Еліміз тәуелсіздік алып, жаңа тарихқа бой түзеген шақта жас еліміздің буыны бекіп, бұғанасы қату жолында өлшеусіз үлес қосқан тұлғалар жетерлік.
«Ең бастысы, адал ниет пен елге деген махаббат болуы керек» – Бақтықожа Ізмұхамбетов
4,812
оқылды

Еліміз тәуелсіздік алып, жаңа тарихқа бой түзеген шақта жас еліміздің буыны бекіп, бұғанасы қату жолында өлшеусіз үлес қосқан тұлғалар жетерлік. Солардың ортасында бүгінде шоқтығы биік тұрар бір жан бар. Ол – саяси қайраткер, мемлекетшіл тұлға, Мәжіліс депутаты, «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов ағамыз. Бар ғұмырын еліміздің гүлденуіне арнаған Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері биыл 1 қыркүйекте 75 жасқа келіп отыр. Оның өмір жолымен көзі қарақты оқырман таныс екеніне дау жоқ. Осы бір межелі шақта мерейтой иесімен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

 

– Бақтықожа Салахатдинұлы, жаңа жасыңыз жақсылығымен келсін! «Айқын» газетінің атынан құттықтаймыз! Өмір жолыңызға көз жіберсек, Сізбен әңгіме ел дамуының асыл межесі туралы, мемлекет боп қалыптасудың белестері туралы болатын сияқты. Ендеше, Тәуелсіз Қазақстанның 30 жылдық тарихына қандай баға бересіз? Біз егемендік берген мүмкіндікті қаншалықты пайдалана алдық?

– Тілегіңізге рахмет! Мен 1971 жылы Уфаның мұнай институтын бітіргенмін. Міне, содан бері 53-ші жыл жұмыс істеп келе жатырмын. Осы уақыт ішінде 30 жылдай өндірісте, 20 жылдан астам мемлекеттік қызметте жүрмін. Бұрғышының көмекшісі, бұрғышы қызметінен бастап, аға инженер, отряд бастығы, зертхана меңгерушісі, бас технолог, директордың орынбасары, директор сынды өндірістік қызмет баспалдақтарынан өткенмін. Мемлекеттік секторға келгенде де өндірістен қол үзген жоқпын. Мәселен, 1991 жылы Геология және жер қойнауын қорғау министрлігінде Терең бұрғылау және ұңғыларды дайындауды аяқтау бөлімінің бастығы болдым. 1992 жылдың басынан бастап осы министрліктің Мұнай және газ басқармасының бастығы қызметіне жоғарыладым. 1993-2003 жылдары Қазақстанда ең бірінші шетелдік инвестициямен жұмыс істеген «Қазақтүрікмұнай» ЖШС Бірлескен кәсіпорынның (БК) бас директоры, «ҚазМұнайГаз» ҰК» ЖАҚ теңіз жобалары жөніндегі бірлескен кәсіпорындардың атқарушы директоры, «Қазақстанмұнайгаз» ҰМК-ның теңіз жобалары жөніндегі атқарушы директоры, «ҚазМұнайТеңіз» ТМК» ЖАҚ-тың бас директоры, «ҚазМұнайГаз» ҰК» ЖАҚ БК-нің үлестерін басқару жөніндегі басқарушы директоры қызметтерін атқардым. «Қазақтүрікмұнай» ЖШС Бірлескен кәсіпорны әлі күнге дейін бар. Сол кездің өзінде онда 12 мың адам жұмыс істеді. Биыл 4 ақпанда ол компанияға 30 жыл толып отыр. 8 қыркүйек күні Ақтөбеде мерекелік датаны атап өткелі отыр. Одан кейінгі жылдарда қызмет еткен теңіздегі жобаларды басқаратын «ҚазМұнайТеңіз» кәсіпорынын құрған мен. ҚазМұнайГаз компаниясында барлық инвесторлармен жұмыс істейтін бірлескен кәсіпорындардың басшысы болдым. Содан 2003 жылдан Энергетика және минералды ресурстар бірінші вице-министрі, 2006 жылдан бастап министр боп тағайындалдым. Мемлекеттегі қызметім 2007-2012 жылдар аралығында Батыс Қазақстан облысының әкімі, 2012-2016 жылдар аралығында Атырау облысының әкімі лауазымында жалғасты. Одан бөлек Парламент Мәжілісінің V, VI және VIII сайланған шақырылымдағы депутат, Мәжіліс төрағасының орынбасары, төрағасы болдым. Биыл сегізінші жыл: «Қазақстан Республикасы Ардагерлер ұйымының» төрағасымын.

