Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы ақпарат алмасуды ұйымдастыру және кедендік бақылау рәсімдерін оңайлату туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, қабылдады. Сондай-ақ олар депутаттық сауалдарын жолдады.
Медицинаға грант санын көбейту керек
786
оқылды

Мақұлданған заң жөнінде пікір білдірген Сенат Төрағасы Келісім екі мемлекет арасында тасымал­данатын тауар мен көлiк құралдары туралы элек­трондық ақпарат алмасу тәртібін айқындайтынын атап өтті. Соның нәтижесінде кедендiк бақылау рәсімдерінің мерзiмдерi қысқарып, тиiмдiлiгi артпақ.

«Осы құжат арқылы өткізу пункттерінде шек­ара­дан өтудің тәртібі анықталады. Сонымен бірге кедендік тексеруден босату және өзге кедендік рәсімдеулерді жеңілдету көзделіп отыр. Алдағы уақытта заң екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өз септігін тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар отырыс барысында сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады.

Ақмарал Әлназарова медициналық мамандық­тар бойынша білім гранттарын арттыру керектігін айтып, Үкіметтің назарын аударды.

Жанболат Жөргенбаев Алматы облысындағы аудандарда суды тиімсіз пайдалану және гидро­техникалық құрылыстардың тозуы мәселесін көтерді. Соған байланысты сенатор 2023–2026 жылдарға арналған Ауыл шаруашылығында суды тиімді тұтынуды қамтамасыз ету жөніндегі жол картасына бірқатар өзгерістер енгізуді ұсынды.

Серік Шайдаров Жезқазған қаласында ин­фрақұрылымның тозуына алаңдаушылық білдіріп, өңір тұрғындарымен кездесуде аталған проблема кеңінен талқыланғанын айтты. Премьер-Ми­нистрге жолданған сауалда ЖЭО-ның жай-күйі, Есқұла су құбырының құрылысы, Үйтас-Айдос су құбырын қайта жаңарту және басқа да нысан­дардағы шұғыл шешімді талап ететін мәселелер көтерілген.

Амангелді Толамисов бала асырап алу саласын­дағы проблемаларға тоқталды. Депутат бұл мәселе­де тараптардың заңды жауапкершілігін күшейтудің маңызы зор деп санайды.

Қайрат Тастекеев өз сауалында елімізде техни­калық және кәсіптік білім берудің ұлттық жүйесін күшейту қажеттігін атап өтті.

Андрей Лукин ветеринарлық бақылау саласын­дағы проблемаларды айтып, кәсіпкерлерге шы­ғын­дарды төлемей мал өнімдерінің сынамаларын алу тәжірибесін тоқтатуға шақырды.