Кеше Мемлекет басшысы «Заңсыз иемденілген ак­­тив­терді мемлекетке қайтару туралы» заңға қол қой­ды.
Жанарбек ӘШІМЖАНОВ: Қоғам күткен заңға қол қойылды
564
оқылды

Нор­маға сәйкес, қайтару тетіктері ірі сыбайлас жем­­қор­лық субъектілеріне және әкімшілік-билік ре­сурстары бар адам­дармен сыбайлас олигополиялық топ­тарға қолда­ны­лады. Осыған орай, Мәжіліс депу­та­ты Жанарбек Әшім­жановтан жаңа заң жайлы сұра­дық.

Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы заң жобасының мақсаты мен мәні неде?
– Бір жылдан бері Экономи­калық ресурстардың заңсыз шоғыр­лануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комис­сия жұмыс істеп келеді. Нәтижелер бар. Бірақ одан әрі жұмыс істеу үшін жаңа тәсілдерді қолдану керек деген түсінік қалыптасты. Осы Заң жоба­сы арқылы біз заңсыз сатып алынған активтерді қайтару бойынша жаңа құралдар жинағын аламыз.

Бүгінде қолданыстағы заңнама заңсыз мүлікті қылмыстық процес­тік және әкімшілік процестік тәр­тіп­пен ғана қайтаруға мүмкіндік береді. Бұл ұзақ процесс, оның үстіне барлық уақытта нәтижелі бола бермейді.

Сондықтан заң жобасы халық­аралық тәжірибеге, активтерді азаматтық тәртіппен ерікті немесе мәжбүрлеп қайтаруға негізделген жаңа рәсімдерді көздейді. Актив­терді қайтару – күрделі жағдай. Олар азаматтық және қылмыстық істерге жатады және әдетте олардың ескіру мерзімдері болады. Басқаша айтқанда, қолданыстағы заңнама активтердің тиімді қайтарылуын қамтамасыз ете алмайды.

Заңсыз сатып алынған активтер­ді қайтарудың негізгі тетігі – азамат­тық тәркілеу. Бұл барлық жалпыға бірдей қабылданған халықаралық стандарттарға (Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл саласындағы конвенцияға, БҰҰ, ЭЫДҰ және Дүниежүзілік Банктің ұсыным­дарына) және үздік шетелдік тә­жірибеге сәйкес келеді.

– Заң жобасын әзірлеу кезінде шетелдік тәжірибелер зерттелді ме?

– Иә, заң жобасын әзірлеу ке­зінде Ұлыбритания, АҚШ, Герма­ния, Канада, Аустралия және басқа да елдердің қылмыстық іс жүргізуден тыс, яғни азаматтық сот ісін жүргізу шеңберінде азаматтық тәркілеу арқылы мүлікті тәркілеу тетіктерін қолданатын тәжірибесі зерттелді. Азаматтық тәркілеудің мәні мынада: мүлікті тәркілеу үшін адам өзінің әкімшілік-билік өкілеттіктерін пай­даланып, активтерді заңсыз сатып алғанын не қылмыстық әрекетке қатысы бар екенін дәлелдеу қажет. 1986 жылы Еуропалық Адам құқық­тары жөніндегі комиссия қылмыс­тық іс жүргізуден тыс тәркілеу кі­нә­сіздік презумпциясына қайшы кел­мейді және негізгі мүліктік құ­қық­тарды бұзбайды деп жариялады. Азаматтық тәркілеудің қылмыстық және әкімшілік тәркілеуден айыр­машылығы, ол ескіру мерзім­дерімен және қылмыстық жауапқа тартудың ескіру мерзімдерімен шек­телмейді. Сонымен қатар аза­маттық тәркілеу олигополиялардың әсерінен қабыл­дануы мүмкін ескі тексерулердің, актілер мен ше­шім­дердің нәти­желерін назарға алмауға мүмкіндік береді. Заң жобасы бо­йынша не­ғұрлым егжей-тегжейлі түсініктеме алу үшін депутат Сне­жанна Има­шеваға, Магеррам Магеррамовқа, Айдос Сарымға жүгінуді ұсынамыз.


