Рәтбай Мырзақұлов ҚР ҰҒА академигі, Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер, ЕҰУ жанындағы «Еуразиялық халықаралық Теориялық физика орталығы» ҒЗИ директоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор. Әлемдік деңгейде өз қолтаңбасымен танылған ғалым физика және математика саласында бірқатар маңызды жаңалықтар ашқан.
Рәтбай Мырзақұлов: Іргелі ғылым алдыңғы қатарда болуы қажет
3,961
оқылды

Физик-теоретик шетелдің беделді басылымдарында жарық көрген ғылыми мақалаларымен әлемдік ғылыми қауымдастықты мойындатып отыр. Қазақстанның іргелі ғылымын космология және астрофизика саласы бойынша әлемдік деңгейге көтерген ғалыммен тілдесіп, жетістіктері және өмір-толғамдары жөнінде білген едік.

– Рәтбай Қағазұлы сөз басында өмір жо­лыңызды, жетістіктер бастауы кезіндегі сәт­терді оқырмандарымызға әңгімелеп бер­сеңіз?

– Мен 1954 жылы 1 ақпанда қазақтың са­харасы атанған Қызылқұм шөлінің тө­рінде, Қарақалпақстанның Тақтакөпір ау­­­данындағы Қоңыраткөл деген ауылда дү­ние­ге келдім. Әкем – Мырзақұл Қаражанов, анам – Қағаз Пәрменова ауыл шаруа­сын­да­ғы адамдар еді. Мектеп бітірген соң Қа­зақ­станға келіп, ҚазҰУ-дың «Физика» фа­культетіне оқуға түстім. Кейін біржолата ғы­лымға ден қойып, 1981 жылы Ресейдің Дуб­на қаласындағы Біріккен ядролық зерт­теулер институтының ғылыми тәжірибе жи­­­нақтаушы ретінде, соңынан аспирант бо­лып жұмыс 7 жыл істедім. Осында жүр­ген­де ғылыми жетекшім Владимир Маха­нь­ков басшылығымен, әріптесім Октай Ка­малұлы Пашаевпен бірлесіп жазған ал­ғашқы ғылыми мақала шведтің Physica Scripta деген журналында жарық көрді. Ас­пирантурамды аяқтаған соң, 1988 жылы Мәскеудегі П.Лумумба атындағы Халықтар достығы университетінде теориялық және ма­тематикалық физика мамандығы бойын­ша кандидаттық диссертация қорғадым. Елге қайттым.

1991 жылы КСРО құлады. Ғылымды қар­жыландыру, қолдау сап тыйылды десек бо­лады. Мен істейтін ядролық орталықта ақ­ша жоқ, айлық бере алмай қалды. Амал­сыз «үй салып жатырмыз» деген сылтаумен ал­ты ай ақысыз демалысқа жіберді. Оны та­ғы бір-екі жыл создырып келдік. Күнкөріс жа­сау керек, бала-шағаны асырау біздің мойын­да. Азын-аулақ сауда жасап, көшеде тұратын кемпірлердің қатарына қосылдым. Тірнектеп жүріп қор жинап, Абай көшесінің бойында адам көп жүретін жерден дүң­гір­шек аштым. Кейін көтерме базарда сауда-сат­тық жасап жағдайымыз түзелді. Алайда қо­мақты табыс тауып, кәсібім жүріп тұрса да ойымнан ғылым шықпады. Заман түзе­ліп келе жатыр, осыны ойлана келе ғы­лым­ға қайтып келу жөнінде шешім қабылдадым. Өзім істеген зерттеу институтына жұмысқа шықтым. Араға он үш жыл салып, 2001 жы­лы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғы­лыми кеңесінде өзімнің тақырыбымды те­рең зерттеп, «Спиндік жүйелер және сы­зықтық емес физиканың көп өлшемді со­литондық моделдерін зерттеудің диф­фе­рен­циалды-геометриялық тәсілдері» деген та­қырыпта докторлық диссертация қор­ғадым.

