Күн мен от мерекесі
Күн мен от мерекесі
1,171
оқылды
Қазір жұрттың бәрі этнограф. «Биеде екі емшек бар екен» дейді де этнограф болып шыға келеді. Ал «Иттің күшігін не дейді?» десеңіз осының есі дұрыс па дегендей ала көзбен атады. Этнографияның оқуы жоқ. Ізденумен, зерттеумен, тәжірибемен келеді. Ізденгенде жылдар бойы ізденесің. Ширек ғасыр уақытың кетіп жатады. Осыған байланысты әу бастағы көзқарасың да өзгеруі мүмкін. Шүкір дейміз... Қазақ баласына соғымның не екенін үйреттік және қашан сою керегін де ақжемденіп тұрып айттық дейміз. Қазір жұрт соғымға жылқы малын шығарып, желтоқсанның 13-14-15-і күндері пышаққа жығатын болды. Қазақтың күздігін де айттық. Одан да нәтиже бар. Арқа қазағы бүгінде күздікке серке соя бастады. Ешкі жарықтықтың өнімін тұтынатын болды. Ешкі сүтінің құтысы қазір 1,5 мың теңге тұрады, ал майына 14 мың теңге сұрайды. Кейінгі он жылда қасқыр мен ит жөніндегі зерттеулерім мен пайымдарымды жариялай бастадым. Ол жазбаларымнан да нәтиже бар. Ел енді бұрынғыдай бөрітонға өңмендемейтін болды. Ешкі жөнінде де алпыс беттік танымдық жазбамды жұрт назарына ұсындым. Қазақ баласының ағарғаны жөнінде де тура алпыс беттік жазба қалдырдым. Бұл енді қазақтың табиғи вакцинасы. Ковидке қарсы, әрине... Ендігі қазақ баласына сіңіре алмай келе жатқаным – қазақтың жаңа жылы! Айта кетелік. Қазақ баласы әрбір күнін той қылып өткізген. Сондықтан да жіп та­ғып, даңғазалаған атаулы тойы болмаған. Өйткені қазақ баласының тойы дүниеге келгеннен басталады. Өлгенінің өзін той қылып өткізеді. «Айта, айта Алтайды, Жамал апа қар­тайды» деген сөз бар. Біздің басымызда сондай күн тұр. Наурыз тойын жаза-жаза қолымызға сүйел шықты.   АЛЫС ТА, ЖАҚЫН НАУРЫЗ Еліміз 1991 жылдан бері Наурыз мей­рамын тойлап келеді. 2009 жылдан нау­рыздың 21, 22, 23 күндері Наурыз мейрамы деп жарияланды. Іле-шала ЮНЕСКО Нау­рыз мерекесін материалдық емес құнды­лықтар тізіміне енгізді. Ал 2010 жылы БҰҰ бұл мейрамды ресми түрде 21 наурыз күніне белгілеп, Халықаралық Наурыз күні деп жариялады. Содан бері Наурыз тойлап келеміз. Қалай тойлап келеміз? Жасыратын ештеңесі жоқ, айтуын айтып алып, айтқанымызды жұтып, өзімізді де, өзгені де ыңғайсыз жайға қалдырған жа­йымыз аз болған жоқ. Басқа жерді айт­пағанның өзінде осы Арқа өңірінде Наурыз мейрамын әртүрлі тойлап келдік. Жылы­мықты тосатын болдық. Соған орай 22 наурыздан басталған тойымыз Арқа төсінде наурызда да, сәуір де, мамырда да тойланып жатты. Үш күнге белгіленген мейрамымыз солайша үш ай бойы тойланатын болды. қыз қуу Сөйтіп, қолымыз той тойлаудан бо­самады. Елді де, өзімізді де мезі қылдық. Нау­рыз мейрамына деген құрметіміз осы­лайша кеміді. Содан да бүгінде қарапайым тұрғын­дардан бастап министрге дейін Наурыз мейрамын жаңаша тойлау форматын ұсы­нып жатыр. Әрине, бұрынғы жосығымызды жоққа шығарып, ұшпаққа шығамыз десек, бұл да надандығымыздың бір белгісі болар еді. Дегенмен ертеңгі күнге құр қол баруға да болмайды. Біз өзі әсіре әсершіл халықпыз ғой. Онымыз, әрине, кеңістік – Дала бала­сына жарасымды. Алайда арнамыздан асып-тасып жататынымыз бар. Мәшһүр