Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров билеттің қымбатшылығына шағымданатын азаматтар саны күн санап артып бара жатқанын атап өтті.
«AMANAT»: Air Astana мемлекет қолдауын көріп отыр ма?
1,124
оқылды

Еліміздегі жеті әуежайда әуе айлақтарға берілетін жарамдылық сертификатының қолдану мерзімі өтіп кеткен. Соған қарамастан, олар штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Салада болған қазіргі жағдайды депутаттар «баға бейбастығы» деп атады. «AMANAT» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Республикалық кеңестің отырысында жолаушыларды әуекөлігімен тасымалдаудың қымбатшылығы және ұшу қауіпсіздігі мәселелері талқыланды.

Осылайша, Кеңестің жұмыс тобы азаматтық авиацияның ұшу қауіпсіздігін бақылау және қадағалау жөніндегі қызметтің тиімділігін зерттеп, көңіл көншітпейтін қорытындыға келді. 2022 жылы қазан-желтоқсан айларында Ақтөбе, Зайсан, Балқаш, Шымкент, Павлодар қалаларындағы әуежайларда әуеайлақтарға берілетін жарамдылық сертификатының қолданылу мерзімі аяқталды. Ал Атырау және Қостанай әуежайларында биыл ақпанда аяқталды.

«Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ биыл ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздік бойынша 400-ден астам тексеру жүргізуді жоспарлап отыр. Алайда Кеңестің жұмыс тобы мүшелерінің қатысуымен жоспардан тыс іріктеп тексеру жүргізу жөніндегі ұсыныстан олар бас тартты. Себебі аталған ұйым әуежайларға жоспардан тыс тексеру жүргізе алмайтын көрінеді. Бұған қарап, жарамдылық сертификаты мүлдем маңызды емес деген ойда қаламыз», – деді партиялық бақылау инспекторы Венера Есілбаева.

Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің (ҚАӘ) басшылығы Кеңес отырысына қатысқан жоқ. Атап айтқанда, бас директор Каталин Раду бірнеше аптадан бері партиялықтармен кездесуге уақыт таба алмады.

«Бізге партиядан тиісті өтініш келіп түсті. Оған қатысты жауабымды жолдадым. Ол кезде бас директор іссапарда жүрген еді. Кейін денсаулығына байланысты қашықтан жұмыс істеді. Ал дәл осы отырысқа ол халықаралық конференцияға қатысатындықтан келе алмады», – деді ҚАӘ ішкі қауіпсіздік жөніндегі аға инспекторы Нұрлыбек Сыздықов.

Сондай-ақ партиялықтар ішкі әуетасымалындағы қазіргі баға деңгейін талқылады. Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров билеттің қымбатшылығына шағымданатын азаматтар саны күн санап артып бара жатқанын атап өтті.

«Адамдар Air Astana және FlyArystan-ның баға саясатына тәуелді. Тұтынушыға қамқорлық жасалмайды. FlyArystan-ның билет құнына қарап, бұл компанияны лоукостер деп айтуға ауыз бармайды. Отандастарымыз Астанадан Парижге ұшып баруға жететін қаражат жұмсауға мәжбүр. Оралдан Алматыға дейінгі билет құны 80 мың теңгеге дейін шарықтайды. Ал шетелде ұшаққа отырсаңыз, дәл осы сома әлемнің жартысын айналып өтуге жетеді. Міне, елімізде әуетасымалының қаншалықты қымбат екенін осыдан-ақ аңғаруға болады. Бұл қаражат қайда кетіп жатыр? Air Astana коммерциялық компания ретінде жұмыс істейді. Бірақ қазіргі қызметі ұлттық тасымалдаушы мәртебесіне сәйкес келмейді. Ол тек өзіне берілген айрықша мәртебе мен мемлекет қорғауын ғана пайдаланып отыр. Алайда әлеуметтік жауапкершілік те болуы керек. Соның салдарынан бәсеке де болмайды, баға да тұрақтанбайды», – деді Ерлан Саиров.