Бірер жылдан соң Астанаға келіп жүріп, Еуразия ұлттық универ­сие­тін­де істейтін танысыма соғып едім. Оны сол сәтте ректор шақырып жатыр екен. «Асы­ғыспын жолай сөйлеселік» деді. Өзі іш­ке қабылдауға кіріп кетті, мен кіреберісте оны күтіп отырмын. Бір кезде ол шығып «сіз­бен ректор сөйлескісі келеді» деді. Рек­тор Сәрсенғали Әбдіманапов бірден уни­вер­ситетке шақырды, «ЖОО жанынан өзіңе институт ашамыз» деп уәде берді. Бұл күт­пеген ұсыныс еді, өзім абдырап қалдым. Ал­матыға келген соң жарты жылдай ой­ла­нып, елордаға барамын деп шештім. Кел­ген соң көп ұзамай 2006 жылы «Жалпы және тео­риялық физика» кафедрасының мең­герушісі болып тағайындалып, сонда 16 жыл табан аудармастан жұмыс істедім. Осы жылдары біздің кафедрамыз ЕҰУ, Қа­зақ­стан, Орталық Азияда ғана емес, әлемге бел­гілі теориялық физика кафедрасына ай­­­налды.

– Бір сұхбатыңызда «Мырзақұлов шә­кір­т­терінің арасында өзімнің балаларым да бар» деген екенсіз. Әулеттеріңізде физика мен математика мамандығын таңдаған 21 адам бар екен. Осыны тарқатып айтып бер­сеңіз? 

– Жалпы қазақ ғылымын басқа елдердің ғы­лымынан да озық әрі тәуелсіз етуіміз ке­рек. Негізінен өз күшімізге, өз ғалым­да­ры­мызға сүйенуіміз керек. Қазақтың осы ға­сырдағы ұлттық кәсібі – ғылым, ғылым­паз­дық болуы тиіс деп айтып жүремін. Осы мақ­сатқа жету үшін көптеген шәкірт тәр­бие­ледім, ғылымға бағыт сілтеп, қолдау көр­сеттім. Осындай үміт күткен дарынды шә­кірттерімнің арасында өзімнің де ба­ла­ларым бар. Жалпы балаларымның ма­ман­дық таңдауына араласып, шектеу жаса­ма­дым. Олар «жазушы, ақын, спортшы не кә­сіпкер боламын» десе бетінен қақпадым. Алайда менің қолымнан келетіні, білетінім физика мен математика ғылымы. Сұрап келсе соны үйретемін. Кейін олар жоғарғы оқу орнын таңдағанда бірден физматқа бара­ды. Содан соң аспирантура, докто­ран­тураны оқиды. Тағы бір айта кетерім, өзім университетте оқып жүргенде әке-шешеме басқа балаларының «бір-бір баласын оқы­тып шығамын» деп уәде берген едім. Сол та­ғы да бар. Құдай қосқан жұбайым да орта мек­тепті алтын медальға бітірген математик болып жолықты. Жалпы өз отбасымның екі мүшесі мектепті алтын медальмен, ал та­ғы екеуі «Алтын белгіге» бітірген. Біраз ба­лам, аға не інімнің балалары да бар, әуле­ті­мізде барлығы 21 адам теориялық физика жә­не математика ғылымын таңдады. Қазір олар­ды еліміздегі және шет елдегі ғылыми көп­шілік «Мырзақұловтар әулеті» деп та­ниды. Осы жерде менің докторлық дис­сер­тация қорғағандағы банкетімде белгілі фи­зик-теоретик, академик Мейірқан Әб­дил­­диннің «Негізі сенің бабаларыңда бір да­­нышпан болған» деген сөзі есіме түсіп отыр.

– Сізді әлемге танытқан «Мырзақұлов тең­деулері» екені сөзсіз. Осы жаңалықты қа­­­рапайым оқырманға түсіндіріп бере кет­сеңіз?

– Мен ғылымда физика-математиканың екі тарауымен айналыстым. Біріншісі – со­литондар теориясы, екіншісі – аст­ро­фи­зика, гравитация, космология. Аспиран­ту­ра­да оқығанда ғылыми жетекшім со­ли­тон­дар теориясын зерттеу тақырыбы ре­тінде бе­р­ді, соны зерттеп, кандидаттық дис­сер­та­ция қорғадым. Іргелі ғылымдардың жаңа ба­ғытының бірі – солитондар теориясын ел­ге алып келдім. Енді «Мырзақұлов тең­деу­лері» дегенге келсек. 1967 жылы 4 аме­ри­калық ғалым сызықтық емес теңдеулерді ше­шетін әдіс ойлап тауып, оның теориясын ұсын­ды. 1971-73 жылдары ол теорияны бас­­қа теңдеулерге қолданып көріп, оның уни­версалды әдіс екеніне көз жетті. Сөйтіп, оны физикада және ғылымның басқа да түр­лі салаларында қолдана бастады. Алайда сы­зықтық емес теңдеулер солардың әрқай­сы­сын сипаттайды. Оның бір жері бар, бір тұ­сы жоқ, яғни әлі зерттелмеген. Мен осы ашық қалған, зерттелмеген жерлерін тауып, дә­лелдеп толықтырдым. Табиғаттың күр­делі де, тылсым физикалық құбылыстарын ма­те­матика тілінде сипаттайтын теңдеу­ле­рім қазір «Мырзақұлов теңдеулері» деген ат­қа ие болды. 

