Қыс қыр астында: Халық тезек пен қарағай теріп кетті
Қыс қыр астында: Халық тезек пен қарағай теріп кетті
2,693
оқылды
Қыс келсе, халық тұрғын үйін жылыту қамына кірісетіні белгілі. Жамбыл облысындағы елді мекен­дердің жартысына жуығының кө­гілдір отынға қолы жетпей отырғанын ескерсек, бұқара биыл тағы қатты отын іздеп табанынан таусылатыны анық. Ал көмір бағасы күн санап шарықтаса, сексеуіл кесуге мора­торий шектеу қойып отыр. Мұндайда енді қайтпек керек? Көмір бағасы көк тіреді Ең әуелі көмір бағасына келсек, қазір Тараз қаласында тоннасы 14-17 мың теңге аралығында бағалануда. Алайда шалғай ауылдарда алыпсатарлардың кесірінен құны шарықтап, 25-30 мың теңгеге дейін жетуде. Жамбыл облысының картасында жалпағынан жатқан Мойынқұм ауданында 24 елді мекен болса, бүгінде олардың бірде-біреуіне көгілдір отын кірмеген. Сексеуіл отыны ауылдың шетінде өсіп тұрғанымен мораторийге байланысты халық оны кесе алмай отыр. Сондықтан күні көмірге қарау­да.
– Негізі, көмір бағасы тоннасына 18-20 мыңнан басталады. Алайда күн суытқан сайын құны шарықтап, 30 мың теңгеге дейін жетіп жатады. Алыпсатарлар жол шығынын алға тартып, көмірдің бағасын осылай ұсынып тұрғаннан кейін амал жоқ аласың. Бірақ барлық көмір бірдей жақсы болып шықпайды. Таңдап алмасаң, жанбай құр бықсып жататын көмірге ұрынып, бармақ тістеуің мүмкін. Сондықтан көмірді білетін жерден алуға тырысамыз. Ал сексеуіл отыны үй артында өсіп тұрса да оны кесуге рұқсат жоқ. Содан тезек пен көмірді араластырып жағып, қыстан шығу үшін үнемдеуге көшудеміз, – дейді Мойынқұм ауылының тұрғыны Бауырлан Нұрділда.
Мұндай жағдайды Мойынқұм ғана емес, Сарысу ауданы да бастан өткеруде. Мұнда 25 ауылдың бесеуіне ғана газ кірген. Қалған ауылдар көгілдір отынға қол жет­кізу үшін екі жыл қажет. Сарысулықтардың айтуынша, шалғай Шығынақ, Қамқалы және Жайлаукөл ауыл тұрғындарының былтырғы қыста көрген күндері күн бол­мапты. Жол жаман болғандықтан, алып­сатарлардың өзі елді мекендерге жете алмай, халық қарағай мен тезек жағып күнелтулеріне тура келген. Сондықтан бұқара биліктен сексеуіл шабуға рұқсат беруін сұрауда. Жалпы, облыста көмір сатумен 31 нарық субъектісі айналысады. Оның 25-і – өңірлік операторлар. Алайда алып­сатар­лардың саны бұлардан асып жығы­лады. Мұны сала мамандары да мойындап отыр.
 – Жыл басында жүргізілген талдау нәтижелері теміржол тұйықтарынан көмір сатып алып, оны үстеме бағамен сататын делдалдар барын растады. Олардың дені көмірді ауылдарға шығарып, қаппен сатуда. Сондай-ақ 20-ға жуық ұсақ көмір сатушылар анықталып отыр. Бұлар да көмірді халыққа қаппен өткізуде. Бағаны барынша бақылып отырғанымызбен алыпсатарлар көмір құнын көтіріп жіберетіндігі жасырын емес. Бірақ бұл бағытта қолдан келген жұмыс­тарды жүргізудеміз, – дейді Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Дамир Тұнғатов.
Мораторий бітті деп дәмеленбеңіз Көмірдің жайы – осы. Ал енді сексеуіл отынына келетін болсақ, 2013 жылдан бастап сексеуіл кесуге мемлекет мораторий жариялады. Бесжылдыққа белгіленген шектеу шаралары 2018 жылы алынып тасталады деп көпшілік үміттенгенімен, мораторийдің мерзімі кейіннен 2023 жылға дейін тағы ұзартылды. Енді келер жылдың қаңтарынан сексеуіл кесуге мүмкіндік бе­рі­леді деген үміт оты жанғанымен, маман­дар оны су сепкендей басып отыр.