Мұның барлығын не үшін айтып отырмын. Қай қызметте жүргенде де ел дамуы үдесінен ажыраған емеспін. Өзімнің төл салам – өндірісте де, одан кейінгі мемлекеттік қызметте де үлкен істердің бастауында, басы-қасында болдым. Шындығын айтқанда, Қазақстан ұзақ жылдар, тіпті ғасырлар бойы темір құрсаудың қыспағында болды. Қанша мүмкіндігі бола тұра, бойын тіктей алмады. Бір ғана мысал, Дінмұхамед Қонаев ағамыз Алматыда «Арасан» деген моншаны салғаны үшін қандай теперіш көрді. Екпінді құрылыспен өңір-өңірлерге қала, зауыттар салынып жатқанда, біздің астанамызда монша салу үшін Мәскеуден рұқсат алуымыз керек екен. Ал өзім туып-өскен, ұзақ жылдар қызмет еткен Атырау өңірі Кеңес одағын мұнаймен қамтып отырған өңір болғанымен, облыс орталығы тәуелсіздік алғанға дейін батпаққа батып, масаға таланып, сұрқай тартып, тоз-тоз болып жатты. Тек қазір ғана алып шаһарға айналып, алты бірдей көпірі бар тоғыз жолдың торабы боп отыр. Міне, біз кезінде сондай кіріптар жағдайда өмір сүргенбіз. Бүгінде қазақша айтқанда «өз қолымыз өз аузымызға жетті». Әрине, соңғы отыз жылда қол жетпеген жетістіктер немесе жіберген кемшіліктер аз емес. Олар туралы айтылып та жатыр, айтылуы да тиіс. Коррупцияға қатысты, саяси мәселелердің айналасында, идеология, тәрбиеге қатысты кемшіліктер бар. Ол бірінші кезекте, тәжірибесіздіктен болды деп ойлаймын. Оның үстіне біз егемендік ала тұрғанның өзінде де мына қасымыздағы алып көршіміздің қыспағынан дұрыс шыға алған жоқпыз. Жасыратыны жоқ әлі күнге дейін сондай жағдайдамыз. Екінші жағымызда тағы бір алып көршіміз отыр. Не халықаралық үлкен нарыққа тікелей шыға алмаймыз, не теңізге шыға алмаймыз. Бар тауып отырған ең үлкен байлығымыз – мұнай мен газымызды да жеткізу үшін әлі күнге дейін Ресейдің қасы мен қабағына қарап отырмыз. Міне, осындай жағдай мен ахуалда өмір сүріп жатқан жайымыз бар. Десе де, бәрі құрып жатыр, бәрін қиратып кетті деуге болмайды. Жеткен жетістіктеріміз де көп. Мысалы, ел ордасы солтүстікке көшті. Егер астанамызды ертерек көшірмеген болсақ, онда Украинадағы жағдай бізде де қайталануы мүмкін еді. Біз дер кезінде орталық пен солтүстік өңірді қазақыландыра алдық. Соның өзінде де көршілеріміздің шовинистік пиғылын сезініп отырмыз. Күні бүгінге дейін көршіміздің айтағына еріп, «солтүстік Қазақстанды алып кету керек еді» дейтіндер өз ішімізде де табылып тұр. Ол адамдардың қалыптасып қалған жымысқы мінездері әлі тыйылмай тұр. Бірақ, бәрін де уақыт көрсетер. Өзгенің жеріне көз алартқан талай даңқты қолбасшылардың өздері де өмірден өткенін білеміз, ендеше нақақ ылаң салып, артық қиянат жасаған адамды құдай кешірмейді. Мен солай деп ойлаймын!

Сондықтан біздің қазіргі ең үлкен мақсатымыз: Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының Жаңа Қазақстанды құру туралы үлкен бастамасына қолдау білдіріп, қасынан табылу болу керек. Бастама бар, бағыт айқын, тапсырмасын беріп, аймақтардың барлығы жұмыс жасап жатыр. Әйткенмен де, арамызда өмірге риза емес адамдар да аз емес: біреу сұрағанын ала алмай жүрсе, жұмыссыз жүргендері тағы бар, жағдайы жоқтары, ауырып жатқандары да жоқ емес, адамдардың барлығы байып кеткен жоқ қой. Сондай адамдар: «Біз баяғыда-ақ Араб Әмірліктері секілді өмір сүрер едік» деп айтып жатады. Мен олай демес едім. Әр елдің өз жолы бар. Олар мұхиттың жағасында, халықаралық нарықтың жолында отырған ел, айналасындағы көршілері гегемон емес, керісінше соларға кіріптар. Мұнай шыққанда халқының саны бар болғаны төрт-ақ миллион еді, оның үстіне жері кішкентай, құбыр тартсаң да, жол салсаң да қатынас оңай. Халықаралық алпауыт компаниялар үшін ең ыңғайлы нарық сол болды. Ал бізде мүлдем басқаша жағдай. Жер аумағымыз әлемде 9 орында, 2 млн 700 мың шаршы шақырым жеріміз бар. Егемендік алғанда Мәскеу бізге ешқандай да инфрақұрылымдық мүмкіндіктер жасаған жоқ. Шикізат тасу мақсатында ғана құрылған жолдар мен желілер жаңа жағдайға жарамады. Ауыл-аудандар түгіл қалалардың арасында жол болмаған жерлер бар. Әлі күнге дейін сол жолдарды тартып жатырмыз. Осындай факторларды есепке ала отырып, «біз неге Араб Әмірліктері сияқты болмадық» деп ренжудің ешқандай қисыны жоқ.