Адал азаматтарға заңнан қорқудың қажеті жоқ

– Бұл заң қоғамдағы белгілі бір топ өкілдеріне қолданыла ма?
– Заң қолданылатын адамдар­дың тізіміне, ең әуелі, қазір жауапты мемлекеттік лауазымдарды атқарып отырған және бұрын атқарған адам­дар кіреді. Оларға Конституцияда көрсетілген барлық лауазымдар, Парламент депутаттары, Конститу­циялық соттың судьялары, бұрынғы Конституциялық кеңестің мүше­лері, судьялар, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, барлық саяси мем­лекеттік қызметшілер мен «А» кор­пусының мемлекеттік қызметшілері жатады. Екінші, «олигархтар» деп аталатын неғұрлым ірі кәсіпкерлер (әкімшілік-билік ресурстарын, таныстарды, ықпалын пайдалану нәтижесінде мүлік пен кіріс ал­ғандар), үшінші, квазимемлекеттік сектор кәсіпорындарының басшы­лары мен басқарушылары кіреді. Сондай-ақ осы заң жоғарыда атал­ған субъектілермен аффилиирленген белгілі бір адамдар тобына да қол­данылады. Бұл туыстарына, дос­тарына, жақын қарамағын­дағы­ларға, яғни нақты емес, номиналды иелеріне ресімделген активтер мен заңсыз алынған мүлікті анықтауға мүмкіндік береді. Ал адал мемле­кеттік қызметшілерге, кәсіпкерлерге және инвесторларға қорқатын еш­теңе жоқ. Заң ұрлыққа қатысы бар сыбайлас жемқорлар мен олигарх­тарға қарсы жасалған.

– Активтерді қайтару туралы жаңа заң жобасы олигархтардың пара беріп құтылып кетуіне мүмкіндік бермей ме? Себебі қоғамда актив­тер­дің белгілі бір бөлігін беріп, қалғанын сақтап қала алады деген пікірлер айтылуда.
– Жоқ, олай емес. Әділ соттан жай ғана құтылып кете алмайды. Сұраққа неғұрлым толығырақ жауап беру үшін механизмді түсіндіру қажет.

Активтерді қайтару ерікті не­месе мәжбүрлі сипатта болуы мүм­кін. Екі түрдің де заңды негізі бар. Заңсыз сатып алынған активтерді ерікті түрде қайтару ұғымы мен белгілі бір қағидалары енгізіледі. Ерікті тәртіп тұлға мен уәкілетті ор­ган арасындағы келісім негізінде активтерді мем­лекетке өтеусіз беру­ді көздейді. Егер субъект активтерді өз еркімен қай­тармаса, онда азамат­тық процесс шеңберінде сот шешім­дері негізінде мәжбүрлеп тәркілеу қолданылатын болады. Бұл ретте, активтердің пай­да болуының заң­ды­лығын дәлелдеу ауыртпалығы өзіне қатысты мәсе­лелер бар және арнайы тізілімге ен­гізілген адамдар­ға жүктелетін бо­лады. Ерікті түрде қай­тарылған кезде активтердің бар­лығын немесе бір бөлігін беруге бо­­ла­ды. Бұл мәселені Комиссия қарай­­ды. Ол субъектілердің активті да­­мытуға, активтен алынған кіріс­тер­ді қайта инвестициялауға, құ­рыл­ған жұмыс орындарының са­нына қосқан нақты үлесін және ел үшін пайдалы екен­дігін, активті пайдаланудың тиімді­лігін сипаттай­тын өзге де фактор­ларды ескеретін болады.

Активтерді ерікті түрде қайтару туралы келісімдер және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де келісімдер тұлға мен активтерді қайтару жөнін­дегі уәкілетті орган арасында мем­лекет кірісіне айналдыру туралы та­лап-арыз берілгенге дейін (комис­сияның ұсынымы бойынша, ол жобаның шарттарын қарағаннан кейін) жасалады.

