Аймақтарда ЖСДП-ның үгіт-насихат жұмыстары жалғасуда
Аймақтарда ЖСДП-ның үгіт-насихат жұмыстары жалғасуда
Фото ЖСДП-ның Фейсбуктегі ресми аккаунтынан алынды
536
оқылды
Аймақтардағы үгіт-насихат жұмыстарын ЖСДП Павлодар мен Орал қалаларында жалғастырды. Мәжіліс депутаттығына партия тізімі бойынша үміткерлер Нұрлан Әуесбаев, Ажар Сағандықова және бір мандаттық аймақтық округ бойынша үміткер Азамат Хайсин «Екібастұз ГРЭС-1» компаниясының жұмысшыларымен кездесу өткізді.
«Жылыту маусымының ең қызған шағында Екібастұздағы жылу электр орталығында орын алған апат – еліміздің энергетикалық жүйесінің бүгінгі жай-күйін көрсетеді», – деп атап өтті өз сөзінде Нұрлан Әуесбаев.
Үміткерлер ЖЭО-дағы кезек күттірмейтін мәселелерді, сондай-ақ биліктің апаттан кейінгі іс-қимылдарын талқылады. Сонымен қатар, кездесу барысында партияның сайлауалды бағдарламасы таныстырылды. Сайлаушылармен осындай кездесулер Батыс Қазақстан облысының бірқатар аудандарында да өтті. Мәжіліс депутаттығына партия тізімі бойынша үміткер Анаргүл Әбенова Теректі, Бөрлі және Шыңғырлау аудандарында «Үгіт-насихат пойызын» бастап сайлаушылармен кездесті. Үміткер партияның сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарын түсіндірді, жиналған қауымның сұрақтарына жауап берді. Социал-демократтардың белсенділері үгіт пойызымен тағы да бірнеше өңірлерді аралап, сайлаушылармен кездесулер өткізеді деп жоспарланған.