Бұл пікірмен Кеңес мүшесі, Мәжіліс депутаты Абзал Құспан да келісіп отыр. Сондай-ақ ол отандық әуекомпанияларына тең жағдай жасалмаған деп есептейді.

«Депутат ретінде ғана емес, тұтынушы ретінде де пікір білдіргім келіп отыр. Салада сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар. Себебі тек бір компания – Air Astana үшін ғана барлық жағдай жасалған. Мәселен, Scat-тың рейсін неге бірнеше сағат күтеміз осы? Бұл жағдай адамдардың ашу-ызасын туғызады. Ал Scat қызметкерлері болса, барлық жағдай тек Air Astana үшін жасалып жатқанын айтады. Елімізде арзан бағамен тасымалдаушылар пайда болуы үшін әуекеңістігіміз бәсекеге қабілетті болуы керек», – деді ол.

Бұған жауап ретінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Алмаз Ыдырысов ИИДМ тарапынан ешқандай компанияға мемлекеттік қолдау мен қорғау жасалмайтынын атап өтті. Министрлік тек ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

«Air Astana – «Самұрық-Қазына» қорына қарасты компания. Тиісінше, стратегиялық міндеттерге де солар жауап беруі тиіс. Ал баға мәселесіне келетін болсақ, оны ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі белгілейді. Халықаралық тәжірибеге сәйкес, авиабилет құнын белгілеу мәселесі заңнамалық тұрғыда реттелмейді. Оны авиакомпаниялар нарық шартына сай айқындайды. Қазақстандық авиакомпаниялар авиабилеттерге баға белгілеу кезінде динамикалық баға белгілеу жүйесін қолданады», – деді вице-министр.

Кеңес мүшесі, Мәжіліс депутаты Марат Бәшімов Air Astana компаниясының қызметін заң бұзу тұрғысынан зерделеп, компания мен мемлекеттік органдар арасында жасалған шарттарды тексеру қажет екенін атап өтті.

Кеңестің тағы бір мүшесі, саясаттанушы Талғат Қалиев рейстің кешігуі мен әуежайдың бортқа қызмет көрсетуге дайын болмауының жиілеп кеткеніне назар аударды.

«Ұшақ Алматы әуежайына қонған соң шамамен бір жарым сағат күтеміз. Бірде автобус, енді бірде трап табылмай қалады. Оның бәрі қайда кеткен өзі? Жоқ болса сатып алуға болмай ма? Алматыдан Астанаға бір күн бұрын билет сатып алғысы келген адам жаға ұстатарлық жағдайға тап болады. Мәселен, FlyArystan-ның билет құны – 60 мың теңге. Ал Air Astana-ға мүлдем билет сатып ала алмайсыз. Елімізде ұшақ жетіспейтін болса, өзге авиакомпаниялардың да жұмыс істеуіне рұқсат етейік. Мысалы, Wizz Air компаниясы Қазақстанда қызмет көрсетуге дайын отыр. Бірде Лос-Анджелес-Нью-Йорк бағытындағы ұшақ билетін 32 долларға (15 мың теңге) сатып алдым. Ондағы арақашықтық шамамен 4 000 шақырымды құрайды. Билетті дәл ұшатын күні алдым. Ал бізде мұндай баға бар ма? Қазақстанда 30 жылда баға бір рет болсын төмендеп көрген жоқ. Керісінше, күн санап өсіп келеді», – деді ол.

Жиын соңында Кеңес мүшелері Азаматтық авиация комитетіне авиабилет бағасын белгілеуді реттейтін тетік әзірлеуді, рейстің кешігуіне жол бермес үшін шара қабылдауды, сондай-ақ ұшу қауіпсіздігін қадағалауға қатысты жұмыс тәсілін қайта қарауды ұсынды.