Кеңес өкіметінен қалған мұра жаңа экономикалық модель құруға жарамады. Жаңадан инфрақұрылым тартуға, логистика түзуге тура келді. Сырттан техника мен технология алдырттық. Оған дайын мамандарымыз да болған жоқ. Біз осындай уақыт талабында жұмыс істедік. Мысалы, экономикамыздың локомотиві – мұнай-газ саласында бұрын тереңдігі 4 шақырымға дейін ұңғылар қазып жүрсек, одан кейін жеріміздің қойнауының геологиялық ерекшеліктеріне байланысты 5,5-6 мың шақырымға дейін қазу қажеттілігі туды. Оның үстіне мұнайымыздың құрамында күкіртті сутегі көп, сондықтан да аса қауіпті технологиялық жағдайларда жұмыс істеуге мәжбүр болдық. Оған жарайтын құбырымыз да жоқ, пайдаланатын техникамыз да жоқ, оны білетін мамандарымыз да жоқ, осылардың барлығына инвестиция керек болды. Міне, осы кезеңдерде халықаралық инвесторлар тарту міндеті алдымыздан шықты. Сонау 90-шы жылдардың басында келіссөздер жүргізіп, инвестиция тарту жұмыстарын бастаған азаматтардың бірі – менмін. Келіссөз жүргізетін бірнеше үлкен топтардың басшысы болдым. Қарашығанақ кен орынын игеруге қатысты келіссөздер жүргізген топтың ішінде жұмыс істедім. Оған екі альянс – БритишГаз бенен Аджип екеуі, Бритиш Петроил мен Стат ойл деген екі компаниямен таласты ғой, нәтижесінде Аджип жеңіп шықты. Сол кезде Италия елінде болып, қызметтерімен танысып, өндірісінің қуатын көргенбіз. Одан бөлек, біріккен компания – «ҚазақТүрікМұнайдың» құрылуында да болдым. «ҚазГерМұнайдың» пайда болуы да көз алдымда өтті. Немістердің БегоОйл, Фифаойл деген компанияларымен бастан-аяқ келіссөздер жүргізгенмін, сол кездегі топтың басшысы болдым. Міне сондай-сондай көптеген шетелдік компаниялармен талай-талай келіссөздер жүргізгенбіз. Соның барлығы 30 жылдың ішінде жасалған жұмыстар.

Қазір біз дүниежүзіндегі маңызы жөнінде, көлемі жөнінде, тіпті қиындығы жөнінен де ерекше орын алар «Қашаған» секілді, «Теңіз» секілді үлкен-үлкен алыптармен жұмыс істеп отырмыз. Соның арқасында елге үлкен инвестиция құйылды. Жұмыс орындары ашылды, халық табыс тауып отыр.

– Ия, өмір жолыңызға қарап отырсақ, елге инвестиция тарту саласында алғашқы қарлығаштардың бірі болған екенсіз. Ел экономикасына қаржы құюда үлкен үлес қостыңыз. Ендеше, инвестиция тартудың қиындығы неде? Тәжірибеңізден бір оқиға келтіріп, ізіңізді басып келе жатқан, қазір осындай салада жүрген жастарға ақыл айтсаңыз.

