бұл – Жапония, БАӘ, Еуропалық одақтың жетекші хирургтерінен шеберлік сынып­тарында бірнеше ота жасайтын нео­наталдық офтальмологтарды дайындауға көмектесу. Мұндай қадамдар Қазақстанға шала туған нәрестелердің көру қабілетінен айырылу жағдайларының санын алдағы 5-10 жылда бір-екі жағдаймен шектеуге мүмкіндік береді. Қазақстанда туылғаннан бастап 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалардың саны соңғы бес жылда екі есеге артып, қазір 100 мыңға жақындап қалғаны қатты алаңдатады. Менің азаматтық ұстанымым мен қордың жұмыс тәсілі осы қауіпті жағдайды жақсы жаққа қарай өзгертуге бағытталатын болады. Сондықтан қор коман­дасы балалардың мүгедектігін азайту бойынша жобалар жасауды жоспарлап отыр. – Сізді қайырымдылыққа не шабыт­тандырады, бұл қызмет барынша эмоциялық және рухани ресурстарды қажет етеді емес пе? – Ең басты шабыттандырушы – біздің қор ұсынған жабдықтардың көмегімен дәрігерлер құтқарып қалған балаларын күнде құшақтайтын мыңдаған бақытты отбасы. Менің әріптестерім шабыттан­дырады, елдің зияткерлік әлеуетін сақтау­ға көмектесу шабыттандырады. – Қазақстандықтар қайырымдылық жобаларға қаншалықты белсенді қатысуда? – AYALA қайырымдылық қорының жобалары бойынша өте белсенді деп айта аламын. 2019 жылдан бастап қор бокстар арқылы және Halyk Bank пен Kaspi банктегі қайырымдылық жарналары арқылы жинаған қаражат бірнеше есеге өсті. Біздің толық есеп беруіміз, ашықты­ғымыз, Қазақстандағы балалар өлімі мен мүгедектікті азайту жөніндегі мақсатымыз жүздеген мың отандасымыздан қолдау тауып отырғанына қуаныштымыз. Біздің қамқорлық күшімізді қолдаған баршаңыз­ға шын жүректен алғысымды білдіріп, барлық істеріңізге табыс және мықты денсаулық тілеймін!

Гүлнар ОМАРОВА, Алматы