Электромобильдің батареясын жасайтын негізгі компоненттердің бірі – литий. Литийге тапшылықтан Еуропа Қытаймен бәсекелесе алмай отыр. ЕуроОдақ жариялаған 2035 жылға қарай жаңа бензин мен дизельді көліктерді сатуға тыйым салу жоспары орындалмауы мүмкін
Еуропа енді электромобиль шығара алмайды
1,863
оқылды

Электромобильде қолданылатын батареяның негізгі компоненттеріне деген тапшылықтан Еуропаның Қытаймен бәсекелесуі қиынға соғуда. Сөйтіп, Еуроодақ елдері өздері жариялаған 2035 жылға қарай жаңа бензин мен дизельді көліктерді сатуға тыйым салу жоспарын орындай алмауы мүмкін.

Financial Times басылымы жоспардың орындалуына еуропалық өндірушілерге электр батареяларын жасауға қажетті литийдің жетіспеушілігі кедергі болады деп санайды. Әлемдік литий нарығының жағдайы туралы Financial Times мақаласына сілтеме жасап Aikyn.kz талдайды.

Фото gettyimages.com сайтынан алынды. Авторы: Monty Rakusen

Экономистердің болжамынша,  литийге деген сұраныс 2030 жылға қарай жылына 550 000 тоннаға дейін бүгінгімен салыстырғанда 5 есеге артатынын айтуда. Қазір Еуропа аймағында 200 000 тонна литий өндіріледі, – деп хабарлайды Benchmark Mineral Intelligence компаниясы.

Benchmark Mineral Intelligence сарапшысы Дейзи Дженнингс-Грей: « 10 жылдықтың соңына қарай бүкіл әлемдік нарықта литийге деген тапшылық жойылмайды», – дейді. – «Еуропаға қиын болуы мүмкін және өз аумағында бұл металды өндіру жобаларын жылдам іске асыра алмайды».

Еуропадағы тапшылыққа әлемдегі ең ірі литий өндіруші Albemarle де назар аударды, бірақ ол коммерциялық тұрғыдан тиімді кен орнын таба алмағаннан кейін Еуропада литий өндіру жоспарынан бас тартқан.

 Фото gettyimages.com сайтынан алынды. Авторы: Songsak rohprasit

«Еуропадағы біз білетін ресурстар жоғары сапалы емес және салыстырмалы түрде шағын», – деп топтың бас қаржы директоры Скотт Тозиер Financial Times газетіне мәлімдеген.

Жаһандық тапшылықтан және тоннасына 62 000 доллардан жоғары бағадан зардап шегіп отырған нарықта болжанған литий тапшылығы еуропалық автокөлік өндірушілер үшін өте қауіпті болуы мүмкін. Литийдің нарықтық құны оның өндіріс құнынан 5 есе көп, яғни  литий өндіру өте жоғары табысты бизнес болып тұр.

Аккумулятор шығаруда алтынмен пара-пар металдың меншікті қоры болмаса, еуропалық автомобиль концерндерінің электромобильдер өндірісін жылдам кеңейтіп, Еуропа нарығына еніп жатқан Қытаймен бәсекелесуі қиынға соғады. Қытайдың бұл саладағы үстемдігінің белгісі – оның әлемдегі литий өңдеудің 60 пайызын бақылауында ұстауында. 

Фото ft.com сайтынан алынды

Еуропада литий өндіретін санаулы компаниялардың бірі Аустралияда тіркелген Vulcan Energy Resources компаниясының бас директоры Фрэнсис Ведин аймақтың автокөлік өнеркәсібі өзінің литийінсіз болашақ автопаркін электрлендіре алмайтынын айтады. Оның ойынша, Қытай өндіретін литий бірінші кезекте қытайлық өнеркәсіпке бағытталады. Ал  еуропалық автоөндірушілер өз аймағында литий өндіру көлемін өсіре алмаса, онда «бәсекелестікке төтеп бере алмайды» деп ойын нақтылаған.