– Халықаралық деңгейде жұмыс істеу үшін ең бірінші кезекте тәжірибе мен білім керек. Кез келген инвестор ақша салғанда не үшін салады? Тек қана пайда табу үшін. Пайда таппайтын жерге ешкім миллиардтаған ақшасын жұмсамайды. Олар біздің елге келгенде бізді ойлап келмейді ғой, соны түсіну керек. Мен әркез әйгілі Ататүріктің: «Түріктің түріктен басқа досы жоқ» деп айтқан сөзін мысалға келтіріп отырамын. Елін сүйетін адамдар ғана елдің жағдайын ойлайды. Міне, сондай жағдайда білімі болуы керек, тәжірибесі болуы керек. Бұл ең басты мәселе! Өйткені, талай жыл инвестиция салып, қаншама елдермен келіссөздер жүргізіп жүрген адамдар өте тәжірибелі болып келеді. Олар болашақта жасалатын неше түрлі келісімшарттарға, соның ішінде контракты дейміз, сондай құжаттарға өзіне керек нәрселерін жазуға тырысады. Мысалға, мұнай-газ саласын алатын болсақ, бұл салада өте көп инвестиция жасалады, соларды мұқият зерделеу керек. Айталық, Сауд Арабия еліндегі немесе Солтүстік теңіздегі ағылшындар мен италиялықтардың тәжірибесі бар. Американың үлкен-үлкен концерндері Exxon-mobil, Chevron-дардың тәжірибесін зерттеу керек. Бұл салада жұмыс істеймін дейтін адамдарға солардың барлығын оқуға тура келеді. Біз кезінде 90-шы жылдардың басында, нарықтық қатынас басталған кезде соқыр кісідей болдық. Әйтеуір, өйтіп-бүйтіп оқып, бар өзіміздің білгенімізге сүйеніп, экономиканы өз түйсігімізбен алып шықтық. Ол кезде де біраз нәрсе жасалды. Кемшіліктері әрине бар. Мысалы, «ТеңізШеврОйлдың» келісімшартындағы салықтардың деңгейі төмен. Салықтай ауыртпалық деген сөз бар, сол жеңіл. Үлкен контрактілеріміздің бірде-біреуінде біздің ішкі зауыттарға мұнай беру қаралмаған. Мұның барлығын жасауға болатын еді. Оны бұл жобаның экономикасы көтеретін еді, бірақ қаралмаған. Десе де бұл тұста объективті де себеп бар. Бізде ол кезде, жасыратыны жоқ, жалақы түгіл зейнетақымызды ала алмай отырған кезіміз болды. Сондықтан қалай болғанда да бір үлкен қаржы түсу керек еді. Жұмыс орындарын ашып, салық көлемін көбейтіп, елдің экономикасын көтеру керек. Сол себеп ол уақытта осындай жеңілдіктерге баруға мәжбүр де болдық. Енді қазір біз ондай жағдайдан шықтық. Халықаралық қауымдастық алдында беделі бар ел болып орнықтық. Қазір біздің инвестиция тарту саласында шетелде білім алған, сол жақта жұмыс жасаған кереметтей мамандарымыз бар. Сол мамандар осы жағдайлардың барлығын жан-жақты қарау керек. Әсіресе, салық мәселесі жөнінде, экология мәселесі жөнінде, өндірістің қауіпсіздігі мәселесі жөнінде ерекше көзқараста болу керек.

– Ия, осы тұста «СРП» дейді ғой, Өнімді бөлу келісімінде де көп есе жіберіп алған сияқтымыз.

– «СРП» деген әуелден өзі бір бөлек әңгіме. Қазір көп жағдайларда «СРП»-ны қою керек деген пікір бар. Өнімді бөлу келісімі деген бар, сосын салық төлемдері деген бар. Осы екеуін дұрыстап қолға алу керек. Менің ойымша «СРП» деген шартты тоқтататын уақыт келді деп ойлаймын. Сонау жиырма әлде жиырма бес жылдан кейін Қазақстанға бірдеңе келеді деп күткенше, контрактіде бірден басқаша қаралуы керек. Оны пайдалы шарттың түрі деп ойламаймын. Бізде осындай өнімді бөлудің 4-5 жобалары бар. Мысалы, Қарашығанаққа да кезінде жасалды, олардың қай-қайсысы да маған онша ұнамайды. Одан кейін ішкі нарыққа мұнай беру жайы да аса қажет нәрсе. Мен өзім министрдің бірінші орынбасары, министр болып жүрген кезде неше түрлі сұрақтарды туындатып, жасыратыны жоқ, қаншама қиындықты жеңе отырып, әркіммен келісіп, тартып алғандай қылып, Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттарына мұнай бергізіп отырдық. Контрактіде қаралмағаннан кейін ешкім ештеңе бергісі келмейді. Өйткені, түсінікті ғой, шетелге сатса ішкі нарықтан екі-екі жарым есе бағаға сатады. Жалпы инвесторлармен контракті жөнінде мен білетін 6-7 позиция бар. Сол 6-7 позицияны мұқият біле алатын және қорғап айта алатын адамдардың болғаны дұрыс.

–  Жақсы. Енді осынау үлкен тәжірибеңіздің Жаңа Қазақстан үшін де зор пайдасы тиері сөзсіз. Осы тұрғыда қандай ұсыныстарыңыз бар?

