Жамбылдықтар жаңа жылды дауылмен қарсы алды
Жамбылдықтар жаңа жылды дауылмен қарсы алды
686
оқылды
Жамбылдықтар жаңа жылды алай-дүлей соққан дауылмен қарсы алды. Табиғат көрсеткен тосын мінезден Тараз қаласымен қатар, бірнеше аудан тұрғындары да зардап шекті. Қатты соққан желдің салдарынан халық жарықсыз қалып, үлкен тасжолдарда көлік қозғалысы тоқтатылды. Қар құрсауында қалған жүздеген адам құтқарылды. Ең әуелі Тараз қаласына тоқталсақ, Құмшағал мен Көлтоған ауылдарына шығатын Пригородныйда жарық апаттық жағдайда өшкен. Сондай-ақ қатты жел салдарынан «Зеленый ковер» алқабы аумағындағы 628-ші трансформатор торабы істен шығыпты. Жалпы, желден қаладағы 8 билборд пен «Көне Тараз» кешеніндегі баннерлер және Тұңғыш Президент саябағындағы мемлекеттік Ту жыртылған. Бұған қоса, бірқатар ықшамаудандағы тұрғын үйлер жарықсыз қалған. Әйтеуір, абырой болғанда адамдар дін аман. Қаладағы ахуал тез арада оңалар, ал аудандардағы жағдай тіптен қиын. Сарысу ауданы Жаңатас қаласында желдің екпіні 30 м/с дейін жеткен. Нәтижесінде, моноқаладағы 20 электр бағаны құлап қалған. Желдің жылдамдығы бағандарды қайта қалпына келтіруге мүмкіндік бермей, «Жаңа­тасСуЖылу» мекемесінің жеке генераторларының айналым-сорғыларының жұмысы үшін қуаты жетпеген. Бұдан бөлек, «Шахан» қосалқы стансасында қондырғылардың салқындауы болып, жылумен жабдықтау жүйесінен суды ағызуға тура келген. Жергілікті биліктің ұйымдастыруымен үш мектепте жылыту пункттері дайындалып, халық ыстық тамақпен қамтылған. Осылайша, Сарысу ауданы әкімінің өкімімен елді мекен аумағында төтенше жағдай жарияланған. Дауылдың салдарынан «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолы жабылып, қар құрсауында қалған жолаушыларды құтқаруға арнайы техника мен мамандар жұмылдырылған. Нәтижесінде, 60-қа жуық көліктен 300-ге тарта адам қауіпсіз жерге жеткізілген. Оның 65-і балалар. Жолда қалған 21 адам тәртіп сақшыларының қадағалауымен Шымкент қаласына жөнелтілсе, 95 адам Тараз қаласы бағытына пойызбен жіберелген. Сондай-ақ 108 жолаушы Түркістан облысына теміржол арқылы жеткізілген. Осындай қиын жағдайдан кейін Жамбыл облысы әкімдігі тұрғындарды жолға шықпауға шақырды. Ал осы кезде Сарысу ауданында 45 адам ауруханаға түсті. Алайда олардың арасында аса ауыр жағдайдағы науқастар жоқ. Ауруханаға арнайы генератор арқылы электр энергиясы беріліп, бөлмелерге жылыту құрылғылары орнатылған. Электр жарығын қалпына келтіру үшін Тараз қаласынан 10 бригада келеді деп күтілуде. Себебі жергілікті мамандардың ақауларды қалпына келтіруге күші жетпей отыр. Талас ауданы Қаратау қаласы бойынша да қайта қалпына келтіру жұмыстары басталды. Қазір желден қатты зардап шеккен 8 көпқабатты үй мен әкімдік ғимаратының шатырын жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ электр желілерін қайта іске қосу үшін 7 техника мен 21 адамнан құрылған 4 бригада жұмылдырылған. Моноқала тұрғындарының жылу көзі саналатын «Игілік» орталықтандырылған қазандығы да қайта қалпына келтіріліп, Қаратау қаласының ішкі көшелері құлаған тал мен бұтақтарынан тазартылуда. Ауа райының нашарлауына байланысты «Қордай асуынының айналма жолының» 159-238 шақырымында автокөліктің барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылды. Ал Сарысу ауданында бір түнде түскен қардың биікті 21 сантиметрге жетіп, 48 көшені қардан тазалау жұмыстары жүргізілуде. 4 жедел жәрдем көлігі тәуліктік кезекшілікке қойылған. Дауылдан ең көп зардап шеккен Жаңатас қаласына кеше облыс әкімі Нұржан Нұржігітов те арнайы барды. Аймақ басшысы ең алдымен «ЖаңатасСуЖылу» мекемесін қайта қалпына келтіру жұмыстарын тексеріп, құлаған электр бағандарын жөндеу бойынша жауаптыларға тапсырмаларын берді. «Шахан» қосалқы стансасына барған өңір басшысы қаланы ең алдымен электр энергиясына қосу керек екенін жеткізді. Бұл жұмыстар жақын күндері аяқталуы тиіс. Ауа райының әлі де болса қолайсыздығы көп жұмысқа қолбайлау болғалы тұр. Сондықтан табиғат аудан тұрғындарына жылы қабақ танытып, күннің көзі ашылады деп сенейік.

Жамбыл облысы