Алғашқы медициналық көмек көрсету барысында бортсеріктер жолаушының қан қысымын өлшеп, оның төмен екенін анықтаған
FlyArystan бортта болған төтенше жағдайға қатысты түсініктеме берді
4,264
оқылды

FlyArystan компаниясы әлеуметтік желіде тараған видеоға түсінік берді.

Желідегі тараған видео кадрларына сүйенсек, «Астана – Ақтау» рейсіндегі жолаушылардың бірінің денсаулығы нашарлаған. Оқиғаға куә болғандардың айтуынша, оттегі баллонымен проблема туындаған.

«25 маусым күні орындалған KС7375 Астана-Ақтау бағытындағы рейсте жолаушы ұшақ қонуға жақындаған кезде әлсіреп, жүрегі айнып, өзін нашар сезіне бастады. Бортсеріктер барлық нұсқауларға сәйкес жолаушыға дереу алғашқы көмек көрсетті.

Алғашқы медициналық көмек көрсету барысында бортсеріктер жолаушының қан қысымын өлшеп, оның төмен екенін анықтады. Осыдан кейін оттегі баллоны қолданылды. Бортсеріктер нұсқаулыққа сәйкес ауаның өтуін алдын ала тексеріп, жолаушыға оттегі маскасы кигізілді. Алайда, көмек көрсету барысында бортта дәрігер бар екені анықталып, кейіннен ол қан қысымын қайта өлшеп, жолаушыны көлденең жатқызуға кеңес берді.

Дәрігер көмек көрсете бастаған кезде оттегі баллоны қажет болмағандықтан, балонның ауа өткізу тұтқасы жабылып, кейінге қалдырылды. Сонымен қатар дәрігер 1 мг атропин дозасын жолаушының бұлшық етіне енгізді. Уақытты үнемдеу мақсатында дәрігердің өтініші бойынша атропиннің және адреналиннің тағы бір дозасы дайындалды және жаңа оттегі баллоны берілді. Кейіннен олар жолаушының жағдайының жақсаруына байланысты қолданылмады.

Рейс аяқталғаннан кейін тексеруден өткен екі оттегі баллоны да 1500 psi-ден жоғары белгі көрсетті, яғни екі баллон да толық оттегімен қамтылғанын хабарлаймыз.

Әуекомпания жолаушыға алғашқы медициналық көмек көрсету барысында кәсіби біліктілігін көрсеткен дәрігер-жолаушыға алғыс білдіреді», - делінген авиакомпания мәліметінде.