Осы жайында отандық кәсіпкерлердің пікірін білмек болдық.
Қазақстанда жасалған: құрғақ уәде, бос әурешілікке толы бағдарлама
1,508
оқылды

Жақында ғана «Ашық НҚА» алаңында отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған мемлекеттің «Қазақстанда жасалған» бағдарламасы талқылаудың бірінші кезеңі өтті. Шенеуніктер тіпті оның «жол картасын» да нобайлап қойыпты. Алайда бұған бизнес өкілдерінің көпшілігінің көңілі толмады. Олардың айтуынша, мемлекеттік бағдарлама отандық өндірісті қолдаудың жаңа шараларын ұсынады деп жариялағанымен, іс жүзінде Қазақстанда өндірілген тауарларды таңбалайтын жаңа белгі ғана болып шыққан. Осы жайында отандық кәсіпкерлердің пікірін білмек болдық.

Сауда сөрелерінің жартысына жергілікті өнім қою керек

 – Мемлекет нарықты қадағалаушы ретінде, бәріне бірдей қойылатын талаптар мен стандарттарды белгілейді. «Әділ ойын» ережелерін қалыптастырып, қатысушылардың соларды ұстануын бақылауы тиіс деп санаймыз. «Қазақстанда жасалған» белгісін алуға ерікті сертификаттау бәлкім жақсы шығар, бірақ бұл заңның мәнін, артында не тұратынын түсіну маңызды. Сертификаттар алғандардың қандай артықшылықтары болады? Бұл өндірушіге іс жүзінде тиімді ме? Өндірген тауарларын Қазақстандағы сауда желілеріне кіргізуге немесе экспорттық нарықтарға шығаруға көмектесе ме? Оған қалай ықпал етеді? Түптеп келгенде, осы сертификаттау жүйесі еркінсініп кеткен «импорт қысымынан» ішкі нарықты қорғауға көмектесе ала ма? Мысалы, ДСҰ талаптарының ескерілгеннің өзінде де, ішкі өндірісті және ең алдымен, өзінің азық-түлік нарығын қорғау мен дамытудың нақты мүмкіндіктерін іздеу керек. Отандық өндірушілерге жергілікті нарықта басымдылық берілуі тиіс. Сондықтан сауда сөрелерінің жартысына жергілікті өнім қою туралы ұсынысты қолдаймын. Және бұл көрсеткішті 70%-ға дейін арттыруды ұсынамын. Өйткені бұл – ұлттық өндірісті дамыту үшін өте маңызды.

Басқа елдерде жергілікті әкімдіктер нарықты бақылап, сауда желілеріне, елде өндірілген тауарларға ұтымды шарттар жасалсын деген талап қояды. Ал Қазақстанда неге екені белгісіз, бәрі керісінше. Бізде бүкіл нарық сауда желілерінің «ыңғайына» қарай құрылады. Мемлекеттік органдар нарықты реттеуші рөлінен өздігінен шеттетіледі. Өндірушілердің емес, сауда желілерінің мүдделері үстемдік ететін ережеге икемдеп алған.  Сол себепті де сауда желілері ойын ережелерін өздері белгілейді. Мысалы, қандай, кім өндірген тауарды тұтынатынын, кімнің тауарын тұтынбайтынын саудагерлер шешеді. Желілер кез келген отандық өндірушінің тауарын еш себебін түсіндірместен, дүкенге қабылдамай қоюына болады. Сонымен қатар, олар өнімді ең төменгі көтерме бағамен сатып алғысы келеді. Ал  өнімнің сапасы дәл сол бағаға байланысты емес пе? «Арзанқол» бағаны шетелдік өндірушілер сөзсіз контрафакт есебінен ғана ұсынады. Себебі импорттық азық-түлік өнімдері қазақстандық санэпидбақылаудан бір-ақ рет өтеді. Онда да қазақстандық нарыққа алғаш шыққан кезінде ғана тексереді. Сөйтіп, үш жыл бойы бұл тауар қазақстандық сөрелерге ешқандай тексерусіз түсе береді, – дейді «Қазақстан құс өсірушілер одағы» Заңды және жеке тұлғалар бірлестігінің президенті Руслан Шарипов.

