«AMANAT»: Жамбылда 143,7 мың гектар жер ауыл тұрғындарының игілігіне қайтарылды
«AMANAT»: Жамбылда 143,7 мың гектар жер ауыл тұрғындарының игілігіне қайтарылды
596
оқылды
«AMANAT» – мемлекеттің мүддесін қорғайтын және елдің дамуы үшін тарихи жауапкершілікті өз мойнына алған партия. Бүгінгі күні мемлекет мүддесіне адал және қоғам игілігі үшін қалтқысыз қызмет етіп жүрген партияның халықтың алдында жауапкершілігі мол. Мәселен, партия Жамбыл облыстық филиалында 11 филиал мен 266 бастауыш партия ұйымдары Президенттің мемлекеттік бағытын және оның бастамасымен қолға алынған қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асыру бағытында жұмыс істеп келеді. Бүгінгі күні облыстық филиалда халықпен кері байланыс жасау құралдарының тиімділігі артып, аймақтық, аумақтық қоғамдық кеңестердің құрамдары толық сараланған. Сондай-ақ, кеңестерде қаралатын мәселелерді қоғам талқысына сала отырып, ашық өткізу тәжірибесі қолға алынған. Облыстық филиалдың атқарушы хатшысы Дауыл Бейсенқұловтың айтуынша, биыл 10 айында өңірлік деңгейде 64 қоғамдық кеңестің 192 отырысы өтіп, 342 мәселе қаралған. Ол жиындарда партия Сайлауалды бағдарамасын жүзеге асыру мақсатындағы Жол картасының орындалу барысы, әлеуметтік желілердегі және қоғамдағы өзекті  мәселелер жан-жақты қаралып, жергілікті атқарушы органдарға 1578 ұсыныстар берілген. Партияның бүгінгі таңдағы жұмыстарының маңызды және аса жауапты бағытының бірі – қоғамдық қабылдау қызметі екені белгілі. Бұл орайда, облыстық филиалдың қоғамдық қабылдау жұмысы проактивті қызмет көрсету форматына ауысқан. Биыл 10 ай ішінде партияның облыстық және аумақтық филиалдарына 3524 өтініш түсіп, оның 55%-ы оң шешімін тауыпты. – Жасыратыны жоқ, мәселесі шешілмеген өңір тұрғындары партияның қоғамдық қабылдауларына келіп, базыналарын жеткізіп жатады. Осы орайда, байқағанымыз өңір тұрғындарын негізінен әлеуметтік мәселелер, тұрғын үймен қамтамасыз ету және жер телімдеріне қатысты сұрақтар толғандырады екен. Айта кетерлік жайт, партия өз электоратынан алшақтамау үшін азаматтарды қабылдауды заманауи байланыс құралдары арқылы жүзеге асыруға баса ден қоюда. Бір сөзбен айтқанда, халықпен, сайлаушылармен жүйелі кері байланыс – партия жұмысын жаңғыртудың негізгі басымдықтарының бірі. «AMANAT» партиясы наурыздан бастап ауылдар мәселелерін көтеріп,  толыққанды жұмысын бастап кетті. Оған «Жер Аманаты», «Ауыл Аманаты» және «Мобильді қоғамдық қабылдау» партиялық жобаларымыз дәлел. Партиямыздың Қоғамдық қабылдаулары шалғай жатқан ауылдардың азаматтарымен кездесіп,  мәселелерін көтеріп мобильді қоғамдық қабылдауларды өткізіп жатыр. Нақтырақ айтқанда, есепті мерзімде 121 ауылдық округтердегі 292 елді мекенде көшпелі қабылдаулары өтті. Қабылдау барысында 4020 азаматтың мәселесі тыңдалып, 2133 өтініштер түсті. Партия филиалдары тарапынан халықпен «кері байланыс» орнатылып, барлық арыз-шағымдар егжей-тегжейлі қаралып,  әрбір өтініш иесіне қысқа мерзімде жауаптар берілуде, – дейді Дауыл Ынтықбайұлы. Биыл партия тарапынан халықты толғандыратын ең маңызды және өзекті мәселелерді талқылап, оның шешілуі ықпал етуге арналған «Талқылау» диалог алаңы қолға алынғаны белгілі. Бүгінгі күнге дейін «Жастар арасындағы жұмыссыздық», «Мал жайылымдық жерлері», ҚР Президентінің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауынан туындайтын міндеттер, «Сайлау – 2022: жаңа қоғам» тақырыптары талқыланды. Бастысы, қазіргі таңда «Талқылау» диалог  алаңы – қоғамдық пікір көшбасшылары мен үкіметтік емес ұйым белсенділерінің пайымды пікірлері мен ұтымды ұсыныстары ашық талқылау алаңына айналды. Бүгінгі күннің басты талаптарының бірі бәсекеге қабілетті болу. Бұл орайда, партия қатарына белсенді азаматтарды тарту мақсатында ішінара сайлау өткізіп, бәсекеге