Тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы қыз алып қашуға байланысты пікір білдірді. Ол 16 жасқа толғанда әкесінің Алматыға оқуға алып кеткенін және қатарластарының көбін мектеп бітіре сала алып қашқанын айтты, – деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Қазір ұл да, қыз да ақылды – Ләйлә Сұлтанқызы қыз алып қашу жайлы ойын айтты
4,397
оқылды

Тележүргізуші бұл жайлы Instagram парақшасында жазды.

"Енді "алып қашу" деген болмайды. Бір қызық оқиға есіме түсіп тұр. Бұрын қызы мен анасы "егер сені еркіңнен тыс алып қашса және сенен өз еркіммен келдім деген қолхат алатын болса, 3 леп белгісін қой. Ал егер шын сүйіп қосылсаң бір леп белгі қой" деп келіскен ғой. Сөйтіп, әлгі қызды аяқ астынан танымайтын жігіт алып қашып кетіп, қолхат жаздырып алады. Оны қуғыншыларға берсе, хаттың соңында үш леп белгі тұр екен. Оны көрген анасы қызын алып қайтыпты", – деді Ләйлә Сұлтанқызы.

Сонымен қатар тележүргізуші өзін мектеп бітірген бойда алып қашып кетпеуі үшін әкесі Алматыға оқуға алып кеткенін де баяндап берді.

"Қыз алып қашудың жазасы күшейтілетінін оқып, есіме әкем түсіп отыр. 16 жасқа толғанда жалғыз қызын алып қашып кетер деген уайыммен, мені мектеп бітірген күні Алматыға оқуға алып кетті. Сол кезде көрші-қолаңның қыздары бірінен соң бірі өз еркімен, еркінен тыс тұрмысқа шығып жатты. Сонда әкем өмірде орнын дұрыс тапсын деген уайымдаған ғой. Сол кезде алып қашу, қинап қалдыру, әженің табалдырыққа жатуы, бауырсақ шашуы сияқты әрекеттер жасайтын. Сол уақытта оны қалыпты жағдай деп ойладық қой. Ол кезде де арызданушылар да болды. Оның өзін тек жүрек жұтқандар мен ұятты ысырып қойғандар ғана істеді. Қазір ешкім бұлай істемейді. Ұл да, қыз да ақылды деп ойлаймын. Қыздар "қазір ерте тұрмысқа шығып, балалы болу негізгі мақсат емес. 25 жастан кейін асықпай тұрмысқа шыққан жөн. Оқып, ел-жер көріп, дамып, жағдайымызды жасауымыз керек" дейді", – деп жазды Ләйлә Сұлтанқызы.

Айта кетейік, Қазақстанның Қылмыстық кодексіне неке қию мақсатында адам ұрлау фактісі бойынша жеке бап енгізу жоспарланып жатыр.