Енді екінші ғылыми бағытыма келсек, фи­зиканы зерттей жүріп, басқа ғылымды да зерттеп, ой-өрісімді кеңейткім келді. Сол үшін астрофизика, гравитация, кос­мо­ло­­­гияны қолға алдым. Алайда бұл тақы­рып­тармен елде айналысуға мұршам бол­ма­ды. Өйткені экономикалық жағдай, өт­пе­лі кезеңдегі тұрмыстың әлегі мазалай бер­ді. Содан соң басқа елге, жерге кетіп то­лық ғылыммен айналысу керек деп шеш­тім. Ақыры «Болашақтың» стипендиясын алып бір жылға АҚШ-тың Калифорния уни­верситетіне барып жұмыс істедім. Жа­тақхананың шағын бөлмесінде тұрдым. Кос­мология саласында әлем ғалымдарының на­зарында жүрген Әлемнің үдемелі ұлғаю се­бептерін зерттеуге бар ынтамен кірістім. Со­ның нәтижесінде «Мырзақұловтың гра­ви­тациясы» дүниеге келді. Өз білімім, күш-қайратыма сеніп, көпшілік ғалымның тісі бата бермейтін Ғаламды және оның үдемелі даму себептерін гравитация теориясын дамыту арқылы зерттеуім European Physical Journal C халықаралық танымал ғылыми жур­­­­налда (2011, v.71, N9, 1752) «Accelerating universe from F(T) gravities» тақырыбымен жарияланды. Осы тың жаңалыққа шетелдік ға­лымдар мен беделді басылымдарда бірі­нен кейін бірі сілтеме жасай бастады. Со­ны­мен қатар «Nearly Starobinsky inflation from modified gravity» және «Reconstruction of gravity: Rip cosmology, finite-time future singularities, and thermodynamics» атты ма­қа­лаларым Thomson Reuters компа­ния­сы­ның Essential Science Indicators ақпараттық ре­сурстар мәліметі бойынша 2005-2015 жыл­дардағы әлемдегі 1 пайыздан жоғары сіл­темеге ие болған жұмыстардың құрамы­на енді. Қазақстандағы физика бойынша ең көп сілтемеге ие болған алты мақаланың үшеуі менің авторлығыммен шыққан. 

– Биыл «Әлемдегі ең беделді ғалым­дар­дың 2 пайыздық» рейтингісіне ендіңіз. Со­ны­мен қатар ғылыми дерекқорлар мен ха­лық­ара­лық ғылыми журналдарда жариялану жә­не сілтеме берілу бойынша озық екенсіз. Осы жетістіктеріңізге тоқтала кетсеңіз... 

– Физика-математика ғалымы ретінде «Әлем­дегі ең беделді ғалымдардың 2 па­йыз­­дық» (World's Top 2% Scientists) рейтингісіне ендім. Оны өзім білмейтінмін. «Ха­лық­ара­лық бағдарламалар орталығы» қоңырау ша­лып, өздері хабарлады. Аталмыш тізімді Стэнфорд университетінің сарапшылары былтыр күзде Elsevier ғылыми баспасының соңғы мәліметтеріне сәйкес құрастырады. Көп сілтеме жасалған ғалымдар қатарында ата­лып, Springer халықаралық басылымдар ком­паниясының үздік авторы атағын бір­не­ше жыл қатарынан алдым. Сонымен қа­тар физика және астрономиядан халы­қ­ара­лық Scopus сыйлықтарына ие болдым. 

