Павлодар облысына сапары барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов Екібастұз қаласының тұрғындарымен және Ақсу ауданындағы «Ауыл аманаты» бағдарламасының болашақ қатысушыларымен кездесті.
Өңірлерде жастардың проблемасын шешетін жеке бағдарлама әзірленіп жатыр - Көлгінов
797
оқылды

Халықпен кездесу – азаматтарды қандай мәселелер толғандыратынын білу үшін жақсы мүмкіндік. Әрине, Екібастұз тұрғындары үшін қалада қызу жүріп жатқан жылу желілерін жөндеу жұмыстарының барысы, сондай-ақ көп пәтерлі үйлерге қызмет көрсету мәселесі өзекті болып отыр. Сондай-ақ екібастұздықтар үшін мектептер құрылысы мен оларды жөндеу, оқушылар мен жастардың бос уақытын ұйымдастыру мәселелері маңызды саналады.

«Президенттің тапсырмасы бойынша елімізде 2029 жылға дейінгі мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы қабылданды, оның негізінде өңірлерде жастардың басты проблемаларын: тұрғын үймен қамту, жұмысқа орналастыру, оқыту және біліктілікті арттыру, бос уақытты ұйымдастыру мәселелерін шешуді көздейтін жеке бағдарламалар әзірленіп жатыр. Маңызды бағыттардың бірі –  салауатты өмір салтын қалыптастыру. Өңірде спорт нысандары жеткіліксіз және бұл мәселе – Үкіметтің бақылауында, себебі азаматтардың денсаулығы осыған тікелей байланысты. Оны бюджет қаражаты есебінен ғана емес, сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік жағдайында бизнес өкілдерін тарту арқылы шешу қажет», — деді Алтай Көлгінов.

Сонымен қатар қосымша білім беру нысандары да тапшы. Мысалы, Екібастұзда балалардың тек 26%-ы үйірмелерге қатыса алады. Барлық өңір үшін өзекті болып отырған мәселені шешу үшін Қазақстанда шығармашылық және зияткерлік әлеуетті дамытуға бағытталған 100 ірі орталық және 50 балалар сауықтыру лагерін салу жоспарланып отыр.

2024 жылы Екібастұзда Инновациялық шығармашылық орталығының құрылысын бастау жоспарланып отыр, оның орны белгіленіп қойған. Оған қоса тұрғындар қалалық перзентхананың жай-күйі мәселесенін көтерді. Ол 80-жылдардың соңында салынған, сондықтан оны күрделі жөндеуден өткізіп, жаңа жабдықтармен қамту қажет.

Алтай Көлгіновтің айтуынша, елімізде 13 перинаталдық орталық салу жоспарланып отыр. Алайда құрылыс аяқталғанға дейін бірнеше жыл өтеді, сондықтан қолда бар медициналық нысандарды да жабдықтау қажет.

«Ауылдық жерлерде денсаулық сақтауды жаңғырту бағдарламасы бойынша 600 медициналық нысан салу және 32 ауданаралық аурухананы кеңейту жоспарланып отыр. Бұл ауқымды жобаның мақсаты – қазіргі кезде аудан және облыс орталықтарына көмек сұрап баруға мәжбүр ауыл тұрғындары үшін медицинаны қолжетімді әрі сапалы ету», — деді вице-премьер.

Павлодар облысы Ақсу ауданының тұрғындарымен кездесу барысында Алтай Көлгінов «Ауыл аманаты» бағдарламасының іске асырылуы туралы айтып берді. Кездесуге қатысушылар бағдарламаның шарттары туралы өз сұрақтарын қойды.

«Ауыл аманаты» бағдарламасының негізгі мақсаты – халықтың табысын арттыру және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау. Бағдарламаны іске асыру үшін 2023 жылы республикалық бюджеттен 100 млрд теңге бөлінді, 17 мың шағын несие беру жоспарланған. Павлодар облысында осы мақсаттарға 1,5 млрд теңге қарастырылған, бұл жеңілдікпен берілген несиенің арқасында 300-ден астам жеке шаруа қожалықтарын құруға мүмкіндік береді», – деді Премьер-Министрдің орынбасары А. Көлгінов.

Ауыл тұрғындары несиені өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация арқылы ресімдей алады. Егер кооперативтер құрылатын болса, онда ауыл шаруашылығы техникасын лизингке сатып алуға мүмкіндік беріледі, яғни техника құнының жартысын мемлекет субсидиялайды. Бұл орайда қарыз сомасы айтарлықтай арта түседі. Бағдарламаның басты нәтижесі ретінде ауылдық жерлерде жұмыспен қамту мәселесін шешілуге тиіс.

й