Жамбылполитехқа тағы жарылғыш зат қойылды
Жамбылполитехқа тағы жарылғыш зат қойылды
483
оқылды
Тараз бүгін тағы шулады. Екінші күн қатарынан Жамбыл политехникалық жоғары колледжіне жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлама келіп түсуде. Оқу орнының Telegram-дағы ресми парақшасына келген анонимді хат мәтінінде білім ордасының Төле би даңғылы мен Домалақ ана көшесінің бойындағы ғимараттарына бомба қойылғаны  жазылған.
Оқиға орнына Полиция департаментінің жеке құрамы,  саперлер, кинологтер, ТЖД қызметі мен дәрігерлер жедел жеткен. 1 700 студент пен  колледж қызметкерлері жедел эвакуацияланған. Алайда колледждің  Домалақ ана көшесіндегі корпусынан жарылғыш зат табылмады. Ал оқу орнының Төле би көшесі бойындағы ғимаратын саперлер тексеруде. Полиция қызметкерлері «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Осылайша, белгісіз қаскөй екі күн бойы тәртіп сақшылары мен оқу орнының мазасын қашыруда. Бұлай істеу кімге керек болғаны белгісіз. Және құзырлы органдар жалған ақпарат таратушыны әлі таба алмай жатқаны да түсініксіз. Бәлкім, құпия операция жүргізіліп жатқан шығар. Әйтеуір арнайы құрылымдар бұзақыны жақын арада табады деп сенеміз. Әйтпесе күн сайын адамдарды эвакуациялап, үреймен жүру ешкімге оңай соқпайды.