Келтірілген шығынды өтеу үшін өңірдің ірі кәсіпорындарымен материалдық қолдау көрсетіледі.
Павлодар облысында дала өрті салдарынан 73 бас ұсақ мал жанып кетті
693
оқылды

Екібастұз маңындағы дала өртінен Әлкей Марғұлан ауылында 73 бас қой-ешкі жанып кетті. Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов өзінің Instagram-дағы ресми парақшасында мәлімдеді.

«Кеше дала өрттері болған Баянауыл, Май аудандары және Екібастұздың ауылдық аймақтарына бардым. Шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесіп, мәселелердің шешу жолдарын бірлесіп талқыладық», – деп жазады облыс әкімі Асайын Байханов өзінің Іnstagram парақшасында.

Әкімнің айтуынша, шаруаларға 4 бағытта көмек көрсетіледі:

– шабындық үшін арзандатылған дизель отынының көлемі 4 мың тоннадан 10 мың тоннаға дейін артады;

– жемшөп дайындау үшін субсидия көлемі бір бас ІҚМ үшін 7 мыңнан 15 мың теңгеге дейін және ұсақ мал үшін 3 мыңнан 5 мың теңгеге дейін артады;

– мұқтаж фермерлерге қор санаты, мемлекеттік орман қоры және жайылма учаскелерінде шөп дайындауға мүмкіндік береміз;

– дәнді дақыл жинау кезінде сабан дайындауды қарастыратын боламыз, жинауға мүмкіндік болатындай, сабан ұсақталмай егістіктерде қалдырылады.

«Сондай-ақ өрт салдарынан 73 бас ұсақ мал (50 ешкі және 23 қой) жанып кеткен Әлкей Марғұлан ауылының тұрғындарына келтірілген шығынды өтеу үшін өңірдің ірі кәсіпорындарымен материалдық қолдау көрсетілетін болады. Сонымен қатар  жазғы үйі мен малға арналған қоршауы зардап шеккен екі шаруашылыққа да дәл осындай көмек көрсетіледі», – деп мәлім етті Асайын Байханов.