Жалпы Қазақстанда 23 мыңдай ғалым бар. 30 жыл бұрын оның саны 50 мыңнан аса­тын. Қиыншылық кезде жастар ғылымға аз келді, сақа ғалымдар басқа салаларға ке­тіп қалды, соның салдарынан қатарымыз екі есеге азайды. Ал батыста ғылым жақсы да­мыған. Деңгейі бірдей екі ғалымды қалай са­лыстырады. Сол үшін өркениетті елдерде ға­­­­лымдардың жетістігін өлшейтін өлшем­дер ойлап тапты. Соның бірі – Хирш ин­дексі. Ол ғалымның ғылыми метрикасының көрсеткіші. Бұл индекс ғылыми мақалалар мен осы мақалаға жасалған сілтемелер не­гізінде ғалымның, ғылыми топтың, ғылыми ұйым­ның немесе бүкіл бір елдің ғылыми өнім­ділігінің сандық сипаттамасын көр­се­теді. Ол ғалымның қаншалықты өнімді жұ­мыс істейтіндігін білдіреді. Қазақстан дең­гейінде мен осы бағалаудан жетекші орын­дамын. Қазір Scopus-тағы Хирш ин­дек­сім 47-ге тең. Импакт-факторлы жоғары рей­тингілі журналдарда жариялану белсен­ді­лігі бойынша физика және математика са­ласында Қазақстан ғалымдарының ішін­де бірінші орында тұрмын. Жалпы 400-ден ас­там ғылыми еңбектің авторымын. 300 ма­қалам шетелдік ғылыми басылымдарда жария­ланды.

– Біздің ғылымның жетістігі және жаңа­лықтары аз емес, алайда олардың өнеркәсіпте қол­данылуы, экономикада айналысқа түсуі не­ліктен сирек? 

– Ғылым үшке бөлінеді. Іргелі, қол­дан­ба­лы және соңғысы қолданылуы бойынша. Мен іргелі, фундаментальды ғылым өкілі­мін. Менің түсінігімде, іргелі ғылым алдың­ғы қатарда болуы қажет. Еуропа, Америка, Жа­пония секілді дамыған елдер іргелі ғы­лым­ның жағдайын жасап қойған. Ал олар­дың ашқан жаңалығы мен жетістігін өнер­кәсіпте қолдану басқа ғалымдардың жұ­мы­сы. Іргелі ғылым дамымаған болса қол­дан­ба­лы ғылым да өркендеп кетпейді. Өйткені өсімдік өзі жерсінген жеріне ғана өседі, ол екпесе, күтіп-баптамаса кез-келген жерге шы­ға бермейді емес пе? Экономикадағы қол­­данбалы ғылымның өсетін тұсы да ірге­лі ғылымға тікелей тәуелді. Қазақстанда ғы­лым осы жағынан пісіп жетілуі керек. Өйт­кені іргелі ғылым ойлап тапқанды қол­дан­балы ғылым айналысқа енгізеді. Мы­са­лы 20-30 жыл бұрын ұялы телефон үлкен кір­піш секілді ауыр еді. Қазір іргелі ғы­лым­дар соны зерттеп, ашқан жаңалықтары нә­ти­жесінде ол қалтаға сыйып кететіндей кішірейді. Айталық бұрын есептеу ор­та­лығы үлкен ғимаратты түгел алып тұратын еді. 20-30 жылдан соң қолға алып жүруге жеңіл ноутбук секілді кішірейді. Сондықтан экономиканың дамуы, жетілуі үшін уақыт және жетілген іргелі ғылым болуы тиіс. Ал оны қолданбалы және қолдану ғылымының дайын өнімге айналдыруы көп уақытты қа­жет етпейді. 

– Қазіргі физика ғылымның зерттелмей жат­қан тұстары, ашылмаған жұмбақтары бар ма?

– Физиканың да шешілмеген мәселесі аз емес. Өзіме жақын біреуі туралы ай­тайын. Бірнеше жыл бұрын, әлемнің жа­ра­тылысы мен даму эволюциясын зерттеудегі бас­ты бағыттың бірі саналатын астро­но­мия­ның космология саласы бойынша үш ға­лым Нобель сыйлығын алды. Олар онда­ған жылдар бойы зерттеу жұмыстарын жүр­гізіп, тұңғыш рет әлемнің үдемелі түрде кеңіп бара жатқандығын ашты. Бізге осы­ның жұмбақ тұсы «неге үдемелі түрде ұлға­йып бара жатқандығы». Физика заңы бойын­ша объект үдемелі түрде қозғалып бара жатса оған әсер ететін күш бар. Сол қан­­дай күш, соның табиғаты, теориясы, фор­­масы белгісіз? Ғалымдар әртүрлі вар­иант­тар ұсынып жатыр. Қазіргі ғылымдағы жұм­бағы шешілмеген нөмір бірінші проб­лема осы. 