Жүсіпше айтсақ, жиегімізде тұрмаймыз. Сондағы тапқан сөзіміз әз сөзі болды. Жер-көктің бәрін әз-Наурыз деген жар­намалар жаулап алып жатты. Оған құла­ғымыздың үйренгені соншалық, Наурыз десек, есімізге еріксіз әзі қоса түседі. Шын мәнінде, «әз» деген сөз соқыр, ақ деген ма­ғынаны береді. Дұрысырағы, көзінің қарасы кетіп, ағы қалған адамды әз адам деген. Мәселен, әз Жәнібек, әз Тәуке сондай адамдар болған. Өкініштісі, жазушылар әз сөзін әскери шен деп түсініп, елді адастыруға себеп болды. Тағы бір шегіншек түсінігіміз Наурыз мейрамын діни мереке қылып алдық. Қайда барсақ та дастарқан басында сәлдесін қоқайтып молда отыратын болды. Аузымыз қисаймай біздің той, Шығыстың тойы дейтінді шығардық. Шын мәнінде, Наурыз – өмір сүру ұстынымыз! Бұл жалпыадамзаттық ұстын! Оны қазаққа, болмаса өзбекке телу, бол­маса түрікке, парсыға телу асылық. Бұл – адамзатпен қоса жасасып келе жатқан мейрам. Керек десеңіз, Наурыз мерекесі XVIII ғасырға дейін ежелгі Грекияда, ежелгі Римде, Ұлыбританияда ата­лып өтіліп, 1700 жылға де­йін ежелгі Русьте той­ланып келген деген де­рек те бар. Көктем мере­ке­сі туралы мәліметтер ан­ти­калық және ортаға­сыр­лық жазушылардың еңбек­терінде де кездеседі екен. Араға үш ғасыр уақыт түскенде Наурыз мейра­мы­ның бірізділіктен ажы­­рап, қилы сипат алуы нелік­тен? Қазақы ұғымда бұл көктем ме­рекесі, жуанның жіңішкерген тұсы. Жағырапиялық тұрғыдан келсек, мұны­мыз өзімізге жөн бол­ға­нымен, басқа ендіктер мен белдеулерде басқа жыл мезгілі жүріп жатады ғой. Бабаларымыз Наурызды Қызыл­бастың наурызы деп жатады. Қызыл­басымыз парсы жұрағаты. Мұнымызды тарихи жәдігерлеріміз де қуаттайды. «Нау» деген парсыша «жаңа» деген мағынаны береді. Латынның «ное»-сі, немістің «нойе»-сі, орыс­тың «ново»-сы осы «нау»-дан шыққан. «Руз» да парсы сөзі, «күн» деген мағына береді, яғни Наурыз – Жаңа күн, Жаңа жыл емес! Ал жұртымыз­дың Наурызды Жаңа жыл деп тойлайтынын қайда қоямыз?! Адамзаттық күнтізбенің шәмси және қамар жүйесімен есептелгені белгілі. Алайда құдай­әлпеттес, аллаәл­пет­тестердің күш­теп та­ңуымен күнтізбе есебінен жа­ңылдық. Біздің желтоқ­санымыз қазіргі жалпы өрке­ниетте желтоқсан/де­цембер деп қабылданған. Күн­тізбеге он екінші ай болып кірген. Алайда «дека» деген латынша «он» деген мағынаны береді ғой. Олай болса жыл Григориан күнтізбесі бойынша желтоқсанда-оныншы айда біткенімен, астрономиялық санау бойынша ақпан айымен бітеді. Олай болса жыл басы нау­рыз айымен бірге кіру керек еді, яғни жыл басы – 1 наурыз ғой. Алайда жылдың бізде, басқа да елдерде 21-і болмаса 22 наурызда тойланатыны қалай? 22 наурызда түн мен күннің теңелетіні белгілі. Мұнан былай түн қысқарып, күн ұзара беретін болады. Ендеше бұл – жыл мерекесі емес, күн мерекесі. Күн ең алдымен сайран болса, соңынан – от! Бұл – Күн мерекесі! Бұл – От мерекесі! Әбу Райхан Бируни, Омар Һайям тәрізді әлем таныған тарихи тұлғалардың еңбек­теріндегі шығыс халықтарының Наурыз мейрамын қалай тойлағаны туралы дерек­терінде парсы тілдес жұрт Наурызды бір­неше күн тойлаған. Олар Наурыз күндерінде әр жерден от жағып, отқа май