Бұл құрал (келісім – тергеу жүр­гізумен жасалған мәміле) – актив­терді ерікті түрде қайтаруды ын­талан­дырудың басты шарасы және бүкіл әлемде белсенді қолданылады. Бұл – ең бастысы, қаражатты қай­тару рәсімінің нәтижесі мен тиім­ділігі. Келісімнің талаптарын орын­даған адам қылмыстық жауапты­лық­тан босатылады. Әйтпесе, мүлік­ті қайтарудың мәні болмайды. Субъект ұзақ жылдар бойы барлық инстанцияларда соттасады, ал мемлекет ресурстарын, ең бастысы уақытын ысырап етеді.

Ерікті түрде қайтару – бұл заң­дастыру емес. Бұрын жүргізілген заңдастыру – ол кезде заңдастыру үшін аз ғана сома (20%) төлеу көз­дел­ді. Яғни, өте ыңғайлы болды. Қай­тару туралы заңда мұндай ың­ғайлы жағдайлар болмайды. Ерікті түрде қайтарған кезде, әрине кәсіп­орынға салынған салым, инвести­циялар (егер олар болса) ескеріледі. Бірақ барлық басқа факторлар да, соның ішінде орындалмаған инвес­тициялық міндеттемелер, эколо­гия­ның бұзылуы, еңбек қаты­нас­тары­ның бұзылуы, алынған артық кірістер ескерілетін болады. Соны­мен қатар жоғарыда айтылғандай, заңнамалық бастама ескіру мерзімі­мен шектелмейді. Егер қаражатты жасыру фактілері немесе өзге де құқықбұзушылықтар анықталса, онда тергеудің барлық тетігі қайта іске қосылады. Барлық мән-жайлар ескерілетін болады.


Қайтарылған қаражат халық игілігіне жұмсалады

– Сонда заңсыз активтерді қай­тару жөніндегі уәкілетті органның міндетіне не кіреді?
– Активтерді қайтару – ерекше жұмыс. Мұнда әртүрлі салалардан, оның ішінде азаматтық, қылмыстық құқық пен процестен, халықаралық заңнамадан, шарттық құқықтан арнайы білім қажет. Сондықтан Бас прокуратура жанынан мамандан­дырылған ведомство – Активтерді қайтару комитетін құрудың жөні бар. Оның Ведомствоаралық комис­сиядан айырмашылығы – расталған заңнамалық мәртебесі және білік­тілігі жоғары мамандардан тұратын штаты, оның ішінде жеке сектордан – аудиторлар, қаржы аналитиктері, ба­ғалаушылар, бухгалтерлер, нара­зы­лық беретін заңгерлер, проку­рорлар болады.

Болашақ уәкілетті органның құзыретіне келетін болсақ, оның өкілеттіктерінің толық негізі бар. Яғни, орган ақпаратты жинау, тал­дау және мониторинг жүргізумен, ве­домс­твоаралық өзара іс-қимыл және активтерді қайтару жөніндегі жұ­мыс­ты үйлестірумен, заңсыз активтерді іздеу және мемлекетке қайтару сала­сындағы халықаралық-құқықтық ынтымақтастықпен, мем­лекет аты­нан сот талқылаула­рына бастама жасаумен айналысады. Комитеттің міндеті – активтерінің «табиғи» және заңды түрде пайда болуына ақылға қонымды күмән ту­дыратын субъек­тілерді мұқият анықтау. Бұдан әрі осы ақпарат Ак­тивтерді қайтару жөніндегі комис­сияға бұл адамдарды арнайы тізімге енгізу немесе енгізбеу туралы ұсы­нысты қарап, тұжырымдау үшін берілетін болады.

