Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету екенін ерекше атап өтті.
Мейрам Пшембаев: Машина жасау – экономиканы дамытудың негізгі драйвері
3,766
оқылды

 Сондықтан өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруіміз қажет. Ендеше мұнда машина жасау саласы өте маңызды рөл атқарады. Ол – өнеркәсіптің технологиялық дамуының негізі. Тұтыну нарығының тұрақты жұмыс істеуі мен қанығуын қамтамасыз ететін ұлттық экономиканың өзегі. Осы ретте «Қазақстан машина жасаушылар одағы» ЗТБ басқарма төрағасы Мейрам Пшембаевпен сұхбаттасқан едік. Әңгіме қазір саланы жаңғырту, оның негізгі көрсеткіштерін арттыру, машина жасаудың барлық өңдеуші саланы дамытуға қосқан үлесін өзекті ете түсу үшін іске асырылып жатқан бірқатар шара туралы өрбіді.

– Мейрам Құдайбергенұлы, машина жасау – жүйе құраушы және стратегиялық маңызды салалардың бірі. Оны бір сөзбен қалай суреттеуге болады?

– Өндіріс саласы қай мемлекеттің бол­масын дамуында маңызды рөлге ие екені сөзсіз. Өйткені экономикасы мықты мемлекеттердің бюджетінде де ақшасы көп, халқының да әл-ауқаты жоғары бо­ла­ды. Осы ретте Президенттің қойып отырған талабы: тауарларды өзімізде өндіру керек, ол тауарлар сапалы болуы тиіс және тек ішкі нарықты қамтып қана қоймай, шетелге де бәсекеге қабілетті тауарларды шығаруымыз қажет. Міне, осы тұста машина жасау саласының алатын орны ерекше. Өйткені машина жасау – ең жоғары технологиялық орта. Ол 37 саланы қамтиды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы машиналары, энергетика, тау-кен, мұнай-газ, металлургия, теміржолға арналған машина жасау, электротехника және т.б. салалар бар. Бұл салаларда ашылған бір жұ­мыс орны аралас салаларда 8-10-ға дейін жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Мәселен, бір ауыл шаруашы­лығының өзінде егін, мал, құс, балық шаруашылықтары бар. Жер жырту, егін егу, шөп ору, жем дайындау, мал жайғау сияқты кіші салалары көп, соның әрқай­сысында өзіндік мақсаттағы техникалары бар. Шаруашылық пен өндіріс механи­зация, автоматизация болса ғана мол өнім береді. Өйткені қазір қолмен ешкім еште­ңе істемейді ғой. Сол секілді тау-кен сала­сын­да да ауыр-ауыр техникалар, ортанқол агрегат көп. Мұның барлығы – біздің саланың нысандары. Энергетика сала­сында: ТЭЦ, ЛЭП, турбиналар, қазан­дықтар қаншама, теміржол саласында қаншама вагон, локомотив, рельс және оның бекіту элементтері бар. Бір сөзбен айтқанда, біздің сала қарапайым бұранда мен тетікшелерден бастап ғарыштық аппараттарға дейін қамтиды. Сондықтан да машина жасау саласын экономиканы дамытудың негізгі драйвері деуге болады.

–Ендеше осы саланың Қазақстандағы ахуалы қандай? Біз оны өзімізде қанша­лықты игере алып отырмыз?