құйған. Жаңа өнген жеті дәнге қарап болашақты бол­жаған. Жеті, ақ кесемен дәстүрлі ұлттық көже «сумалық» ұсынған. Ескі киімдерін тастаған. Ескірген шыныаяқты сындырған. Бір-біріне гүл сыйлаған. Үйлерінің қабыр­ғасына дөңгелек ою –«күн символын» сал­ған. Үйлеріндегі тіреу, ағашқа гүл ілген. Жамбы ату тәрізді түрлі жарыстар өткізген. Бұл күні кәрі-жас мәз болып, бір-біріне жақ­сы тілектер айтқан, араздаспаған. От деген – өмір! От деген – жылымық! От деген – көк! Ең соңында от деген – аластау! Терістіктің бәрін отпен аластаған! Сөйтіп жаңарған! көрісу Ал Наурыз мерекесін бабаларымыз наурыз айының он төртінде атап өтіп отырған. Өйткені бұл күні көктем кіреді, Арқада наурызек торғай су ішеді. Ондағы жұрт мұны мейрам суы дейді. Мейрам суы дегеніміз – тірі су. Мұны ғылым да қуат­тайды. Бұл мерекеміз еліміздің батысында Көрісу күні деп аталып жүр. Сол Көрісу күні наурызға жалғасқан. Ата-бабаларымыз Наурыз мейрамын қазіргідей үш күн емес, солайша бір апта тойлаған. Тойлағанда дастарқан басынан тұрмады деген сөз емес. Қыс ішінде қатыса алмаған алыс-жақынның аманшылығын білген, адамы опат болған отбасылардың үйіне барып бата жасаған. Күнесіген қарияларын күн көзіне шығарған. Малдың да, жанның да бауыр етінің екі есеге дейін ұлғаятын кезі – осы кез. Ал оның уытын қайтаратын дәрмен – ақ.   ҰЛЫҚ КҮН Сонымен, Наурыз мейрамын тойлап жатырмыз. Сол баяғы бір сарын. Олпы-солпы киіну. Желбегейінің етегіне сүрініп жүрген жастар. Қазақтың сыртаңының (сырттон) размері болмайды. Әу баста ел бөрікпен көрінуші еді. Бүгінде оның да қарасы өшкен. Оның орнына қоқырайған мұрақтар келді. Оның өзін де дұрыс қоқы­райтып жүргеніміз шамалы. Бұл да бір білместігіміз, бұл да біздің ішкі надан­дығы­мыздың бір көрінісі. Әйтпесе, қарашасы бөріктен аспаған. Мұрақты хандар мен хан­задалар киген. Мұрақ ақ сүйектердің бастоны деген түсінік бар. Соған орай өздерін қожамыз деп жүргендер де мұраққа таласып жүр. Жылағың келеді. Қайран, қазақтың ұлық күні... Ең алдымен, қазақта наурыз деген сөз жоқ. Олай болса қазақта ондай мейрам да жоқ. Сол нау­рыз сөзімен байланыс­ты наурызек, наурыз көже, нау­рыз бата сынды сөздер қатары да жоқ. Бұл – өзіміздің қызыл комму­нистерден, ұлт сат­қын­да­рымыздан қалған мұра. Бұл – қазақ халқының ұлттық кодын біржолата жойып жібермесе де соған апа­ратын жол. От мерекесін тойлауға қызыл саясат барынша жел беріп отырды. Соған орай оны барша түркі жұртының ортақ мерекесі ретінде өткізуіне итермеледі. Ұлттық кодынан ажырап қалған, болмаса ажырай бастаған жұрт содан да лап қойған. Верми­шельден наурыз көже жа­саушылар сол кезде шыққан. Қазақ баласының «Ақ мол болсын!» батасын өз түсі­нігіне бұрып алып, айран көже жасаушылар алды­мызды сол кезде ораған. Қазақ баласы көк шық­пай киіз үй тікпейді. Ал біз­дікілер болса айтақыр ас­фальт­қа қала тігіп тастайды. Сон­шама тіккен үйдің есігі де ашық бола бермейді. Оны да тү­сінуге болар. Былжырай бас­таған топырақ аяқтон­нан ажырай қоймай­тын кезең. Бұл қазіргі түсінік. Қайткен күнде киіз үй тігуге ұмтылады. Одан кейін ұлттық киімі­мізге шірет жетеді. Қызылды-жасылды