Шабындық жер тапшы
Шабындық жер тапшы
11,423
оқылды
Солтүстік Қазақстан об­лы­сында қарапайым тұрғын­дар шабындық жер­ге зәру. Олар өз қорасындағы ма­лын бағатын және шөп шабатын жер жоқтығын айтып шағым­дануда. Жердің басым бөлігі жергілікті ша­руа қожа­лық­тары мен ірі серік­тес­тіктерге берілген. Олардың ара­сын­да өз алқабына ауылдықтар­дың ая­ғын аттап басқыз­бай­тындары бар. Қазақ үшін ежелден жер дауы­нан үлкен дау жоқ. «AMANAT» партиясы об­лыстық филиалы жанындағы «Жер ама­наты» комиссиясы мен қоғамдық қабыл­дауына жүгінген солтүстік­қа­зақстан­дықтардың барлығы өз­дерінің жерге қатысты мәселе­лері шешімін таппай келе жатқа­нын айтып, жанай­қайын жет­кізді. Мағжан Жұмабаев ау­да­нын­дағы Полудино ауылының тұр­ғындары жаппай шабындық жерге зәру. Бұл туралы ауыл­дық­тар атынан сөз алған Анатолий Бишель айтты.
«Бұған дейін ата-бабала­рымыз шөп шауып келген жерден айырыл­дық. Бұған ауыл­да жуырда ашыл­ған сүт-тауарлы фермасына мал әке­лінгені себеп болды. Енді жаңа кәсіп­орын­ның иесі барлық жердің шөбін мау­сым айынан бастап өзі ғана шауып алады. Үш жыл бойы шағым­данып бармаған жеріміз, баспаған тауы­мыз жоқ. Мәселе шешілетін түрі көрін­бейді. Баяғы жартас, сол жартас. Әкі­міміздің қолынан түк келмейді. Оны өзі де айтып отыр», – деді ол.
Ауылдықтардың айтуынша, «Полу­дино» тауарлы-сүт фер­масын ашқан Мирахмед Гасанов ауыл маңындағы жерді иемденіп алған, шөбін де өзі ғана шауып алады. Өйткені сүтті бағыттағы сиыр­ларын асырау керек. Ал ауылдықтардың малы күл болмақ түгіл, бүл болса да, онда ешкімнің шаруасы жоқ сияқты.
Солтүстік Қазақстан облыс­тық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Жанат Тоқсанбаев түсіндір­ге­ніндей, бұған дейін ауылдықтар жеке кәсіпкердің иелігіндегі алқаптың шөбін шауып келген. Ал қазір оның өзінің малы бар, сондықтан шөбін де өзі шабады. «Тұр­ғындарға былтыр тамыз айында 30 гектар жер ұсын­ған­быз. Олар бас тартты», – деді Жанат Бекішұлы.
Солтүстік Қазақстан облыс­тық жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Бақыт­жан Бекіштің айтуынша, бұған ол жердің күтім көрмегені себеп болуы мүмкін. Қарапайым тұр­ғын­дар мен зейнеткерлердің та­лай жылдан бері күтусіз жатқан жерді күтіп-баптау үшін не тех­ни­касы, не қаржысы жоқ. Ол бұл мә­селені шешудің бірнеше жолы бар екенін түсіндірді. Соның бірі әрі ең оң­тайлысы – аудандық әкім­дік пен кә­сіп­кердің арасын­да ме­морандум жасасып, тұр­ғын­дар­ға шөп шабуға рұқсат беру. Ке­лесісі – мемлекет мұқ­тажы үшін жерді тартып алу. Бірақ бұл қиынырақ. Облыстық «Жер аманаты» комиссия­сының төрағасы Болат Данияров шы­нымен де кәсіп­керге тұрғындардың құ­қығын шек­теуге болмайтынына келісе­тінін айтып, бұл мәселені заң жүзінде шешуге ат салысатынын жеткізді. АЯҚТАН ШАЛУ КІМГЕ КЕРЕК? Қызылжар ауданының Архангельское ауылынан келген Жанат Сәбитовтің қой шаруашылығын дамыту туралы ойы бар. Алайда шабындық жері жоқ.