– Менің бірнеше ұсыныстарым бар. Көптеген ұсыныстарымды Қасым-Жомарт Кемелұлының алдында бірнеше рет айтқанмын. Сол кездесулердің бәрінде де баратын кезде ұсыныссыз бармаймын. Олардың біразы жүзеге асып келе жатыр. Кешегі өткен бірінші сессияда Үкіметке үш депутаттық сауал жолдадым. Мысалы, соның бір-екеуін айта кетейін. Бізде су тапшылығы жылдан жылға күшейіп келе жатыр. Менің су жөнінде мынадай ұсыныстарым бар. Біріншіден, Қазақстанда жерасты суларын пайдалану дұрыс жүйелі қолға алынып жатқан жоқ. Мәселен, бізде соңғы жылдары жасалған тым жақсы карта бар, қай жерде қандай жерасты сулары бар, пайдалануға келетін қазылған ұңғылар бар деген сияқты. Әрине, жерасты сулары бізді барлық су тапшылығынан құтқармайды, бірақ соның арқасында жекелеген елді мекендерде өнім шығарып, жұмыс орындарын ашуға, мысалы жылыжай салып, егінге пайдалануға мүмкіндік бар. Маңғыстау, Атырау, сосын осы Ақмола жерінде осындай көптеген ұңғырларды пайдалану жөнінде ұсынысым бар, ол бір. Екінші, одан да үлкен мәселе, ол – тамшылатын суғаруды пайдалану. Тамшылатып суарудың өте үлкен артықшылықтары бар. Біріншіден, су аз кетеді, екіншіден біздің Атырау, Ақмола сияқты жерлерде су жайылған жерлердің тұзы шығып кетеді. Ал тамшылатып суаруға көшсек, тұз шықпайды. Жер эрозияға ұшырап, тозбайды. Үшіншіден, егінге су жіберіп, суғарсаң бір гектарда 30-35 кісі жұмыс істейді, ал тамшылап суғаруды 3-ақ кісі атқара алады. Сосын бұл жүйеде тыңайтқыш дозатор дейтін құрылғыға салынады. Сол кезде бірнеше есе аз тыңайтқыш кетеді. Әрбір өсіп тұрған өсімдіктің түбіне су да барады, тыңайтқыш та барады. Өнім әлдеқайда артық шығады. Сосын тамшылатып суғаруға қолданылатын құрылғыларды Қазақстанда емін-еркін шығаруға болады. Мен Атырауда әкім боп тұрған кезде соларды Оралдың зауыттарында жасатып, тамшылатып суғаруды кәдімгідей дұрыстап қолға алдым. Сол жобам бүгінгі күнге дейін мың жарым гектардан астам жерде жұмыс істеп тұр. Тек қана шланганы Израильден сатып аламыз, қалғанының бәрі өзімізден шығады. Менің ұсынысым – осы жүйені шаруаларға заң­мен міндеттеу керек.

Тағы мәселенің бірі: біз тыңайтқышты дұрыс пайдаланып отырған жоқпыз. Жердің балл бонитетінің, яки құнарлығының ең жоғары деңгейі 50-ге дейін барады. Ал біздің елде ол көп жерде 20-ның айналасында. Керемет өнім алып отырған, бидай өсіріп отырған жерлеріміздің өзінде балл бонитеті 40-қа жетпейді. Мысалы, бидайдағы тыңайтқыштың өзіндік үлесі Қазақстанда 2 пайыз, ал анау балл бонитеті 50-ге жақындайтын Канаданың жерінде ол – 12 пайыз. Ойлаңыз! Онда неге тыңайтқышты пайдаланбасқа? Тыңайтқышты шығаратын мекемелерге қолдау көрсетіп, субсидия жасап, көбірек шығару керек. Ал оның қандай түрін шығару керек? Өйткені, қазір жылдан жылға бәрі дамып жатыр. Өзімізде жоқ болса, басқалардың мүмкіндігін алайық. Өзімізде де ғылыммен айналысып жатқан тым жақсы мамандар бар, міне, сол мамандарды пайдаланып, тыңайтқыш мәселесіне үлкен көңіл аударуымыз керек.

Сосын тағы бір айтатын ең басты мәселе – азық-түлік қауіпсіздігі. Бұл денсаулықтан кейінгі маңызды фактор. Оған бәрі байланысты. Егер азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етпесек сенің өндірісің де болмайды, басқасы да болмайды. Мен мұны баяғыдан айтып жүрмін. Әуелі Оралда жүргенде бастадым, одан кейін Атырауда жалғастырдым. Әрбір аймақтың қолдан келгенше мүмкіндігін пайдаланып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек. Бізде бұл мәселе тұрғысында әлі жасалмаған нәрсе өте көп. Өйткені ауылдық жерлерде көптеген адамдар бос отыр, айналасында жерлер бос жатыр, қасында сулар келіп тұр. Құдаяу, неге мен сол суларды пайдаланып сол жерлерге егін екпеймін? Неге жылыжай салмаймын? Мысалы, газбен қамтылған көптеген өңірлеріміз бар. Батыс өңірі, Қызылордасы бар, Оңтүстік Қазақстаннан Алматыға, Талдықорғанға дейін жетіп отыр. Сол газ бар жерлердің барлығында жылыжай салуға болады. Газ өзге отын түрлеріне қарағанда арзан, оған көп шығын кетпейді. Сосын, жаңағы айтқан, жерасты суларын пайдаланса. Газ бар, су бар, ендеше неге ауылдық жерлерде 20-30 кісі жылыжай ашып жұмыс жасамайды. Солай етсе, жұмыс орны ашылар еді, экологиялық таза өнім шығар еді, өзімізді өзіміз қамтамасыз етер ек.