 Отандық өнімнің басымдығын бекіту қажет

– Ішкі сауда субъектілері арасындағы қаржылық өзара қарым-қатынастардың ашықтығын мемлекеттік деңгейде бақылау қажет. «Сауда қызметі туралы» заңнан «сыйақы» ұғымын алып тастау керек. Бұл тауарды жеткізушінің сауда желілеріне беретін ретробонустарды, сондай-ақ тауарға байланысты кез келген бонустарды, қосымша қызметтерді төлеуді көздейді. Сондай-ақ, қолданыстағы прайс-парақтан сатып алу бағасына жеңілдіктерге тыйым салу. Өйткені көбіне сауда компаниялары келісімшарттармен айла-шарғы жасау арқылы жиі қолданатын шарт. Сауда желілерінің жұмысын реттеу индексі ретінде тек «сауда үстемесі» ұғымын қалдырған жөн. Ол дамыған елдердегідей қатаң шектелуі керек. Ал сауда сөрелерінің кем дегенде жартысын «Қазақстанда жасалған» деген белгісі бар тауар иеленуі үшін отандық өнімнің басымдығын бекіту қажет. Міне, осылар отандық өндірушіні қорғаудың нақты қадамдары болады, – деді Қазақстанның Жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының вице-президенті  Ұлан Тәжібаев.

 Әкімдіктер мен бақылау органдары сауда желілерінің саясатын қадағалауы тиіс

Қазір сауда желілері пост-төлем бойынша қатаң шарттар қояды. Кәсіпорын өнім шығарады, қызметкерлерге жалақы мен салығы бар, өнімнің жеткізілуін төлейді. Ал сауда желісі бірнеше айдан соң, яғни өнімді тұтынушыға сатқаннан кейін тауарға төлем жасайды. Демек, өндірушілерге азық-түлік өндірісін кеңейтуге жұмсалатын айналым капиталы бірнеше айға кешігіп  келеді. Отандық өндірушілер өнімін қорғау жөніндегі мемлекеттің бірыңғай протекционистік саясаты шеңберінде жоспарлы түрде іске асырылуы тиіс. Сол себепті басқа да заңнамалық бастамалармен бағдарламаны толықтырған жөн. Мысалы, бизнесте қазірдің өзінде сатылған өнім үшін төлем мерзімін ұзартуды шартқа енгізуге толық тыйым салу қажет. Әкімдіктер мен бақылау органдарына отандық өндірушілерге қатысты сауда желілерінің саясатын қадағалауы тиіс,

Жалпы, «Қазақстанда жасалған» бағдарламасының Жол картасы отандық өндірушілердің пікірін ескерместен асығыс қабылданған. Дегенмен құжатқа нарық үшін аса маңызды толықтырулар енгізіп, оны аяқтау әлі де кеш емес. Ол үшін өндірушілердің салалық одақтарын, «Қазақстанда жасалған» бағдарламасын әзірлеушілерін, сондай-ақ экономикалық блоктың негізгі министрліктерінің өкілдерін қоса отырып, ведомствоаралық жұмыс тобын құру қажет, –  деді  Қазақстан Сүт одағының директоры Владимир Кожевников.

Тоқетері: Әуелде кәсіпкерлер «Қазақстанда жасалған» жаңа белгі отандық өндірушілердің барлық мәселелерін шешіп береді деп ұйғарған. Ең бастысы – отандық нарық үшін, әсіресе – азық-түлік нарығы үшін өнім шығаратын отандық кәсіпорындарды қолдау шараларын қамтиды деп күткен. Бірақ азық-түлік өндірушілерінің салалық одақтары дүкен  сөрелерін отандық өнімдер мен тауарларға толтыра алмайтынын атап отыр. Себебі, кәсіптің дамуына қажетті жағдай жасалуы керек. Бұл өз кезегінде оңай емес – заңнамалық өзгерістерді, халықаралық тәжірибенің зерттелуін, жергілікті нарықта импортты бақылаудың күшейтілген шараларын талап ететін мәселе. Мысалы, бағдарлама бастамашылары «Қазақстанда жасалған» белгісімен тауарларды ерікті түрде сертификаттау жүйесін құруды ұсынған. Алайда аталмыш сертификаттауға қойылатын талаптардың қазір қолданыстағы техрегламент талаптарынан айырмашылығы неде? Сертификаттау не үшін және кімге керек? Өндіруші мемлекеттік бағдарламаға ене отырып, «Қазақстанда жасалған» деген белгісімен шығатын өнімді неге жергілікті екенін дәлелдеуі қажет? Міне, осы сұрақтың жауабын кәсіпкерлер біле алмай отыр. Ал олардың үнін еститін құлақ бар ма екен?!   

 

фото: nur.kz-тен алынды