қабілетті азаматтарды іріктеуден өткізуді бастап кеткен. Яғни, өткен Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауында ішкіпартиялық сайлау үлгісі алғаш рет сынақтан өткізіп көрді. Нәтижесінде, праймериз кезінде партияға белсенді адамдар келді, бәсеке пайда болды. – Праймериз ел дамуына үлес қосқысы келетін білікті мамандар үшін әлеуметтік лифтіге айналды. Өткен жылы Қазақстанда алғаш рет ауыл әкімдерін тікелей сайлау енгізілді. Бұл партияны жергілікті жерлерде белсендірек жұмыс істеуге итермеледі. Бүгінгі таңда республика бойынша мыңнан астам, облысымызда 85 ауылдық округтің әкімдері тікелей сайланды. Олардың 76-сы біздің партиямыздың мүшелері. Біздің партия сайлаушылармен жұмыс істей білетін заманауи саясаткерлер мен халық үшін жұмыс жасайтын кадрлардың ұстаханасына айналуы керек. Қазіргі таңда осы бағытта да жұмыс жүрізудеміз. Жыл басынан, партия Саяси менеджмент академиясының ұйымдастыруымен 6 семинар-тренинг өткізілді. Аталған семинар тренингтерге, партия облыстық және аумақтық филиал қызметкерлері, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары,  ауылдық округ әкімдері қатысты. Осылайша партияластар біліктіліктерін арттырды, – дейді «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының атқарушы хатшысы Дауыл Бейсенқұлов. Партия облыстық филиалы облыстың қоғамдық-саяси өміріне араласып, қоғамдағы маңызды оқиғалардың ортасынан табылып келеді. Мәселен, шындықтың жебесіне айналған Шерхан Мұртазаның 90 жылдық, Д.Қонаевтың 110, «Ақ жол» газетінің 100, Асанбай Асқаровтың 100 жылдық мерейтойларын өткізуге атсалысқан. Сонымен қатар партиялық жобалары да қоғамды ұйыстырудың негізгі құралдары ретінде табылып, жоғары деңгейде ұйымдастырылуда. Атап айтқанда, «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында 820 ардагерлер мен қарт адамдарға қайырымдылық көмектер көрсетілген. Оның ішінде, Ұлы Отан соғысы, тыл еңбеккерлері мен еңбек ардагерлеріне, жалғызілікті қарттарға медициналық көмектер көрсетілді, жастар рухының мүшелері үй шаруашылығына көмектескенін айтпай кетпеске болмас. Бұдан өзге «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында 2000-ға жуық іс-шара өткізсе, «Бақытты отбасы» жобасы аясында бірқатар мәселелердің оңтайлы шешілуіне атсалысқан. Бүгінгі күні ауыл әкімдеріне де үлкен жауапкершілік жүгі артылған. Бұл мақсатта «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы аймақтағы 154 ауылдық округ әкімдерін оқытты. – Қазіргі таңдағы заман талабына сай ауыл әкімдеріне үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Есесіне, халық сенімін ақтау үшін тәжірибеден бөлек, білім мен біліктілік те қажет. Сондықтан партияның Саяси менеджмент академиясы «Табыстарды көбейту мақсатында халықтың экономикалық белсенділігінің өсуі саласында басшының құзыреттілігін арттыру» тақырыбында оқытты. Ауыл әкімдері оқу барысында маркетингтік талдау жүргізуді, ауыл экономикасын дамыту үшін перспективалы бағыттарды анықтауды, ауылдың мамандануын анықтауды үйренеді. Бұдан өзге ауыл әкімдері ауылда әлеуетті табысты бизнес-жобаларды іске асырудың практикалық дағдыларын меңгерді, – дейді Дауыл Ынтықбайұлы. Жоғарыда атап өткеніміздей партия ауылға баса көңіл бөлуде. Мәселен, «Жер аманаты» жобасы аясында облыстық филиалдың бастамасымен өңірде пайдаланусыз жатқан 143,7 мың гектар жер ауыл тұрғындарының игілігіне қайтарылған. – Өңірімізде «Жер Аманаты» комиссиясы өз жұмысын Байзақ ауданынан бастаған болатын. Байзақ ауданы, Түймекент ауылының тұрғындарымен кездесуге Партия хатшысы Эльдар Жұмағазиев қатысты. Кездесу барысындағы келіссөздер  нәтижесінде партияның бастамасымен Түймекент ауылдық округі әкімі аппараты мен «Достық-99» шаруа қожалығы арасында бос жерлеріне мал жайылымға рұқсат алу туралы меморандум жасалды. Сонымен бірге, ауылда 801,3 гектар босалқы жердің картасы әзірленіп, бекітілді. Зерделеу жұмыстары барысында аталмыш комиссия өзінің жұмысын Жуалы, Қордай және Сарысу ауданы тұрғындарымен кездесумен жалғастырды.  