Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келген «AMANAT» партиясы республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Азамат Біржанов Шу мен Мойынқұм аудандарында қоғамдық қабылдаулар өткізіп, бұқараның өтініш-тілегін тыңдады. Партия өкілі ең әуелі Шу ауданындағы Д.Қонаев ауылына ат басын бұрып, халықпен кездесті.
Д.Қонаев ауылында ағын су мәселесі байырдан өзекті болып келеді екен. Негізгі тірлігі егін шаруашылығымен байланысты елді мекен тұрғындары Азамат Біржановтан көкейлерінде жүрген түйткілдің түйінін тарқатуға ықпал етуін сұранды. Сондай-ақ өлкеде теміржол өткелінің жоқтығы да жанға батып тұр екен. Мұны тұрғындар неше жылдан бері көтеріп келсе де, бір шешімін таппапты.
– Д.Қонаев ауылы – аудан орталығына жақын орналасқан мекен. Сондықтан күнделікті тірлігіміз орталықпен тікелей байланысты. Ауыл маңындағы теміржолмен минут сайын жолаушылар мен жүк пойыздары қатынайтындықтан өтіп кеткенін сағаттап күтіп тұрамыз. Соның салдарынан жұмысқа кешігіп барамыз, – дейді ауыл тұрғыны Сәрсенбек Бақтияров.
Тұрғын өтінішін мұқият тыңдаған «AMANAT» партиясы республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары аталған мәселені республикалық деңгейде шешуге күш салатындықтарын айтты.
– «AMANAT» партиясының атқарып жатқан жұмысы ауқымды. Өңірлерді аралап тұрғындар мәселесін тыңдап ғана қоймай, оның тиімді шешілуіне ықпал етудеміз. Шу ауданы Д.Қонаев ауылы тұрғының теміржол өткеліне қатысты көтеріп отырған мәселесі орынды. Біз мұны тиісті органдарға жеткізіп, қолдан келген көмегімізді көрсетеміз, – деді Азамат Біржанов.
Партия өкілі келесі кезекте Мойынқұм ауданына қарасты Жамбыл ауылы тұрғындарының өтініш-тілегіне құлақ түрді. Қоғамдық қабылдауға келген көпшілік көкейлерінде жүрген сауалдарына тұшымды жауап алып, өз ризашылықтарын білдірді.
– Жас келген соң белің ауырып, балтырың сыздап, дәрігерге баруың да жиілейді екен. Зейнетақымыз бәріне бірдей жете бермейтіндіктен, портал арқылы тегін ем-дом қабылдау жолын білсем деп жүр едім. Бүгін, міне Астанадан келген партия өкілі мен оның қасындағы азаматтардан қажетті ақпарат алдым. Оған қоса ауыл маңындағы каналдың жайын да билік өкілдеріне жеткізуге мүмкіндік туды, – дейді Жамбыл ауылының тұрғыны Медетбай Бағдатов.
Жалпы, қоғамдық қабылдаудың ең басты мақсаты – өтініш-тілекпен келген азаматтармен тікелей тілдесіп, олардың мұң-мұқтажы мен толғандырған мәселелерін зерделеу. Сонымен қатар түпкілікті шешімін табуға жәрдем көрсету. Партияның қоғамдық қабылдаулары осы сенім үдесінен шығып жатқаны анық.