Астана қаласында өтіп жатқан құрлықтық дода финалында 4 отандық балуан ел қоржынына алтын медаль салды.
Еркін күрестен Азия чемпионаты: 4 қазақстандық балуан Азия чемпионы атанды
2,171
оқылды

Қазақстандық Азамат Дәулетбеков (86 келі) еркін күрестен Азия чемпионы атанды, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астана қаласында өтіп жатқан құрлықтық дода финалында қазақстандық балуан ирандық Ади Реза Каримимен кездесті. Алғашқыда қарсыласы бір ұпаймен алда тұрған еді. Одан кейін Азамат қатарынан 4 ұпай еншіледі. Нәтижесінде ол қарсыласынан 4:1 есебімен басым түсіп, Азия чемпионы атанды.

Қазақстандық балуан финалға дейін сингапурлық Вэн Луенді, өзбекстандық Бобур Исломовты жеңді.

Осылайша ол төртінші алтын медальды ел қоржынына салды.

Айта кетейік, Азамат – былтырғы Моңғолиядағы сары құрлық чемпионатының жеңімпазы. Ол биыл еліміздегі маңызды бәсеке – жазғы Спартакиадада қарсылас шақ келтірген жоқ.

Қазірге дейін ел құрамасынан бүгін Дархан Есенғали (74 келі) чемпиондық тұғырға көтерілді.

Еске салсақ, еркін күрестен жарыстың алғашқы күнінде қоржынға 2 алтын, 1 қола түсті.

Енді ел құрамасынан еркін күрестен Ризабек Айтмұхан (92 келі), Жүсіп Батырмұрзаев (125 келі) финалда күреседі.