«Қой өсірсем, оған жемазық, шөп дайындау керек. Бірақ жердің бәрі кон­курс бойынша бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан шаруа қожалықтарына, серіктестіктерге беріледі. Бізге бөлінбейді. Ауылдық округ әкімі «конкурсқа қатысуға мүмкіндік бар» деп шығарып салады», – дейді ауыл тұрғыны.
Бұл ауылдың маңайындағы 11 жер телімі ақпан айының басында конкурсқа шығарылмақ. Бірақ конкурсқа қатысу үшін оның жеке кәсіпкерлігі болуы шарт. Алайда әлі несиеге де, жерге де қолы жетпей жүрген адам ондай тәуекелге бармақ емес. Несиені де партияның «Ауыл аманаты» жобасы бойынша алмақ ниетте. Оның мәселесін тиісті мекемелер бақылауға алатын болды. Өңірде үш жылдан бері шешімін таппай келе жатқан тағы бір жер дауы – «Имран Агро» ЖШС-ның мәселесі. (AIQYN, №150 (4202), 7 қазан 2022 жыл, «Сергелдеңге салған жер дауы»). 2019 жылы аукционнан 500 миллион теңгеге 15 мың гектар жер сатып алған Өмірсерік Ақышев өз мүлкіне өзі иелік ете алмай дал. Бүгінде ақша да жоқ, жер де жоқ күй кешіп отырған ол соттасудан әбден қажыған. «Имран Агро» басшысының қолында жер актісі де, салық төлемдерін төлегені туралы түбіртегі де, жерді сату-сатып алу келісімшарты да бар. Алайда сол құжатты «Азаматтарға арналған үкі­мет» КЕАҚ тіркемей отыр. Жеке кәсіпкер мен оның заңгерінің ойынша, бұл кедер­гінің бәрі қолдан жасалған. Тауы ша­ғылған шаруа «Жер аманаты» комис­сия­сынан көмек сұрады. «AMANAT» партия­сы оның мәселесін заң аясында шешуге тырысып бақпақ. AIQYN-ға АЛҒЫС Қызылжар ауданына қарасты Бугровое ауылының тұрғыны, 2-ші топ­тағы мүгедек Маржан Жукова «Шағала Агро» ЖШС тарапынан жер үлестері үшін төлемін ала алмай жүргеніне шағымданды. Оның мәселесі сол жерде шешімін тауып, бүгінде оған тиесілі төлем қолына тиді. Айта кету керек, бұған дейін AIQYN газетінде көтерілген тағы бір жер дауы жуырда оң шешімін тапты. Бұл мәселе де «Жер аманаты» комиссиясында қаралған болатын. Айыртау ауданындағы бес ауылдың жерін саудаға салып, халықты қан қақсатқан алаяқтар тиісті жазасын алды. Ауылдықтардың келісімінсіз олар­дың жерін кепілдікке қойып, 600 миллион теңге несие алған кәсіпкер қарызын өтей алмағандықтан, кепілдегі мүлік аукционға шығарылған болатын. Жерінен айы­рылған халық үш жыл бойы соттасып жүріп, жуырда жеңіске жетті. Сот үкіміне сәйкес «Жарқын СК» серіктестігінің басшысы мен оның сыбайласы 6 жылдан астам уақытқа бас бостандығынан айы­рыл­ды. Ал ауылдықтарға тиесілі 42 000 гектар жер кепілдіктен шығарылды. Сол үшін бастамашыл топ AIQYN газетіне алғыс білдірді. Солтүстік Қазақстан облысында дәл осындай күй кешіп отырған ауылдар әлі де көп. Олардың да сергелдеңі аяқталып, асықтары алшысынан түсер күн туар ма екен?

Солтүстік Қазақстан облысы