Бір мысал келтірейін, мен Атырауда әкім болған кезде біраз нәрселер жасадым. Соның ішінде бір жобаны айтайын: лимон өсіруді қолға алдым. Сол тропикалық өсімдікті үлкен бір жылыжайда өсіретін үлкен шаруа қожалығын басқарған менің бір әріптес азаматым былтыр «Қазақстанның Еңбек ері» атағын алды. Сол жылыжайда 2021 жылы 29 тонна, былтыр 35 тонна өнім жиналды. Биыл 45 тоннаға дейін жеткелі отыр. Мен сол жігітке бірден айттым: «сен болашақта лимон ағашынан өнім аласың ғой, ендеше осы бастан лимоннан сусын шығаратын нәрсе ойлан» деп. Соны биыл бірінші жартыжылдықта іске қосты, Неміс технологиясымен сусын шығарып, тіршілігін жасап отыр. Міне, біздің қаншама миллиондаған ақшаларымыз далаға кетіп жатыр. Ал біздің оның бір бөлігін өзімізде қалдыруға мүмкіндігіміз бар. Атырауда өскен лимон Шымкентте неге өспейді, былтырдан бастап Түркістан да соған кірісіп жатыр.

Сосын мен министр болып жүрген кезде 2006 жылы Италияда болғанымда ешкі сүтін шығаратын өндірісті көргенмін. Сонда таңғалып, бізде де жасауға болады ғой деп ойладым. Соны Оралда жасағым келген, бірақ «ҚазАгроҚаржы» деген мекемеден қаражат ала алмадық. Ондағы жігіттер өзі кредит алайын деп отырған шаруадан «бізге қанша ақша бересің» деп айтқан көрінеді. Бұл коррупцияның бір түрі ғой. Сосын Атырауға келгеннен кейін, онда мүмкіндік көбірек, сол бойда осы жобаны қолға алдым. Қазір тамаша жүріп жатыр, барып көруге болады. Ол шетелдік технологиямен жасалған. Заанен ешкісі деген швейцариялық тұқым бар, күніне әрқайсысы 5-7 литр сүт береді, сондай мың ешкі алғызып, қазір соның жылына 700-дейін сауып отыр. Одан 15-16 түрлі өнім түрлерін шығарып жатыр, оның ішінде сол ешкінің сүтінен жасалатын дүниежүзіндегі ең қымбат және денсаулыққа пайдалы «Качокавалло» деген ірімшік бар. Әлгі жігіттер оның бір бөлігін Ресейге сатып отыр. Егер, білетін болсаңыз, ешкінің сүті – ана сүтін айырбастайтын жалғыз сүт. Оның емдік қасиеті бөлекше, тіпті май шығарғанда бөлінетін көксуының да бірнеше ауруға шипасы бар. Ол қандағы қантты төмендетеді, холестеринді азайтады. Мұның барлығы дәлелденген нәрселер. Ешкілер қорада тұратын «стойло-режимде» бағылады. Сосын берілетін тамақтары да өзгеше болады. Мысалы, ешкі сүтінде өзіне тән иіс болады, сол иіс болмауы үшін күніне бір алма немесе бір сәбіз берсең, ол иіс кетіп қалады. Міне, осыған дейін бәрі қаралған.

– Өте керемет жобалар екен. Бұған басқа да жобаларды қолға алғаныңызды білеміз. Соны да өз аузыңызбен айтып берсеңіз?

– Атыраудың жерін білесіз, жері қуаң, шөп мәселесі қиын. Сондықтан мен ол жерге барғаннан кейін, «Бақсай» және «Нарын» деген екі үлкен канал бар, соның шығатын жеріндегі сорғыларының барлығы суға батып, шіріп кеткен екен, соларды Оралдың зауыттарына жасатқызып, сол каналдарды тез қалпына келтіріп іске қостырдым. Содан кейін ғой, лимон егуді қолға алғаным. Одан бөлек Украинадан жүгерінің ең пайдалы, ең күшті өнім беретін түрлерінен бірнеше тонна алғызып, еккіздім. Одан жемнің жоғары сұрыпты төрт түрін жасауға болады. Сосын Америкадан самолетпен 500 сиыр, Европадан 500 сиыр алғыздым, олар – голштин-фриз деген тұқымнан. Қазір ол фермалар да жұмыс істеп тұр.

