Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның басты мақсаттарының бірі - балалардың ерекшеліктеріне қарамастан, мүмкіндіктері мен қабілеттерін ашу. Белгілі болғандай, футболды тек ұлдар ғана емес, қыздар да жақсы көреді екен.
«Ерекше балаларды шектемей, көңіл бөлейік деп осы шараны ұйымдастырдық. Ойнап жүрген балаларға қарап, ерекше жеткіншектеріміз де бой түзеп, мүмкін жазылып кетер деген ойымыз да болды», - деді “Сауап тобы” қорының құрылтайшысы Абзалбек Зейнәбілұлы.
Шара аясында аниматорлар балалармен би билеп, доп ойнап, көңілдерін көтерді. Одан бөлек, «Астана» клубының ойыншылары Абзал Бейсебеков пен Аслан Дарабаев жасөспірімдерге футбол доптарын сыйлап, қолтаңбаларын берді. Футбол клубы әлеуметтік және қайырымдылық шараларын қолдауды жалғастыруды жоспарлап отыр.
«Мұндай іс-шаралар жиі жасалу керек. Біз ерекше балалармен үнемі байланысып, қолдауға дайынбыз», - деп атап өтті “Астана” футбол клубының ойыншысы Абзал Бейсебеков.