Органикалық отынның балама көздерін іздеумен қазірден айналысуымыз керек – профессор
Органикалық отынның балама көздерін іздеумен қазірден айналысуымыз керек – профессор
1,055
оқылды
Атом энергетикасы, энергетикалық қауіпсіздік мәселелері елдің экономикалық дамуында негізгі рөлге ие екенін айтады мамандар. Қоғамда елдің болашақ энергетикалық қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін атом электр стансасын салу дұрыс шешім деп қараса, тағы бір топ бұған қарсы. Дегенмен осы сала мамандары энергетикалық тәуелсіздікті қамтудың негізгі жолы АЭС деп есептейді. Осы орайда Семейдегі Шәкәрім университеті Инженерлік-технологиялық факультеті Техникалық физика және жылу энергетикасы кафедрасының қауымдастырылған профессоры Асқар Қасымовпен энергетикалық бағыт жайында пікірлескен едік. Асқар Қасымов жоғары оқу орнында атом энергетикасы саласы бойынша оқу пәндерінен дәріс оқиды. Осы салаға ғылыми-зерттеу жасап жүрген тәжірибелі маман. Оның айтуынша, еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін АЭС құрылысын жүргізу оң әсер бермек.  

Органикалық отындар шексіз емес

– Қоғамда АЭС салу өте күрделі мәселе болып саналады. Бірақ ғылыми тұрғыдан, еліміздің энергетикалық қауіпсіздік мәселесі тұрғысынан қарайтын болсақ, атом электр стансасын салу еліміз үшін оң әсерін тигізеді деп ойлаймын. Еліміздегі, тіпті бүкіл әлемдік энергия шығару үлесін қарайтын болсақ, 60-70 пайыздан астамын ЖЭС құрайды. Оның экологияға кері әсері белгілі. Ал 10-20 пайызы ГЭС-қа тиесілі. Жасыл энергетика әлемде шамамен 10 пайызды құрайды, ал Қазақстанда ол көрсеткіш одан да төмен. Органикалық отын жағатын электр стансаларының экологияға тигізер кері әсерлері белгілі және болашақта ол да азаяды. Сондықтан да органикалық отындардың орнын алмастыру жайлы қазірден бастап ойлануымыз керек. АЭС құрылысын жүргізу мемлекет үшін үлкен шешімдердің бірі десек болады. Біз әлемде уран қоры бойынша екінші орында, оны өндіру бойынша бірінші орында тұрмыз. Сондықтан елімізде бейбіт атомды қолдану өте маңызды деп санаймын, – дейді А.Қасымов. [caption id="attachment_225019" align="alignnone" width="1201"]профессор Семейдегі Шәкәрім университеті Инженерлік-технологиялық факультеті Техникалық физика және жылу энергетикасы кафедрасының қауымдастырылған профессоры Асқар Қасымов[/caption]  

Ядролық қалдықтарды да ресурс ретінде қолдануға болады

Азаматтар АЭС-тің негізгі қаупі қалдықтар мәселесі екенін жиі айтып жүр. Ал зерттеушілер ядролық қалдықтарды да ресурс ретінде қолдануға болатын тәжірибелер бар екенін айтады.
«Қалдық мәселесі өте маңызды. Әсіресе, ел тарихын қарайтын болсақ, Семей полигонының зардаптары әлі ұмытылған жоқ. Біздің университет Семей өңірінде орналасқан, бізде де түрлі көзқарастар бар. Бірақ қазіргі ғылымның дамуы, осы бағытта жүріп жатқан жұмыстар, қаупсіздік шарасы жөнінде қазіргі ядролық реактордың жаңа буыны өте қауіпсіз. Қарапайым тілмен айтсақ, жаңадан салынатын АЭС-терге арнайы барып, бір нәрсені бүлдіремін десе де сырттан келіп тұрған адам ештеңе істей алмайды. Адами фактор кері әсерін тигіземін десе де, сыртынан ұшақ келіп соғылса да төтеп беретіндей етіп салынады. Уран отынына келетін болсақ, оның қоры бізде көп болғанымен, бір күні ол да сарқылады. Әрине, ядролық қалдық мәселесі өте маңызды. Қазақстанның ол жөнінде тәжірибесі бар деуге болады. Қазір оларды екінші рет қолданып, тағы да отын жасауға болатындай зерттеулер жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ ядролық қалдықтарға арнайы ресурс ретінде карайтын елдер бар. Әсіресе, Францияда жақсы дамыған. Мұның барлығы ұйымдастырудың мәселесі. Егер мемлекет тарапынан жұмыстар дұрыс ұйымдастырылатын болса, қоғамның қауіпсіздік мәселесіне кері әсерін тигізбейді деп ойлаймын», – деген пікірін айтты.
 