Тағы бір жобамды айта кетейін: ол Қазақстанның қазір кейбір жерлеріне енді бастап кіріп жатыр. Ең алғаш боп бастаған біздер болатынбыз. Гидропоника деген жем өсірудің инкубатор сияқты тәсілі бар. Мысалы, арпаны алып, бір ыдысшаға салып қоясың. Ұзындығы 30 метрдей терезесі жоқ көк бөлме, соның ішінде екі қатар стеллаждар қойдық. 6 күннің ішінде 7 килограммнан 15 килограмм көк өскін өсіп шығады, биіктігі 20-25 см. Сонда әлгі кішкене бөлмеден күніне 10 тонна жасыл шөп алуға болады. Ойлап қараңызшы, қыстың күні жасыл шөп. Шөп болғанда да дәрумендері мен нәрі бойында, өте пайдалы дүние. Сиырларға соны бердік. Сүттің өнімділігі де арта түсті. Күніне 20-25 литрлеп сүт береді, негізі Еуропада олар 40-45 литр сүт береді.

Атырау облысына әкім болып барғанда таңғалғаным, жергілікті халық тұтастай шекараның арғы бетіндегі Астрахань өңірінің жұмыртқасын тұтынады екен. Сондықтан бірден құс фабрикасын салуды қолға алдық. Мен қызметтен кеткенде аталған фабрикада жылына 60 млн жұмыртқа өндірілетін. Қазір бұл көрсеткіш 100 млн-ға жетті. Міне, жүйелі жұмыстың нәтижесінде бүгінде бір ғана фабрика тұтас өңірдің қажеттілігін қиналмай-ақ өтеп отыр. Сол секілді бөдененің 2 млн жұмыртқасын өндіретін өндірісті де іске қостық. Бұл тағы бір ғана мысал.

Бұның барлығын мен не үшін айтып отырмын. Атырауда мен 12 жоба жасаттым. Оның барлығын Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация арқылы жүзеге асырдық. ӘКК-ге біз қаржы береміз, сосын олар белгілі келісімшарт бойынша оны кері қайтарады. Бұл мен ойлап шығарған нәрсе емес. Үкімет деңгейінде қолға алынған механизм. Ендеше, оны кез келген әкім жасай алады. Ең бастысы адал ниет пен елге деген махаббат болу керек.

– Адал ниет пен елге деген махаббат – Президентіміздің Ұлттық құрылтайда айтқан «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тұжырымымымен үндеседі екен. Мемлекет басшысының алға қойып отырған тағы бір концепциясы – «Мықты Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет». Сіз Мәжілістегі байырғы депутаттардың бірісіз. Ендеше, Парламент қаншылықты ықпалды бола алып отыр деп ойлайсыз?

– Парламенттің ықпалды болуына барлық алғышарт бар. Менің депутаттық қөзқарасым: оны жүзеге асыру үшін жоқ заңдарды кіргізіп, бар заңдарға өзгерістер енгізу керек. Өйткені, бұл – бірнеше салаларды қамтитын мәселе. Мемлекеттік сатып алудан бастап, әрі қарай тамыры тереңдей береді. Мемлекеттік сатып алудың өзінде де көптеген олқылықтар бар. Солардың бәрін қалпына келтіруіміз керек. Әкім болып жүрген кезімнен мысал келтірейін: облыста 250 млн теңгеге конкурс жарияланады – бір жұмыс 250 млн теңге тұрады. Сол конкурсты бірінші кезекте жарысып-жарысып бағасын түсіріп, айталық 170-180 млн-ға дейін, бір компания ұтып алады. Кейде бағасын 20-30 пайызға дейін түсіріп жіберетін кездер болады. Өйткені, талап сондай: арзан баға ұсынған үміткер жеңеді. Әрине, ол ұтып алады да, ештеңе жасай алмай пұшайман болады. Белгілі бір уақыттан кейін ол жайына қалады, жұмыс тоқтайды, оны басқа кісіге бере алмайсың, жұмыстың барлығы орындалмай, ақша игерілмей қалады, сосын сот болады. Бәрі бітіп, бұл жобаға артынан қайта оралғанда, ол бұрынғыдай 250 млн емес, 350 болып қымбаттап кетеді. Бұл – бір мәселе. Екінші мәселе, мысалы Атырауда тендерге шыққан 250 млн-ның жұмысын, Шымкенттің немесе Талдықорғанның компаниясы ұтып алады. Ол жерге ол адамдарын, техникасын апармайды, барады да сол жерден субмердігер болатын қосымша компания іздейді. Өзі арзанға ұтып алған қаржыдан үлесін алып қалады да, қалғанын соларға береді. Одан жұмыстың сапасы кемиді. Міне, бұл үлкен проблема. Осы сияқты көптеген заңдардың барлығына толықтырулар мен өзгерістер енгізу керек. Өйткені, көптеген заңдар ескіріп кеткен. Мысалы 90-шы жылдардағы дұрыс болған нәрсе, қазір ондай емес, талап өзгеріп жатыр, барлық адамдардың қарым-қатынасы, экономикалық қатынастар өзгеріп жатыр. Сондықтан көп нәрселерді қазіргі заманның талабына сай қайта қарау керек. Әйтпесе, заңда қалай жазылған, солай орындау керек болғандықтан, көп нәрсенің қиюы келмей жатады.

