Ауылдық округте «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» жобасы бойынша жалпы 201 өтінім қабылданған.
Жамбылдағы ауыл әкімі еш жаққа жалтақтамай-ақ ағын су мәселесін шешіп отыр
1,762
оқылды

Өткен жылы «AMANAT» партиясының атынан Жуалы ауданы  Жетітөбе ауылдық округі әкіміне ұсынылып, сайлауда басым дауыс алған Қайнарбек Беделбековтің іскерлігіне ешкім күмән тудырмаған. Бүгінде ол басқаратын ауылдық округтегі 6 елді мекенде 529 аула бар. Ондағы халық негізінен мал және егін шаруашылығымен айналысады. 

Әрине, жер емген тұрғындардың қашанда алаңдайтыны ағын су. Өз кезегінде, әкім бұл мәселені түбегейлі шешіп тастаған.

– Ауылдарымыз тау баурайын жағалай орналасқан. Табиғаттың осынау тамаша сыйын тиімді пайдаланып, тау бөктерлеріне шағын тоғандар салғанбыз. Қазір мұндай 4 тоғанымыз бар. Қар еріп, жылғалардан су аға бастаған уақытта ауыл тұрғындарын басын қосып, тоғандарға су жинай бастаймыз. Сол 4 тоғанға биыл бас-аяғы 1 миллион 800 мың текше метр су жинап алдық. Жиналған сол суды әлі күнге дейін сарқып алмай жұмсап келеміз. 

Бүгінде  ағын су еліміз бойынша өзекті мәселеге айналып отыр. Тіпті, Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында су мәселесіне тоқталып, арнайы министрлік те құрылды. Дегенмен біздің ауылда ағын су бойынша мәселе туындамайды. Әне-міне дегенше, суару науқаны аяқталып келеді. Қазан айының орта тұсынан бастап сол тоғандарымызды ретке келтіріп, келесі маусымға дайындап қоятын боламыз. Ол үшін ешқандай қаржының қажеті жоқ. Бұл жұмыстарды ауыл тұрғындарымен бірігіп істейміз, – дейді Жетітөбе ауылдық округінің әкімі Қайнарбек Беделбеков. 

Ауылдық округте «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» жобасы бойынша жалпы 201 өтінім қабылданған. Бүгінге 147 өтінім мақұлданып, жалпы сома 771, 770 мың  теңге қаражатқа қол жеткізді. Қалған 47 өтінім бүгінгі таңда қаралуда. «Ауыл аманаты» жобасымен «Жетітөбе-2022» ауыл шаруашылығы кооперативі  құрылып, лизингке жаңа техникалар алу жұмыстары қолға алынған. Ауылда бұдан өзге де атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. 

– Б.Момышұлы-Қошқарата» бағытындағы тасжолдың 15   пен 34 шақырым аралығындағы жол жиегіндегі ағаштардың қыстағы бораннан сынып түскендерімен қатар қурап, қисайып тұрған 3 700-ден аса ағаштары бұталып, жол жиегіне шығарылып, ауылдың және «Жуалы Су» мекемесінің техникаларымен отын қажет ететін тұрғындарға жеткізіліп берілді. 

Қыстағы қалың қардың еруімен көктемгі жауыннан су іркілетін аумақтар және ауылға ағын су келетін бел арықтар мен ауыл ішіндегі суару арықтары 25,2 шақырымға  тазартылды.  Сонымен қатар 1 580 түп түрлі ағаш көшеттері отырғызылып, бапталуын назарда ұстап отырмыз, – дейді ауыл әкімі. 

Жетітөбе ауылдық округінде жастардың салауатты өмір салтын берік ұстануына назар аударылып келеді. Мәселен, биылғы  маусым айында Кәріқорған ауылында орналасқан ескі сауда үйін ауыл жастарына арналған спорт кешені етіп беру мақсатында құрылыс басталып, жоспарға сәйкес тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Тағы бір тілге тиек ете кетерлік жайт, округте партияның «Жер аманаты» жобасы аясында  34 гектар жер мемлекетке қайтарылды. Бүгінде оның игілігін ауыл тұрғындары көруде.    

 

Шынболат Сейдуалиев, 

Жамбыл облысы