Әлемдегі литийдің бестен бір бөлігін өндіретін америкалық Albemarle компаниясы 10 жылдықтың соңына дейін Еуропада осы металды өңдейтін зауыт салуды жоспарлағанымен, автоөндірушілер қазір балама іздеуде. Еуропаның кейбір жетекші автомобиль концерндері тау-кен өндірудің күрделі процестеріне байланысты табысқа кепілдік бермейтін бірнеше аймақтық жобаларға тәуекел етуге ниет білдірген. Солардың бірі – Пертте орналасқан Vulcan Energy компаниясына тиесілі, ол Германияда геотермалдық энергияны пайдалана отырып, тұзды ерітіндіден литий алуды қолға алмақшы.

Фото gettyimages.com сайтынан алынды. Авторы: Jose Luis Raota

Opel Stellantis өткен жылы литий өндіруге инвестиция салған алғашқы автоөндіруші болды, ол Vulcan акцияларының бір бөлігін 50 миллион еуроға сатып алды. Renault және Volkswagen де Vulcan-ға литийді жеткізуге міндетті тапсырыстар берді.

«Жобалардың өзіндік тәуекелдері бар, өйткені біз бұрын ешкім қолданбаған батыл өндірістік процестерді таңдадық», – деп мойындаған Imerys компаниясының бас атқарушы директоры Алессандро Дазза мемлекеттік қолдаудың қажеттігін атап өткен. Бұл өндірістер бәсекелес жобаларға қарағанда әлдеқайда қымбатқа түседі деген қауіп бар.

S&P Global және Scotiabank мәліметтері бойынша, еуропалық жобалардың күрделі шығындары бір тонна литий өндіру үшін 30 000 доллардан асады. Ал әлемдегі   50-ден астам жетекші литий жобаларында 1 тонна литий өндіруге орташа есеппен 17 300 доллар жұмсалады. Яғни, еуропалық литий өндіру екі есеге жуық қымбат болғандықтан, жаңа жобаларға инвесторлар қызығушылық танытпаған.

Еуроодақтың экономикалық құрылымдары бұл проблемаларды жақсы біледі. Қабылданған еуропалық заңдар литий, кобальт және никель сияқты аккумуляторлық металдарды көбірек сатып алу арқылы электр көліктерін жасауды арттыруды ынталандырады. Сондай-ақ рұқсат алудың ауыр процедуралары мен тау-кен өндірісіне саяси және жергілікті қарсылық сияқты бюрократиялық кедергілерді жоюға арналған.

Фото gettyimages.com сайтынан алынды. Авторы: Simonkr

Сарапшылар Еуропаның литийге байланысты қиындықтары, Қытайдан маңызды минералдарды жеткізу мәселесін шешуге орасан зор ресурстар жұмсаған АҚШ-пен салыстырғанда да айтарлықтай зор деп бағалайды.

S&P-дің сарапшысы Кевин Мерфи: «Еуропадағы өндіруші сектор үшін бұл барлаудың бастапқы кезеңдерінде ақша тапшылығына және рұқсат алу үшін Африка, Аустралия және Канадаға қарағанда әлдеқайда қиын шарттарға байланысты екі есе күрделі. Жақын болашақта Еуропа өз өнеркәсібін қамтамасыз ету үшін сыртқы ресурстарға қатты тәуелді болады», – дейді.

Қазақстанда литий өндірісі өнеркәсіптік масштабта жүргізілмейді. Дегенмен елімізде литийдің барланған қоры 100 мың тонна деп бағаланған. Алайда жерасты тұзды ерітінділерінде де литий болу ықтималдығы жоғары. Геологтер Каспий маңындағы аймақтарда 2 000-3 000 метр тереңдікте осындай тұзды ерітінділер белбеуі бар деген мәліметтер келтіруде. Егер осы белбеудегі тұзды судан қажетті металл бар екені анықталса, онда литийдің Қазақстандағы қоры бірнеше есе өсіп, бұл экономиканың өте табысты саласына тез айналуы мүмкін.