–Бұл төңіректе біз бірсыпыра жұмыс атқарып жатырмыз. Қазір Қазақстанның машина жасау саласында  5 410-нан астам кәсіпорын бар, ал жұмыспен қамтылғандар саны – 118 мыңнан астам адам. Әлемдегі ең көп сатылатын өнім – бұл машина жа­сау өнімдері. Ол – әлемдік экспорттың 40%-ы. Осыдан-ақ бұл саланың маңызды­лығын түсіне беріңіз. Мәселен, 2022 жылы Қазақстанға 50 млрд АҚШ долларының тауарлары кірген екен. Оның ішінде 20 млрд доллары, яки жартысына жуығы машина жасау саласына тиесілі. Олар дегеніміз – машиналар, құрал-жабдықтар, қондырғылар, агрегаттар, аспаптар және тағы басқалар. Осы ретте біздің ішкі өндіріс осыдан 10 жылдай бұрын 370 млрд теңгеге жеткенін ерекше атап кеткім келеді. Есіңізде болса, бізде мемлекеттік Үдемелі индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы жұмыс істеді. Бұл соның арқасында, яки ҮИИД-1 кезінде қол жеткізген жетістіктер. Өйткені оның алдында көрсеткіштеріміз одан ондаған есе төмен болатын. Осы бағдарлама аясында машина жасау бағытында жаңа мен жоғарыда айтқан 37 саланың 6 саласы басым бағыттар ретінде таңдалып алынды. Олар – теміржол, мұнай-газ, энергетика, автомобиль құрастыру, ауыл шаруашылығы және тау-кен машина жасау салалары, яки мемлекет тарапынан осы салаларға басымдық беретін боп шешім қабылданды. Бұл өз кезегінде зор нәтиже беріп, импорттың азаюына, отандық өнімнің артуына әкелді. Өзімізде машина жасау саласында бұрыннан бар кәсіпорындар жандандырылды. Жаңадан зауыттар пайда болды. Оның ішінде айта кетсек, Америкамен бірігіп осыдан 15 жыл бұрын General Electric атты тепловоз шығаратын зауыт құрылды. Бұл бұрын бізде мүлдем болмаған. Сол секілді Alstom Transport-пен электровоздар, Тальгомен адам таситын вагондар, одан бөлек жүк таситын вагондар шығарыла бастады. Тракторлар, комбайндар құрастырыла бастады. Менің ойымша, бұл осы бағытта атқарылар қыруар шаруаның басы ғана. Әлі де алда тұрған міндет көп. Табиғатында машина жасау саласын «ауыр өнеркәсіп» деп атайды. Олай дейтіні, мәселен тау-кен саласында жер қойнауынан қазба байлық­тарды қазып алады, оны сол күйі шикізат етіп сатуға болады, бұл – бірінші кезең. Металлургия саласында оны металға ай­нал­дырып, қалыпқа құяды. Оны да жар­тылай өнім ретінде сатуға болады. Ол – екінші кезең. Бұл екеуі біздің елде жолға қойылған деуге болады. Ал енді машина жасау – осы екі кезеңнен кейін жүзеге асатын ең бір ауыр да қиын сала. Өйткені мұнда бір детальды шығару үшін түрлі қорытпаны пайдаланып, оларды техно­логиясын тауып араластырып, мысалы әуелі жоғары легирленген болат темір алып, оны жонып, қажет бөлшекті жасау керек. Көптеген кезеңнен өтуге тура келеді. Бұл көптеген қосалқы саланың, соның ішінде ғылыми-инженерлік саланың басын біріктіретін процесс. Айталық, бір тепловоздың өзі 11 мыңнан астам детальдан тұрады. Оның барлығын шығарып қана қоймай, құрастыру керек. Осы ретте мақтанышпен айта кету керек, осы тепловоз құрастыруда бүгінде қазастандық үлес 25-30%-ға жетіп отыр. Біздің Павлодар, Қарағанды, Петропавл, Алматы қалаларында орналасқан кәсіп­орындар оның түрлі бөлшегін өзімізде шығара бастады. Бірі – қаңқасын, бірі – сүйрегішін, бірі – шанағын, бірі – фара шармын, бірі  тежегіш колодкаларын жасап жатыр. Келешекте тепловоздың моторын ғана шығармайтын болармыз, бірақ сол моторға күрделі жөндеу жүргізе­тін жағдайға жеттік. Бұл да бір жеткен жетістігіміз. Бұл тек тепловозға қатысты мысалдар. Болмаса басқа салалардағы техникаларға да қатысты осыны айтуға болады. Жылдан-жылға бұл үлес арта бермек. Осы себепті машина жасауды  өндірістің ең жоғарғы шыңы деп бағалауға болады. Сондықтан да мұндағы атқарылар жұмыстардың күрделігін  осы тұрғыдан бағалар едім. Осы ретте Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қойып отырған экономиканы әртараптан­дыру міндеті бүгінде одан да әрі өзекті бола түсіп отыр. Металдарды терең өңдеу, мұнай, газ және көмір химиясы, ауыр ма­шина жасау, уранды конверсиялау және байыту, автокомпоненттер өндіру және тыңайтқыштар сияқты бағыттарға назар аудару қажет. Басқаша айтқанда, жоғары деңгейдегі қайта бөлу кластерлерін жасау керек. Бұл тұрғыда Президент:

«Мемлекет ірі кәсіпорындармен бірлесіп, өндірістің барлық сатысы өз елімізде болуын қамтамасыз етуі керек. Ол үшін өндіріс саласын реттейтін және ынталандыратын түрлі тәсілді қолдану қажет. Өңдеу өнеркәсібі шикізатты көңілге қонымды бағамен жеткілікті көлемде алуы керек, – деп атап өткен болатын.

–Президенттің осы тапсырмаларын орындауда қандай жұмыстар атқарылып жатыр? 

