Талай ғасырдан бері желісі үзілмеген «Ортеке» музыкалық-қуыршақ өнері жуырда ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енді. Оны растайтын сертификатты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа елімізге ресми сапармен келген ЮНЕСКО-ның Бас директоры Одрэ Азуле табыс етті.
Қазым Аманқосов: «Ортекені» ақшаға сатқым келмейді
2,557
оқылды

Осы орайда бабадан жеткен құнды жәдігердің бағасын арттырып, дәріптеп жүрген Қазақстан cуретшілер одағының мүшесі, мүсінші, суретші Қазым Аманқосовпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Қазым Бейсенұлы, әңгімеміздің әлқиссасын өнерге келген ортаңыз, өмір жолыңыздан бастасақ...

– Мен 1965 жылы Байзақ ауданы Ша­хан ауылында дүниеге келдім. Бала­лық шақта менің ұнатып ойнайтын ойыным өзеннің жағасында отырып балшықтан түрлі бейнелерді салу болатын. Сонымен қатар мектеп қабырғасында қағазға түрлі түсті таудың, тастың суреттерін салатынмын. Бір сөзбен айтсам, бала арманым қолөнер шебері атану еді. Сол кездегі Жамбыл педагогикалық институтының көркем-графикалық факультетіне оқуға түсіп 1990 жылы тәмамдап шықтым. 

Қазақ «Тегінде бар тек жатпас» дейді. Бұл мәтел біздің әулетке тікелей қатысы бар деп білемін. Атамыз – темірден түйін түйген кісі. Екінші дүниежүзілік соғыс ке­зінде елдегі ұсталардың бәрін майданға жібермей, алып қалған. Бейсен атам да сол тізімге еніп, елде қалыпты. Тиісінше, ұсталар тылда еңбек етіп, оқ-дәрі таси­тын ат арбалар жаса­ған. Соны вагонға тиеп, соғысқа жіберіп отырған екен. Ал әжеміз тұскиіз, тақия, сырмақ сынды дүниелерді шебер тігетін еді. Бір атадан тараған бауырларым Серік Бисенов пен Асан Бисенов екеуі –  бүгінде алыс-жақын ағайынға аты мәлім колөнер шеберлері. Ал өзімнің қызым Дариға мектепте суреттен сабақ береді. Ұлым ағаш шеберлігін бітірген. Ұр­пақтан-ұрпаққа жалғасқан өнер де­ген осы болар. Дейтұрғанмен, кез келген жұмыспен үнемі айналысып тұрмасаңыз, қарайып қаласыз. Сол сияқты бұл колөнер тегіңізде болғаны­мен, үнемі айналыс­пасаңыз, алыстап кетесіз. Кезінде Алматыға қоныс аударып, бір жылдай қара жұмыс істедім. Табысым жаман болған жоқ. Алайда менің санам­нан сурет салу, мүсін жасау деген дүние кетпей қойды. Бір күнде Алма­тыны тас­тап, Жамбылға көшіп келдім. Демек, қанымда қайнаған өнер қайтадан өзіне алып келген болды ғой... 

– Қолөнер туынды­ларыңыз қандай көрмелерге қойылды?

– Әлбетте, әрбір шебер үшін жасаған туындың шекара асып, елдің құрметіне бөленсе, жетістік сол деп ойлаймын. 2015 жылы Араб Әмірліктерінде өткен мұ­сылман мемлекеттері арасындағы фес­тивальде, 2016 жылы Қырғыз Рес­публикасында өткен ІІ Халықаралық «Көш­пенділер ойындарында» және Түрік еліндегі «Түркі әлемінің заманауи өнер мұражайын құру» халықаралық жобасында туындыларым көпшілікке ұсынылды. Көптеген бұйымым Франция, АҚШ, Германия, БАӘ, Ис­пания елдерінің жеке коллекцияларында сақталып тұр. Сонымен қатар ел ішінде әрбір маңызды мерекелерге байланысты көрмелер мен жәрмеңкелерде жұмыс­тарымыз қойылып жатады. Биылғы ақпан айында Әулиеата жеріне ар­найы жұмыс сапарымен келген Мем­ле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Көне Тараз» тарихи-мәдени орта­лығын­дағы көрмеге қойылған қам­шымды өз қолым­нан сатып алғаны мен үшін зор қуаныш әрі ұмытылмас тарихи сәт.

– Жуырда ЮНЕСКО-ның Бас дирек­торы Одрэ Азуле Мемлекет басшысына «Ортеке» музыкалық-қуыршақ өнері ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгенін растайтын сертификатты табыстады. Бұл, ең бірін­ші, сіз сияқты қолөнершілердің еңбегінің жемісі. Жалпы сізге, «Ортекені» орта­мызға оралтуға не түрткі болды? 

