Астанада биыл жалпы ұзындығы 54 шақырымнан асатын 70-тен астам көше жөндеуден өтеді.
Астана әкімі қалада қоғамдық көліктер саны көбейетінін айтты
1,043
оқылды

Биыл Астанада Тәуелсіздік даңғылындағы көлік көпірі пайдалануға беріледі. Қалаға 400 автобус жеткізіліп, 70-тен астам көше жөнделеді. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Астана әкімі Жеңіс Қасымбек айтты.

«Қала халқының өсімін ескере отырып, қоғамдық көліктер санын ұлғайту жұмысын жүргізіп жатырмыз. Жуырда 20 электроавтобус жеткізілді, оған дейін 50 автобус болатын. Шілде айында тағы 70 автобусты күтіп отырмыз. Жыл соңына дейін барлығы 400 автобус әкелінеді. Бұл жаңа бағыттарды іске қосуға, күту уақытын қысқартуға, ескі автобустарды алмастыруға мүмкіндік береді», – деді елорда әкімі.

Елорда әкімінің сөзінше, жыл соңына дейін Есіл өзені арқылы өтетін Тәуелсіздік даңғылындағы көпір ашылады.

«Бұл көпір жолдардағы көлік нөпірін едәуір жеңілдетуге мүмкіндік береді. Ол Тәуелсіздік даңғылымен, жаңа теміржол вокзалы ауданымен, Қошқарбаев даңғылымен, Нәжімеденов көшесімен, Әзірет Сұлтан мешіті ауданымен, Байтұрсынов, Қордай, Айнакөл көшелерімен, Момышұлы даңғылымен қосымша байланысты қамтамасыз етеді», – деп тоқталды Жеңіс Қасымбек.

Сонымен қатар қалада жол жөндеу жұмыстарының жүріп жатқанына да айтылды.