Ғалам млрд-таған жұлдыздан тұрады. Ға­лымдар «осы ғаламшарларда, Жерден басқа планеталарда, тіршілік бар ма?» деген сауал­ға жауап таппай келеді. Оларда тір­ші­лік болса формасы қандай? Биологиялық түр болса пішіні микроб деңгейінде ме, әл­де бізден алып па? Интеллекті қай дең­гей­де? Өте дамыған тіршілік болатын болса біз­дің планетамызды, адамзатты құртып жі­беруі әбден мүмкін ғой. Бұл қазіргі ғы­лым­ның алдында тұрған зерттейтін дүние. Ол адамзатты сақтап қалу үшін қажет. Күн деп аталатын жұлдыз алдағы 4 млрд жылдан соң сөнеді деген болжам, бағалау бар. Онан соң не болады? Күн сөнетін болса, адамзат Жер­де тұрақтап қала алмайды. Адамзат бас­қа планеталарға болмаса галактикаларға кө­шетін жағдайды ғылым қазірден ой­ластыруы, зерделеуі тиіс... 

– Құжатыңызда әкеңіздің атының ор­ны­на шешеңіздің атын жаздырып алға­ныңыз жөнінде естідім. Осыны түсіндіріп берсеңіз?

– Атамның аты Қаражан. Дұрысы аты-жө­нім «Қаражанов Рәтбай Мырзақұлұлы» деп жазылуы керек еді. Құжатымда «Рәтбай Мыр­зақұлов» деп жазылған. Тегімде көр­се­­­­тілген Мырзақұлов әкемнің аты. Әкемнің аты бос тұр. Тегім ретінде солай жазылуы тиіс қой. Маған сельсовет «метірке» бер­ген­де осылай толтырып жіберген. Әке-ше­шем шаруаның адамы, оны түзетіп жібе­ре­тін сауаты жоқ еді. Кішкене кезімде ауыл­да­ғылар «Қағазды көргің келсе Рәтбайды көр» деп айтатын. Түрім анама тартқан еді. Со­дан кішкентай кезімде «Қағазович» деп әзі­лдейтін. Есейгенде құжатымды ауыстыр­ған­да әкемнің аты деген жерге анамның атын жаздырттым. Әкемнің аты фамилиям деген жерде онсызда тұр ғой. Осыны естіп Мұратбай деген ағам ұрысты. «Мынадай қазақта жоқ» еді ғой деп. Былай анамды да әкемді де тең жақсы көремін. Бала кезімізде «әке-шешемізді өскен кезімізде үлде мен бүл­деге орап қоямыз» деп армандайтынбыз. Алайда әкем 3 курс бітіргенде, шешем кан­дидаттық қорғап келген тұста дүниеден өтті. Олар үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Оқу деп ылғи сыртта жүргендіктен, бала ре­тінде әке-шешемнің еңбектерін ақтап, олар­ға қамқорлық, жақсылық істей алма­дым. Іште бір өкініш қалды. Қартайса да, үйіңде әке-шешең тірі отырса одан асқан бақыт бар ма еді?! 

Осы тұста бір жайтты айта кетейін. Перу­за деген отбасымыздағы, яғни әке-ше­шемнің жалғыз қызы бар. Қазір жасы жет­піс төртке жақындады. Күйеуі қайтыс бол­ды. Алматының маңында Шамалғанда жұ­пыны саяжайда тұрды. Қаладан тәуір үй ала­тын жағдайы болмады. Содан 2017 жы­лы желтоқсан айында Ақордада Мемлекет бас­шысының қолынан әл-Фараби атын­дағы ғылым мен техника саласындағы Мем­лекеттік сыйлықты алдым. Сыйлық­тың 18,6 млн теңгесі бар. Салығын ұстаған­да қолымызға 17 млн-дай тиді. «Әке-ше­ше­міздің бір тал қызы бар, соның жағ­дайы кел­мей жүр, соны уайымдайтын шығар» деп ойлап жүретінмін. Мемлекеттік сый­лық­тың ақшасына сол әпкеме Астананың сол жағалауынан екі бөлмелі пәтер алып бер­дім. Қазір қолында бір ұлы-келінімен тұ­рып жатыр. Кішкене болса да, әке-ше­шем­нің алдындағы парызымды орын­да­ған­дай болып сезініп жүрмін...

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Жәнібек АМАНГЕЛДІ