Университеттің жатақхана, стадион, зертханасы жекеменшікке сатылып кеткен.
Ерлан Саиров: Жекеменшікке сатылып кеткен 3 жатақхана, стадион, 5 зертхана, жерді қайтару керек
1,777
оқылды

«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Саиров Бас прокурор Берік Асыловқа Ұлттық аграрлық зерттеу университеті туралы депутаттық сауал жолдады. 

Депутат Ерлан Саиров жекеменшікке сатылып кеткен жатақхана, стадион, зертхана және жерді қайтаруды сұрады. 

ҚазҰАЗУ университеті балансынан шығып кеткен ірі көлемді активтерді қайтару мәселесін көтерді. Атап айтқанда:

– 1 000 төсек-орындық 3 студенттік жатақхана;

– Жалпы ауданы 18 828,5 шаршы метр 5 оқу-зертханалық ғимараттар;

– Жалпы ауданы 1,8 гектар 1 стадион, оқу спорт кешенімен;

– Жалпы ауданы 700 шаршы метр әкімшілік-шаруашылық ғимараттары мен 

өзге де жылжымайтын мүлік нысандары;

– Университет ғимараттарына іргелес – жалпы ауданы 5 гектарға жуық жер телімдері;

– Университеттің Алматы облысындағы Талғар және Еңбекшіқазақ аудандарында орналасқан оқу-тәжірибелік шаруашылықтарындағы жер телімдері – 12 гектар.

Сондай-ақ Ғылыми кеңесте ҚазҰАЗУ балансынан ертеректе жекенің меншігіне өтіп кеткен бірқатар  жылжымайтын мүлік  тізімі де  жарияланды.  

Мәселен, Алматы қаласы Назарбаев даңғылы, 176 мекенжайында орналасқан «Агрономия» факультетінің студенттік жатақханасы, сондай-ақ Абай даңғылы, 30 мекенжайындағы «Зооинженерия» факультетінің жалпы аумағы 4 047 шаршы метр студенттік жатақханасын бұл күнде  тұрғын үйге айналдырылған және жеке тұлғалар жекешелендірген.  Абай даңғылы, 26а мекенжайындағы «Зооинженерия» және «Ветеринария» факультеттерінің лабораториялық оқу ғимараттары, жалпы көлемі – 10 431 шаршы метр.

Сонымен қатар Сәтбаев көшесі, 7а мекенжайындағы «Зооинженерия» факультетінің жалпы көлемі 1 684,6 шаршы метр  жатақханасының бір бөлігі, 0,3 076 гектар жер телімімен қоса, сатылып кеткен. 

Абай даңғылы, 8а мекенжайындағы «Ауыл шаруашылығын электрофикациялау» факультетінің оқу ғимараты, жер телімімен қоса 14.12.2001 жылы №2032 сату-сатып алу келісімшарты бойынша «Халықаралық бизнес университетіне» (UIB) жекеменшікке берілген.

Сонымен іргелес тұрған Абай даңғылы, 8-8 мекенжайындағы «Ауыл шаруашылығын механизациялау» факультеті оқу ғимаратының бір бөлігі, жалпы аумағы 997,5 шаршы метр (0,0388 га) жер телімімен қоса 06.06.2001 жылы  «ҚР Үстел теннисі федерациясы» ҚБ-на №1963 мемлекеттік меншікті сату-сатып алу келісімшарты бойынша жекеменшікке берілген.

 Абай даңғылы, 28 мекенжайындағы жалпы аумағы 1 206,0 шаршы метр стадион (спортзалымен) және 1,8051 гектар  жер телімімен қоса 2007 жылы «ИРИДА ИНВЕСТ» ЖШС-на кейіннен иеліктен шығару мақсатымен сенімді басқаруға берілген.

Ол аздай Абай даңғылы, 8 мекенжайындағы әкімшілік-шаруашылық ғимараттары және (0,3083 га) жер телімімен қоса 20.11.2006 жылы «ИРИДА ИНВЕСТ» ЖШС-на жекеменшікке берілген. 

Университеттің аумағында «Рамс Қазақстан» ЖШС көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысын салуды бастаған, алайда Алматы қаласы әкімінің шешімімен 2021 жылы құрылыс нысаны  тоқтатылды. Қазір нысан құрылысына шектеу қойылды.

Абай даңғылы, 28 мекенжайындағы Оқу және әкімшілік ғимараттары, құрылысы бітпеген нысан мен (0,9051 га) жер телімі де 2006 жылы жоғарыда аталған  «ИРИДА ИНВЕСТ» ЖШС-ның меншігіне  өтіп кеткен. 

Кезінде түрлі себептермен ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп қалған осы активтерді университет меншігіне қайтару  мәселесін талап етті.