Мұғалім мектептің жүрегі ғана емес, әр баланың өсіп, қалыптасып, дамуына тікелей ықпал ететін тұлға. Баланы болашақ мамандығына икемдеп, сырласатын да, жөнге салатын да мұғалім. Сондықтан бүгінгі таңда ұстаздар қауымына жүктелер жауапкершілік те аз емес.
Осындай өз ісіне берілген, әр баланы өз баласындай көріп, олардың сапалы білім алуына ерекше тер төгіп жүрген ұлағатты ұстаздың бірі Астана қаласындағы №31 мектеп гимназиясындағы бастауыш сынып мұғалімі Құралай Тоқышева.
Құралай Тоқышева өзінің ізденісімен, белсендігімен оқушыларды түрлі тиімді әдістермен оқытып, сапалы білім беруде. Оқушымен ғана емес, ата-аналармен де өте белсенді жұмыс істейтін осындай шоқтығы биік білімді ұстаздарымызды бағалауымыз керек.
Сабақ барысында түрлі жаңа әдіс тәсілдерді қолданатын ұстаздың айтуынша, оқытудың жаңа талабы – дәстүрлі емес сабақ түрі.
– Бүгінде әлем бойынша Сингапур білім беру жүйесі «Азия барысы» қатарында болуы, тиімді заманауи тәсілді қолдану ерекшелігінде деп танылады. 3 А сыныбымда эксперимент түрінде, әр сабағыма осы әдіс-тәсілдерінің ең тиімдісін пайдаланамын. Солардың бірі TEK OF – ТҮСІРУ – «тұр – отыр» – сыныппен танысу және ақпарат алу құрылымы. Сұрақ қойылғанда оң жауап ретінде оқушылар орындарынан тұрады, келіспегендер отыра береді, МАЙМ ( мимика) - оқушылар берілген тапсырманы мимика және қозғалыспен түсіндіреді. Сингапурлық әдістерінің ең тиімдісі: топ топтарға немесе жұптарға бөлініп, материалдың шағын бөлігін өз бетінше зерттейді. Әрбір оқушы мұғалімнің рөлін ойнап көреді, көршісіне мәселенің мәнін өз сөзімен түсіндіреді және керісінше тыңдап, қөршісін бағалайды, түзетеді, көмектеседі, – дейді Қ. Тоқышева.
Сонымен қатар мұғалім Сингапурдың білім беру жүйесінің көптеген артықшылықтары бар екенін де тілге тиек етті.
– Оны аз уақыт болса да өз сабақтарымнан байқап жүрмін. Топтық жұмыс барысында әр оқушының белсенділігі артып, өзін "мұғалім" ретінде сынағысы келеді. Процеске белсене қатысады. Тіпті бұған дейін сөйлемейтін оқушыма дейін өз ойымен бөлісіп, басқа оқушыларды тыңдай отыра өзі де соларға еліктей бастады, – дейді.