Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында су қысымын арттыратын құбырдың жаңа тармағы іске қосылғанын мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Астанада су қысымын арттыратын құбырдың жаңа тармағы іске қосылды
674
оқылды

«Достар! Кешелі бері үйлеріңізде су қысымы артқанын байқаған боларсыздар.

Осыған дейін айтқанымдай, қалада 2021 жылдан бастап Астана су қоймасынан су өткізетін құбырдың жаңа тармағы және ауыз су станциясы (ССС-3) салынып жатыр. Кеше су құбырының жаңа тармағы іске қосылды.

Бұл тұрғын үйлердегі ауыз судың тиісті қысымын және жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

Ауыз су станциясының (ССС-3) бірінші кезеңі маусым айының соңында аяқталады. Осыдан кейін қалада су тапшылығы мәселесі толық шешіледі.

Құрылыстың екінші кезеңі тамыз айында аяқталады, бұл алдағы 3-4 жылға қажетті қосымша су беру қуатын қамтамасыз етеді.

Бұдан бөлек, Нұра жерасты су кен орнынан су құбырын жобалау және Телман елді мекенінде ССС қуатын кеңейту бойынша жобалау жұмысы аяқталып қалды. Бұл жобалар алдағы уақытта Астананы ауыз сумен қамтамасыз етуге қажет қосымша қуат береді», – деп жазды елорда әкімі.