«Bir tolqynda» диалог алаңында жастармен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауы талқыланды.
«Bir tolqynda» диалог алаңында жастар Президент Жолдауын талқылады
800
оқылды

«Bir tolqynda» диалог алаңында жастармен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауы талқыланды. Іс-шараны «АМАNAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» Жастар қанаты ұйымдастырды.

Талқылауға Мәжілістегі  «AMANAT» фракциясының депутаттары Екатерина Смышляева және Жарқынбек Амантайұлы, «Жастар рухы» Жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев, қоғам көшбасшылары мен жастар қатысты.

«Жастар рухы» Жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев алға қойылған міндеттерді, басымдықтар мен тапсырмаларды орындауда әрбір жасты өз үлесін қосуға шақырды.

«Жолдауда айтылған бастамалар, ең алдымен, отандастарымыздың әл-ауқатын арттыруға, экономикамызды дамытып, әртараптандыруға бағытталған. Оның жүйелі жүзеге асуы мемлекетіміздің алдағы даму бағытына тың серпін береді. Сондай-ақ, ортақ мақсатқа жету жолында әр жас азаматтың, жастар қанаты қатарындағы әр белсендінің үлес қосқаны маңызды. Бұған қоса, Үкіметке 2026 жылға қарай IT қызметтерінің экспортын бір миллиард долларға дейін арттыру міндеті қойылды. Ол ірі шетелдік IT-компаниялармен ынтымақтастық және бірлескен кәсіпорындар ашу осы мақсатқа қол жеткізуге ықпал ететінін атап өтті. Осы бағытта жастардың қосар үлесі айрықша мол болады деген ойдамын», – деді ол.

Талқылауға қатысқан Парламент Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева Мемлекет басшысы Жолдауда Қазақстанды IT-елге айналдыру қажет екенін және барлық процесті цифрландыру бойынша тапсырма бергенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы өз Жолдауында іс жүзінде әрбір салалық мәселеде процестерді цифрландыруды аяқтау қажеттігін баса айтты. Шындығында, технологиялық тұрғыдан біз біраздан бері дайынбыз. Сондай-ақ елімізде әр саланың анық, толық цифрланған болуы үшін барлық құралдар да бар. Бірақ, өкінішке қарай, бірнеше жылдан бері әртүрлі ақпараттық жүйелердің бағдарламаларына есептеу құрылғыларын орнату деңгейінде, инженерлік шешімдер деңгейінде өте баяу жүзеге асып келеді. Енді Жолдауда аталған салаларды цифрландыру үшін барлық күш-жігерді жұмсау қажет болады. Сондықтан, бұл бағытта сондай-ақ заңнамалық деңгейде де жұмыс істеу керек», – деді Мәжіліс депутаты.

Сондай-ақ талқылауға қатысқан қоғам белсенділері мен Жастар қанатының жастары Жолдауға қолдау білдіріп, өз пікірлерін ортаға салып, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.

Парламент Мәжілісінің депутаты Жарқынбек Амантайұлы құнды құжаттағы бірқатар маңызды бағытқа баса мән беру қажет екенін атап өтті. 

«Жолдауда адам құқығын қорғау саласында маңызды қадамдар жасалғаны және заң үстемдігі мен әділдік орнату бағытындағы жұмыс жалғасып жатқаны айтылды. Сондай-ақ, азаматтардың мемлекеттік шешімдер қабылдауға қатысу мүмкіндігі кеңейтілді. Бұл қоғамның саяси мәдениетін арттыруға және жаңа деңгейге көтерілуіне ықпал етеді. Сәйкесінше, азаматтық қоғам да серпінді дамудың басты кепілі бола алады», – деді халық қалаулысы.

Айта кетейік, еліміздің барлық аймағында осындай диалог алаңдарда талқылау жүріп жатыр.