Енді сұрағыңызға нақты жауап берер болсам, Парламент ықпалды бола алады! Өйткені, соңғы сайланған лекпен бұрын оппозицияда жүрген, үкіметке, басқару органдарына көңілі толмай жүрген азаматтар келді. Олардың қазіргі бет алыстарына, бастамаларына мен өз басым оң көқараспен қараймын. Әрине, олардың депутат ретінде тәжірибесі аз болар, ол жағын түсінеміз, бірақ бұрыннан бірнеше жылдардан бері келе жатқан біз көмегімізді аямаймыз, тек олар ілесіп кетуі керек. Міне, осы топ көптеген жаңа ықпал әкеліп отыр. Мәжіліске өздері де, пікірлері де таза азаматтар келді. Мен соған ризамын! Айталық, Парламентте Ермұрат Бәпи деген замандасымыздың өзі неге тұрады? Мысалы, оны кезінде өлтірмекші де болды, отырғызбақшы да болды, қанша қиналды, қанша қуғындалды, бірақ ол берілген жоқ, еш уақытта өзгерген жоқ, басын иген жоқ. Ақыры мақсатына жетіп, Мәжіліске келіп отырды. Айтып отырған нәрселерінің бәрі көңілге қонады. Одан да басқа Айдос Сарым, Абзал Құспан сынды тағы да басқа керемет азаматтар бар. Мен осындай азаматтардың білімі де, көрегенділігі де, айтып отырған пікірлері де өте орынды деп санаймын. Енді сол мүмкіндікті біз ұтымды пайдаланып, тиісті заңдарға өзгерістер енгізуді тездетуіміз керек. Жалпы жасалып жатқан жұмыстардың, қаржының тиімді жүзеге асуында, бақылануында, заңсыздықтардың түзетілуіне осы кісілердің үлкен ықпалы болады деп сенемін. Сондықтан осы сайланым ықпалды Парламент болатынына менің ешқандай күмәнім жоқ.

Тағы бір нәрсе айтайын, жағынып отыр деп ешкім ойламасын, мен 75-ке келіп отырған адаммын! Мен Ерлан Жақанұлын жастайынан, төменірек сатыларда жүрген кезінен бастап білемін. Ол елге сыйлы азамат, көп нәрсені жақсы аңғарып білетін, ойланып жұмыс жасайтын білікті басшы. Оның қазіргі жұмыс жасау бағытына мен өз басым оң көзқараспен қараймын. Сондықтан да Парламенттің бір палатасын ол кісінің басқарып отырғаны, жаңа топтың белсенді жұмыс жүргізіп жатқаны – Президент қойған міндеттің кепілі, сіз қойған сұрақтың жауабы.

Тағы бір айтқым келетіні, мен биыл алғаш Мәжіліске келген уақытта маған бір журналист: «Сен Назарбаевпен бірге неге кетіп қалмадың?» дегендей әңгімелер айтып ұрынды. Сол жерде мен: «Жұрттың бәрін өзгертіп жібергенде не болады? Мына жаңадан келген адамдар ілесіп кетуі үшін, бағытты білетін, заңды меңгерген, өмірді көрген, өндірісті білетін, тәжірибесі мол, өз пікірі бар адамдар бірге жұмыс істеуі керек емес пе? Мен осыншама уақыт қызмет етсем де, әлі істейтін дүниелерім, тиер пайдам көп, көптеген ұсыныстарым бар» деп жауап бердім. Сонда әлгі журналист маған: «Сол ұсыныстарыңды сол кезде неге жасамадыңыз?» деп сұрақ қойды. Оған да «90-шы жылдары бізде 2000-шы жылдары жасайтындай мүмкіндігіміз болған жоқ, 2000 жылдары қазіргі кездегідей мүмкіндік болған жоқ. Қазіргі уақыт басқа. Әр кезеңнің өз мүмкіндіктері болады, өз талаптары болады. Ендеше, өткен күндердің қателігін қайталамай, сол күндердің тәжірибесінен сабақ ала отырып, ауызбіршіліктен ажырамай, бүгінде екі есе күшпен, екі есе қарқынмен жұмыс істеуіміз керек. Сонда ғана алар асуларымыз биік болмақ» деп жауап бердім. Ендеше, бүгінгі әңгімеміздің де түйіні осы деп ойлаймын. Бағыт айқын, бағдар түзу. Ол – Жаңа Қазақстан!  

– Әңгімеңізге рахмет! Туған күніңіз тағы да құтты болсын! Абырой биігіңіз аласармасын!

 

 

Сұхбаттасқан Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