киінген жаста­рымызды жазғырудың реті жоқ болар, алайда сыртаңның барлығының бірдей шапан емес екендігін айыратын уақыт жет­кен болар. Бұрынғының шапаны иығыңа ілсең құйып қойғандай қона кетер еді, қазіргінің шапаны қытырлақ, сусы­малы. Бір қолыңмен демеп ұстап жүрмесең, иығыңнан ысырылып түсіп қалады. Одан кейін театрландырылған көрініс­тер, қойылымдар толастамай жүріп жатады. Белдеуге тазы байлап қояды, босағадағы балдақта томағалы құс отырады. Наурыздың басты дәмі – наурыз көжеден дәм татады. Осы наурыз көжеден кейін де ел тарай қоймайды. Өйткені олар қазақтың басты дәмі – ет күтеді! Ал ет болса наурыз мейрамының басты дәмі емес болатын. Ең алдымен айтарымыз, қазақтың ұлық тойларының барлығы да жаз айларына байланған. Ендеше бусап жатқан бірдің айында қандай думан, қандай ұлық той? Қазақ қашанда тойлай білген. Кішкене қуанышының өзін кәдімгідей атап өткен. Сонда қазақтың өзінің төлтойы – жаңа жыл тойы қайда деген заңды сауал туады. Қазақтың ұлық тойы – ұлыс тойы! Бұл күнгі қазақ баласының кеше де, бүгін де, ертең де айтылатын ақжарма тілегі – «Ұлыстың ұлы күні құтты болсын» айтылады! Сонда ұлысымыз қайсы? Ұлы күніміз қайсы? Қазақ күнтізбесінде кешегі март, бүгінгі наурыз айы – бірдің айы деп аталады. Ұлыс айымыз осы – наурыз айы. Ұлы күніміз осы ұлыстың 14-і! Өйткені бірдің айының 14-де жаңа жыл кіреді! Ол тойда ешқан­дай да көже ішілмейді. Ел бір-бірімен қыстай қатыса алмағандықтан ойдым-ойдым отырған ауылдарға барып өлі-тірі­сін түгендеген, барға қанағат, жоққа сала­уат айтысқан. Бұл күні ешқандай да көже ішпеген. Бұл күні дастарқан табағына шеке түскен. Ал шеке тек жылқы жарықтықта болады. Бұл күні ешқандай да мал сойыл­маған. Қазанға былтырғы соғымға шығарған малының бітеу қартасы мен бітеу қазысы (жазы), жал-жаясы түскен. Бұл қанымызда ойнап тұрған зәузаттық жадымыздың анық көрінісі. Өйткені біз бүгін де Наурыз мейрамында ет жемей қайта қоймаймыз. Сол жаңа жылымыз біржолата тарих қой­науында қалып қойған жоқ. Сол жаңа жылымыз жарым-жартыкеш аталып жүр. Батыста – Көрісу күні, Арқада – Есендесу күні деп атап өтіледі. Наурыз мерекесі Қазіргі қазақ күнтізбесін қайта қарау уақыты жетті деп ойлаймыз. Орыс, парсы, араб күнтізбелерімен тұздықталған күнтіз­бемізді ұлттық деп айтуға ауызымыз бармайды. Онда басқасын қойғанда ай атаулары амал атауларымен әбден бытысқан. Жылдың басы – ұлыс айы­мызға көз салсақ бірін-бірі қайталап тұрған үш бірдей ме­рекені байқауымызға болады. Алғыс күні, Көрісу күні, Нау­рыз мейрамы. Осы мереке­лер­дің түп негізіне көз жү­гіртсек үшеуі де бір болып шығады. Ендеше Ұлыс кү­німізді – Жаңа жылы­мыз­ды түстеп тұрып айта­йық, ұлыс айының 14-де атап өтейік. Ендігі әңгіме көже ту­ралы. Көже қазақ баласы­ның жеңсік асы емес. Олай болса оны аспандатуы­мыз­дың жөні жоқ. Оның үстіне, қазақ баласы қай мерекесін көжемен атап өтіп еді? Бұл бабалар жолын қорлау болып шығады. Қазақ баласының осы ұлыс айын­да ішетін көжесі бар. Ол – дәруменді көже. Ол көжеміз – жылтыр деп аталады. Жылтыр дегеніміз – қойдың құйрығы деген сөз. Олай болса жылтырымыз таза