Тізілімге енгізілген адамдар актив­терді иемдену көздерінің заң­дылығын растайтын декларациялар тапсыруға тиіс. Тізілімге енгізу активтерді қайтару рәсімінің алдын ала кезеңі болып табылады. Осы кезеңде адам өз активтерінің пайда болуының заңдылығын дәлелдеуге құқылы. Мұндай жағдайда адам тізілімнен шығарылады. Ұсынылған құжаттарды қарау негізінде Комис­сия алқалы түрде: одан әрі шаралар қабылдауды, оның ішінде қамтама­сыз ету шараларын қабылдауды; активтерді ерікті түрде қайтару ту­ралы келісім жасауды немесе адам­ды тізілімнен шығаруды ұсыну жө­нінде шешім қабылдайды. Дек­ларант активтердің пайда болуын растамаған жағдайда, бұл активтер түсініксіз байлық деп танылады және заңнамалық тәртіппен тәр­кіленуге жатады.

Әрі қарай, рәсімге сәйкес Ко­митет негізсіз байлықты мемлекет кірі­сіне айналдыру үшін сотқа жү­гінеді. Сот Комитеттің құқығын мо­йын­­даған жағдайда бұл мүлік Арнаулы мемлекеттік қорға бері­летін болады.

Ақша қазынашылықтағы ар­найы шотқа түседі деп көзделіп отыр, ал мүлікті (ғимараттар, акция­лар, кәсіпорындар және т. б.) осы мақсаттар үшін Қаржы министрлігі жанынан арнайы құрылатын бас­қарушы компания басқарады.
Басқарушы компания (жалғыз құрылтайшысы Үкімет болады) Арнайы мемлекеттік қорды толық­тырып отыру үшін қайтарылған активтерді өткізу функцияларын жүзеге асырады.

– Ал қайтарылған қаражат қалай пайдаланылады?
– Қайтарылған қаражат Қазақ­стан халқының әл-ауқатын артты­руға бағытталған әлеуметтік және экономикалық жобаларды (халық­тың әлеуметтік қорғалмаған топ­тарын қолдау, білім беру мекемелері мен басқа да әлеуметтік объектілерді салу, ауылдық жерлер мен моноқа­лаларды орнықты дамыту мақса­т­тарын қамтамасыз етуге бағытталған жобалар) қаржыландыру үшін ғана пайдаланылады.

– Заңсыз алынған активтерді қайтару процесінің ашықтығы қамта­масыз етіле ме?

– Оның ашық болуын қамтама­сыз ету мақсатында тұрақты негізде жұмыс істейтін комиссия құрылады. Оның құрамына қоғам қайрат­керлері, депутаттар, Үкімет мүше­лері кіреді. Комиссияға Премьер-Министр басшылық етеді. Комис­сия активтерді қайтару жөніндегі мәселелерді алқалы түрде қарайтын болады. Бұл жүргізіліп жатқан жұмыстың ашықтығы мен бақыла­нуын қамтамасыз етеді. Қандай да бір уағдаластықтарға немесе құ­қық­бұзушылықтарға жол берілмейді, өйткені оның құрамына кіретін қатысушылар көп болғандықтан, жасырып қалу мүмкін емес. Бұл аза­маттық қоғам тарапынан бақы­лауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Комиссияның негізгі функ­циясы – заңсыз алынған активтерді қайтару бойынша ұсыныстар әзірлеу. Бұл ұсыныстарды уәкілетті орган қарауға міндетті. Егер нақты бір адамның активтерінің заңды­лығына күмән туса, Комиссияның ұсынысы бойынша уәкілетті орган мұндай адамды тізілімге енгізуі мүмкін. Тізілімде субъектілер және олардың үлестес адамдары туралы мәліметтер болады. Азаматтық тәркілеу жөніндегі барлық негізгі шешімдер комиссия арқылы өтеді. Активтерді тәркілеу тек сот шешімі бойынша ғана жүзеге асырылады. Адамдар азаматтық сот ісін жүргізу шеңберінде шешімдерге шағымдана алады.

Осылайша, активтерді қайтару­ға қойылатын халықаралық стан­дарттардың талаптары қарапайым: бәрі заңға негізделуі тиіс, тиісті процесс болуы керек, сот тарапынан бақылау болуға тиіс және қоғам үшін ашық болуы қажет.

– Әңгімеңізге рақмет!


Сұхбаттасқан Көктем ҚАРҚЫН