– Негізі, мораторий 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін күшінде болады. Сондықтан 2023 жыл бастала салып, сексеуіл кесеміз деген ой болмасын. Десе де, алдағы қыста жылдағыдай бір отбасы 4 текше метр шірік сексеуіл отынына өтінім беріп алуына болады. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің Мойынқұм ауданына барған жұмыс сапары кезінде халық шірік сексеуіл бағасының қымбаттығын айтып, төмен­детуді өтінген еді. Осыны ескеріп, биыл 1 текше мерт сексеуіл бағасын 3 478 теңгеге түсіріп отырмыз. Өтінім берген азаматтар шірік сексеуілді өз көліктерімен жинап алып кетуіне болады. Алайда бір орманшы қастарында міндетті түрде жүреді, – дейді Табиғи ресурстар және табиғат пайда­лану­ды реттеу басқармасы­ның орман шаруа­шылығы және жануарлар дүниесін қорғау бөлімінің бас маманы Гүлмира Жабагиева.
[caption id="attachment_227459" align="aligncenter" width="1408"]қысқа дайындық © коллаж: Еркебұлан Дүйсеболатов[/caption] Мамандардың сөзіне сүйенсек, тоғыз жылдық мораторий кезінде заңсыз сексеуіл кесушілердің саны айтарлықтай азайыпты. Бұрын орман шаруашылығы мекемелерінің қоймаларында заңсыз сексеуіл кесушілер­ден тәркіленген отындар үйіліп жататын болса, бүгінде онда бір тал шыбық жоқ. Сондықтан орманшылар биыл жылдағыдай қоймадан отынды халыққа жеткізіп бере алмайтындықтарын ашып айтуда. Алайда Мойынқұм ауданының әкімі Әлихан Балқыбеков аз қамтылған отбасыларға тегін сексеуіл жеткізіп беру жағы жергілікті билік тарапынан қарастырылатынына уәде етуде. Бұқараның базынасы не дейді? Байқап тұрсаңыздар, биыл қыста жаппай сексеуіл шабамыз деп дәмеленбей-ақ қойса болады. Тек теңгесін төлеп, шірік отын жинауға рұқсат. Осы орайда мора­торий­лік тоғыз қысты қалай өткергенін тұрғындардың өзінен сұраған едік.
– Пандемия кезіндегі соңғы екі қыс ауылдағы ағайынға қиын соқты. Сексеуіл кесуге рұқсат берілмегеннен кейін тезек теріп, қарағай жинап кеттік. Көмір бағасы күн санап қымбаттағаннан оны көпшіліктің қалтасы көтермеді. Ал халықтың шағы­мынан кейін жергілікті билік шірік отын­мен тұрғындарды қамтиды дегенді естіген ел «маған бірінші әкелсін» деп қырық­пышақ болды. Содан не керек, ел­мен таласып жүріп отын алғандай болдық. Биыл да сол күнді бастан кешірмес үшін жаз бойы жыңғыл жинап, көмірді де арзан кезінде алып қойдым. Бірақ бұлай істеуге екінің-бірінің мүмкіндігі жетті деп ойламаймын. Себебі көршілерімнің арасында «көмір алу керек» деп зыр жүгіріп жүргендері көп. Оған қоса, біраз халық биылғы қыста мораторий аяқталып, сексеуіл кесуге рұқсат беріледі деп үміт­теніп қалғаны рас. Алайда ондай рұқсатты тағы бір жыл күтуіміз керек екенін жуырда естідік. Амал жоқ, елмен бірге биылғы қысты да өткереміз, – дейді Мойынқұм ауылының тұрғыны Ерлан Құдабаев.
Аудан орталығынан 270 шақырым қашықтықта орналасқан Мыңарал ауылы­ның тұрғындары болса, мораторий жария­лан­ғаннан бері баялыш теріп кеткен екен.
– Біз жақта жыңғыл сияқты ағаштар өспейді. Сондықтан күз айы басталған бойда барлығымыз баялыш теріп кетеміз. Себебі одан басқа жағатын отын жоқ. Одан бөлек, тезек жинап, соны майлық ретінде қолданамыз. Ал көмірдің бағасы қыс айларында 20-25 мың теңгеге дейін қымбаттайды. Бір қыстан шығу үшін шамамен жеті тонна көмір қажет болса, бұл дегеніңіз – 200 мың теңгеге жуық ақша. Балқаш көлінің балығымен ғана күнелтіп отырған ауыл тұрғындары үшін бұл үлкен сома. Сондықтан билік сексеуілдің шірігін тегін жинауға рұқсат берсе, халық үшін үлкен қолдау болар еді, – дейді Қуат Ембергенов.
  P.S.

Бұқараның базынасы орынсыз дей ал­май­сың. Коронавирус індеті арагідік өз сал­қынын сездіріп жатқанын ескерсек, қыс айына халықтың алаңдауы орынды. Көңілге бір ғана жұбаныш – биыл сексеуіл бағасының құны арзандапты. Алайда 4 текше мерт сек­сеуіл­мен бір отбасы қыстан қысылмай шыға ал­майтыны анық. Сондықтан жауапты ма­мандар күн санап өскен көмір бағасын бақылауына алса, бұқара үшін үлкен демеу болары хақ. Ең бастысы, алыпсатарлардың жолын кессе, баға да байлауға көнетіні дау­сыз. Осыны құзырлы органдар жіті қада­ғалай­ды деп сенеміз.

Жамбыл облысы