қой етінен тұрады. Тағы да қайталап айтамыз, бұл – көже емес. Алты ай қыстан кейін жан-жануар да, адам баласы да кәдімгідей азып шығады. Олардың бауыры айтарлықтай ұлғаяды. Бүйрек, өкпе, бауыр майқаптарынан ажы­рап қалады. Мұндай ағзаны қалпына келтірудің бірден бір жолы – жылтыр. Наурыз көженің құрамы жеті дәмнен тұрады деп сайрап жүрміз. Соны дөптеп айтар жан болса, кәне? Бұл жерге діни нанымның да кіріккенін көреміз. Ел жеті санын толтыра алмай әуре. Соның сал­дарынан наурыз көжемізге вермишельдер түсіп жатады. Қазіргі наурыз көже деп ішіп жүрген көжемізде барлығы бытысып жүр. Ақ мол болсын деген тілеуімізден шығамыз деген ниетпен көжемізді сүтпен болмаса айранмен ұйытуымыз белең алған. Ал жылтырымыз таза қой етінен тұрады. Онда ешқандай да ақ жоқ. Онда құрт, қатық (сықпа), ет (қой еті), жылтыр (қойдың құй­рығы), тұз, су (мейрам суы) бар. Мұндағы айтып отырған мейрам суымыз – тірі су. Бұл бұлақ суы деген сөз. Кешегі бабаларымыздың осы ұлық айда бұлақ көздерін ашып жатса, басқа себебі жоқ деп білеміз. Санамалап көрсек, жылтырымыздың құрамы алты дәмнен тұрады екен. Енді бұл дәмге түсетін жетінші дәмді де айтайын, ол – суыршөп. Бұл жерде тағы бір сауал көлденеңдейді. Суыршөптің жылтырға қатысы қанша деген. Дүниедегі еттің бәрі дәмді. Ал ең дәмдісі – кісі еті. Одан кейінгі дәмдісі – суыр еті. Осыған қарап бір қисын шығаруға болмай ма? Болғанда қандай? Суыр – адамның азғыны. Айтып отырған көрісу, есендесу күні Адам мен Азғын көріседі. Екінің айы басында көк иісі шығады. Оны бірінші болып суырлар сезеді. Ұйқысынан оянып, інінен шығып, сол көк иісімен өкпесін кере дем алады. Сонан қайтып ұйықтайды. Сонан ұлыс кірісімен қайтып оянады. Енді ол ініне қайтып кірмейді. Ол суыр­шөпті іздейді және жазбай табады. Ал адам болса суырды бағады. Суыр сызған шөпті адам да талғажу қылады. Сөйтіп, адам мен суыр бірге жайылады. Суыршөп – ағзаның ауру-сырқауларға қарсы тұратын қуатын арттыратын керемет дәрумен. Біздің бабаларымыз сол дәруменді жылтырларына қосқан. Жылтыр көже десек, басқадай себебі жоқ болар. Азғынымызға қайтып оралайық. Ақыр­заман болғанда адамдар Азғынға айналады. Ақырзаман болғанда азғындар Адамға ай­налады. Қазақ өңірінің бір алабы Азғынды байбақ (бейбақ) деп біледі. Қазақ өңірінің бір алабы Азғынды тарбаған деп біледі. Қазақ өңірінің бір алабы Азғынды суыр деп біледі. Қазіргі қазақ омыртқа, қабыртқы, бол­маса шеке деп жатады. Жылқы баласының шекесі екі бөліктен тұрады. Олай болса оны жеп қоймай сақтау керек болады. Сақтағанда кімге? Қазақтың кәделі асы – шекесі осы ұлыс күні берілген. Сонда кімге беріледі? Ұзынсарыға, әрине! Ал ұзынсарымыз кім әлде кімдер? Көрісуге келетін адамдар... Ұзын болатын себебі бұл айға жұрт арып-ашып жетеді. Сары болатын себебі суыршөпке сарғайып жетеді. Жә, осы жерден біз де ат басын тарттық. Атжетер жерімізге жеттік деп білеміз. Ендігі сөз сізде! Парсының Наурыз байрамын – от тойын тойлайсыз ба? Әлде. Бабаларымыздың жыл басы – Ұлыс тойын тойлайсыз ба? Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! Ақ мол болсын!

Төрехан МАЙБАС, этнограф