Ядролық энергетиканың біздің елімізде негізі қаланып қойған

Ядролық энергетика бағытында маман дайындау еліміз үшін таңсық емес. Бұл салада ЖОО-да мамандар дайындалып, ғылыми жобалар жасалып келеді. Тіпті, соңғы кездері бұл бағытты таңдайтын жастар саны да арта бастаған.
«Білім ордамызға оқуға түсетін студенттер арнайылап осы мамандықты таңдап келеді. Біз техникалық физика деген білім беру бағдарламасы бойынша сабақ береміз. Оның ішінде әртүрлі бағыттарға бөлеміз. Байқасам, ядролық энергетика саласын таңдайтын студенттер көбейіп келеді. Өйткені жастар осы саланың перспективасын көріп отыр. Бұл салада маманданған олар ядролық энергетика, ядролық технологияларда тәжірибе жинап, тек энергетика ғана емес, түрлі салаларда жұмыс істей алады. Семейдегі «Ядролық медицина және онкология орталығы» серіктестеріміздің бірі. Олар ядролық технологияларды онкологиялық ауруларды емдеуде қолданады. Бұл сала елімізде жақсы дамып келеді. Сондықтан осы мамандықтарға қызығушылық өте көп», – деді ол.
 

Ядролық реакторлар және энергетикалық қондырғылар мамандары бізде бар

Елімізде АЭС құрылысын жүргізу тақырыбы көтерілгелі қоғам тарапынан айтылатын наразылықтың бірі маман тапшылығы. Алайда бұл бағытта маман-кадрлар дайындап жүрген профессор алаңдауға негіз жок екенін айтады.
«Халықтың кейбір бөлігі бізде бұл салада мүлдем тәжірибе жоқ деп олайды. Бірақ негізінен, осы салада Алматының, Астананың үлкен университеттері ғана емес, сонымен қатар Шәкәрім университетінде бұрыннан «Ұлттық ядролық орталық» үшін кадрлар даярлап келе жатырмыз. Оны өздері де растайтын шығар. Бізде «Ядролық реакторлар және энергетикалық қондырғылар» деген мамандану бар. Сол бойынша түлектеріміз бакалавр, магистр, докторлық бағдарламаны игеріп, саланы да меңгеріп, диссертация жазып, сәтті қорғап шығып жатыр. Егер елімізде АЭС салынатын болса, ол енді біркүндік меселе емес, ұзақмерзімді жұмыс. Қазір  қандай технологияны аламыз, қандай елдің технологиясына жүгінеміз деген сұрақтар қаралып, зерттеліп, зерделеніп жатыр. Жалпы, АЭС құрылысын жүргізу он жылдай уақыт алуы мүмкін. Ол кезеңде мамандар да қалыптасып үлгереді. Ал нақты технологиялар белгілі болған кезде, біздер сол бағытта мамандарды дайындап шығара аламыз. Жалпы, бұл саланың негізгі принциптері бізде қалыптасқан, сондықтан мүлде жоқ деуге келмейді. Осы салада жұмыс істейтін кадрлардың критикалық массасы қалыптасқан деуге болады. Жұмыстар арнайы құрал-жабдық, технология, біліктілікті жоғарылату шеңберінде жүргізілсе дейміз. АЭС салу жұмысы басталған кезде мамандықты таңдайтындар одан да көбейетін сияқты», – деп түсіндірді А.Қасымов.
 

Ғылымның жаңа беттері ашылады

Өз елімізде салынып тұрған, жұмыс істеп жатқан станса болса осы салада ғылымның дамуына үлкен мүмкіншілік береді. Күнделікті өмірде энергияны қолдану артқан дәуірде, оны өндіруде де басымдықтар болуы керек, – деп есептейді Асқар Бағдатұлы.
«Қазір  энергетикалық қауіпсіздік деген өте маңызды мәселе. Адамның күнделікті тұрмысы энергияны қолданумен тығыз байланысты. Үйде, өндірісте қолданылатын құрылғылар бар. Еліміздің экономикасы өсе келе, біздің электр энергиясын қолдануымыз да өте үлкен қарқынмен өсіп жатыр. Болашақта энергетикалық қауіпсіздігімізді қамтамасыз ету үшін қазір ойлануымыз керек. Қазірден бастап станса салып, жұмыс атқарсақ, болашағымыздың энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз», – деп түйіндеді Асқар Қасымов.