– Ең әуелі жастарға түсінікті болу үшін «Ортеке» сөзіне тоқтала кетейін. Биік құзар шыңдарда жүретін «Ортеке» атты таудың еркін тағысы бар. Қазақ халқы ортекені «таутеке» деп те атайды. Мүйіздері семсер тәрізді сәнді де, өткір, тұяқтары құз-қиядан таймайтындықтан, тау басында еркін жайылып жүреді. Осындай ерекшелігіне қарай «Ортеке» қазақ мәдени тұрмысындағы саз ас­паптарында ойнатылатын, қуыр­шақ өнерінің бір үлгісіне айналды. «Қуыршақ ортеке» –‒ көбіне ағаштан жасалатын ойын­шық бұйым.

Ал енді сұрағыңа орал­сақ. Әуелде қазақ­­тың ұмытылып бара жатқан қол­өне­рін дамыту ке­рек деген ойдың же­тегінде жүрдім. «Ортекені» аспап ретінде көрсету ұмытыла бастаға­нын түсіндім. Оны көру тіпті арманға айнала бастаған. Ақыры, ізденістің ізіне түстім. Бұл жұмысты 1990 жылы қолға алып, алты жылдық маңдай терім төгілді. Менде үш нұсқа болды. Алғашқы нұсқадағы ор­текенің биі дұрыс шық­пады. Екіншісін жетіл­дірдім. Алайда тағы да көңіліме қонбады. Тағы да ізденуге тура келді. Содан үшінші нұсқаға кірістім. Соңғысы ғана ойымдағыдай шықты. «Ортекенің» табиғи қозғалыстарын көргенде өзім де қатты қуандым. 

Негізі, «Ортекені» жасап шығуыма газеттердің бірінен оқыған мақала түрткі болды. Сол мақалада Отырарда жүргізілген қазба жұмыстары кезінде ағаш бұйым табылғаны айтылған. Зерттеген мамандар оның «Ортеке» екенін анықтапты. Қолға түскен құндылықтың мыңжыл­дықтармен сабақтасып жат­қаны да мақалада жазылған. Осы шағын ғана жаңалық мені ойландырды. «Орте­кені» қазақтың ғана аспабы дегенге келіскім келмейді. Меніңше, ол түркі мәде­ние­тінің айнымас бөлігі әрі белгісі.

– Жалпы, «Ортеке» қуыршағы қалай жасалады? 

– Алдымен, жұмыр ағаштан кесіп алып, сыртына нобайлап ортеке формасын сызып алады. Сосын ортасынан қақ жарып, ішкі бүйірін кеулеп жұқалайды. Іші кеуленіп болған ағашты қайтадан ажырамастай етіп біріктіріп желімдейді. Содан кейін көз, мүйіз, сақал орнатып, жасаған басты мойынға бекітеді. Жалпы бейнесі жасалып болғасын, айналасын тегістеп қырнап, кәдімгі ортекенің толық бей­несіне келтіреді. Төрт сирағы қозғалыс жасап тұратын етіп шеге немесе бір жағының қалпақ басы бар кішкене ағаш түймешектің оғынан сирақтың басын өткізіп, түймешік оғын жауырын мен жамбастың сыртына шаптайды. Шеге болса түспестей, қозғалыс жасайтындай етіп аралық қалдырып шегелейді. Ор­теке әбден жасалып болған соң көз тартардай етіп әдемілеп бояп, қыр арқаны теңшеп отырып дәл ортасынан шеге болмаса қалпақ бас ағаш түймешік орнатып, түймешікке жіп тағады. Осы­мен ортекенің жалпы барысы жасалып бітеді. Содан кейін ортеке кедергісіз қозғалыс жасайтындай майдаланған тұғыр жасалады. Ортекенің қыр арқа­сына байланған жіптің бір ұшы күйшінің саусағына ілінеді. Осы арқылы күйшінің күй шерту барысында қозғалған саусақ­тары арқылы тұғырдағы ортеке құдды жаны бар текеше қимыл, қозғалыс жаса­йды. Көрер көзді еріксіз тәнті етеді. 

– Көптеген көрме мен байқауға қа­ты­сып жүр­сіз. «Ортекеге» деген өзге ел азамат­тары­ның көз­қарасы қандай?

– Бір көрмеде Үндістан азаматы «Ортекені» сатып алғысы келіп, қомақты қаражат ұсынды. Алайда мен оны сатқан жоқпын. Себебі «Ортекені» кісі бала­сына ақшаға айырбастағым келмейді. Бар мақсатым – ұлттық өнерді дамыту. Бірақ, бір өкініштісі, өңірдегі үлкен іс-шаралар өтетін кезде ғана аймақтағы атқамінерлер мені жанта­ласып іздейді. Басқа күні керегім жоқ. Маған жергілікті билік тарапынан қол­дау көрсетіліп, шағын болса да цех аш­сам, «Ортекені» ұлттық брендке айналдыру жолында тер төгер едім. Алайда қазір «Ортекеге» деген биліктің көзқарасы көңіл көншітпей тұр. Егер Үкімет басындағылар ұлттық өнерге жанашырлық танытса, бұл өскелең ұрпақты домбыра өнеріне қызықтыруға таптырмайтын құралға айналар еді. Тіпті, өнер мектеп­терінің бағдарламасына енгізсе, талай шәкіртті тәрбиелеп те шығарар едік. Алайда оған қолдау керек. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Саятхан САТЫЛҒАН