Кездесуде тұрғындардың уәждері тыңдалып, жайылымдық жерлердің көлемін ұлғайту бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда, – дейді Д.Бейсенқұлов. Ағымдағы жылдың сәуір айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасы» бекітілгені белгілі. Ауыл тұрғындарының жылдық мөлшерлемесі 2,5%-ды құрайтын жеңілдетілген несие алуына, кооператив құру және техниканы лизингке ресімдеу кезінде көмек алуына мүмкіндік пайда болды. Осы бағдарлама аясында партия Үкіметпен бірлесіп «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруда. Аталған жоба аясында 2022 жылдың 20-25 тамыз аралығында өңірімізде ауқымды ақпараттық марафон өтті. Ақпараттық топтың басты мақсаты – ауыл тұрғындарына табысын, әл-ауқатты мен өмір сүру сапасын арттыруға көмектесу. Ақпараттық топ өңіріміздің 20 ауылын қамтып, 2000-нан аса тұрғынмен кездесті. Кездесулер барысында ақпараттық топ мүшелері ауыл тұрғындарына 2,5%-бен несие алудың жолдарын түсіндіріп, кооператив құрудың маңыздылығын айтты. Өздеріңізге белгілі, бұл жоба Жамбыл облысында 2019 жылдан бастап пилоттық жоба ретінде басталған болатын. Өзінің тиімділігін делелдеген бастама еліміздің барлық облыстарында жүзеге асырылатын болады. Яғни, Жамбыл облысының тәжірибесі өзге өңірлерге де үлгі, – дейді Д.Бейсенқұлов. Сонымен қатар, партияның Сайлауалды бағдарламасы аясындағы түрлі әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысын бақылау мақсатында партия филиалдары тарапынан облыс бойынша жалпы саны 40 партиялық бақылау бекеттері құрылған. Бүгінгі таңда аталған партиялық бекеттердің ішінде 9-і пайдалануға беріліп, қалған 21 партиялық бақылау бекеттері партия филиалдырының бақылауында көрінеді. Сондай-ақ, түрлі мемлекеттік бағдарламалардың өңірде жүргізіліп жатқан құрылыс нысандарының уақытылы және мерзімде пайдалануға берілуін бақылау мақсатында бүгінгі таңда облыс бойынша 156 рейд, 70 рет кездесулер өткізілген. Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Олардың мәселесі партия облыстық филиалының жіті назарында. «Жастар рухы» жастар қанатының жұмысын жетілдіру аясында ауқымды міндеттер белгіленген. – Жас депутаттар қызметін жандандыру, «Біз біргеміз» және «Волонтер мектебі» ұйымдары желісін кеңейту, ауыл жастарының әлеуетін дамытуға бағытталған «Өрлеу»,   отансүйгіштікке баулитын жаңа «Қайсар» әскери-патриоттық жобасы және  креативті жас партия мүшелерінің әлеуетін іске асыруға мүмкіндік беретін «Партияның контент-фабрикасы» жобалары іске қосылды. Бүгінде «рухтастардың» сапында 7 мыңға жуық мүше бар. Облыстағы 2 жоғары оқу орны мен 34 колледжде,  ірі кәсіпорындарда бөлімшелері тұрақты қызмет атқаруда, – деген Дауыл Ынтықбайұлы жастар қанатымен жыл бойы «English for Jastar», «Дүйсенбілік футбол», «Еріктілер мектебі», «Ауыл береке» базарында орналасқан «Кеңес беру» алаңы, «Дәрігерлерге мың алғыс» атты жобалар мен акциялар іске асып келе жатқанын жеткізді. P.S. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әділетті Қазақстанды құру идеясын ұсынып отыр. Сондықтан партия да Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын нақты ұстанады. Әрі партияның алдағы мақсаты – азаматтардың құқықтары мен мүдделері қорғалатын, ал адал еңбек пен білім әр адамға өз жоспарларын жүзеге асыруға және жетістікке жетуге мүмкіндік беретін демократиялық, әділетті және өркендеген мемлекет құру. Бұл орайда, «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының да атқарып отырған жұмысы орасан. Жауапты кезеңдерде әулиеаталық филиал ел сенімін ақтады.

Жамбыл облысы