–Біздің Президентіміз қызметіне алғаш кіріскен жылы еліміздің машина жасау саласы 1 триллион теңге өнім өндіретін. Сондықтан да өзінің алғашқы 2019 жылғы Жолдауында Қасым-Жомарт Кемелұлы отандық өңдеу өнеркәсібін қолдау бойынша бірқатар тапсырма беріп, машина жасау саласының мәселелерін жеке бақылауына алды. Жалпы, машина жасау өндіріс саласының жартысын алып жатыр деуге болады. Бұл әлем бойынша солай қалыптасқан. Соның нәтижесінде Үкімет «Машина жасауды дамытудың 2019-2024 жылдарға арналған Жол картасын» қабылдады. Соның аясында Президент тапсырмасымен «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң қабылданды. Бұл қаншама жылдан бері қабылданбай келе жатқан заң еді. Отандық өндірушілерді қолдау және өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларды қаржыландыру мақсатында өнеркәсіпті дамыту қоры құрылды. Оған 2022 жылы 250 млрд теңге қаржы бөлінді. 

Сондай-ақ саланы дамыту жөнінде бірқатар шара, соның ішінде машина жасаудың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және өңдеуші кәсіпорындарды қолжетімді шикізатпен тиімді бағамен қамтамасыз ету шаралары қабылданды. «Өнеркәсіптік саясат туралы» заңның 46-бабын және «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекстің 61-63-бап­тарын іске асыру шеңберінде Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі офтейк-келісімшарттар, офсеттік келісімдер және отандық кәсіпкерлерді ынталандыру туралы келісімдер жасасу жөніндегі тиісті қағидалар әзірленді. Офтейк-келісімшарт­тар дегеніміз – отандық машина жасау­шылар өндірген өнімдерді өткізуге, яки сатып алуға берілетін кепілдік. Тұтынушы кәсіпорындар, мысалы мемлекеттің қатысы бар «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ сынды компаниялар міндетті түрде сатып алуға тиіс. Олай етпесек, отандық компа­ния­лар банкрот болады. Жалпы, бұл проб­лема біздің экономиканы көптен бері тежеп келген еді. Осындай көптеген мәселені Президент бізге шешіп берді.

Тағы бір тоқтала кетер жайт: 2022 жылдан бастап елімізде өндірілмейтін технологиялық жабдықтардың импортын есепке алу әдісімен қосылған құн салығын төлеу бойынша жеңілдік 3 жылға ұзартыл­ды. Ол дегеніміз не? Бізде станок құрас­тыру, технологиялық линия, автомати­зация, роботизация деген жоқ қой. Осы технологияларды әкелген инвесторлар, яки шетелдік не өзіміздің кәсіпкерлер, басында ақылға сыймайтын кедергілерге тап болып жүрді. Біз оларға сол техникасы үшін «салық төле» дейтін едік. Соған шамданған олар: «Сіздер қызықсыздар, инвестиция әкеліңіздер деп шақырасыздар да, сосын келіп өздеріңізде шықпайтын құрал-жабдықтардан салық аласыздар. Бұл сіздердің игіліктеріңіз үшін емес пе? Мұндай үрдіс Ресейде де, Өзбекстанда да жоқ» дейтін. Сондықтан Президент бұл мәселенің басы ашылғанша уақытша сынақ ретінде бұл салықты алғызып тастады. Басқадай да жеңілдіктер жасап, түрлі кепілдік беріп отыр.    

Сондай-ақ индустриялық сертификаты бар отандық тауар өндірушілерге келесідей жағдайларда басымдық берілетін болды. Олар –  ұлттық режимнен алып тастау тетігі арқылы мемлекеттік сатып алуларда, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның сатып алуларында және қатты пайдалы қазба­ларды өндіретін жер қойнауын пайдалану­шылардың тауар биржалары арқылы жүзеге асырылатын сатып алуларында.

Осы тұста ерекше назар аударта кететін нәрсе: Жол картасында машина жасау өнімінің көлемін 2019 жылғы 1 трлн теңгеден 2025 жылға қарай 2,6 трлн теңгеге дейін ұлғайту міндеті қойылған болатын. Ал  2022 жылы елімізде 3,1 трлн теңгенің өнімі өндірілді. Осылайша, бұл тапсырма біріншіден, мерзімінен бұрын, екіншіден, 500 млрд теңгеге асыра орындалып отыр. Енді осы тұста біреулер: «Бұл теңгемен ғой, ол бірнеше рет девальвация болды ғой» деп айтуы мүмкін. Олай болса, жалпы қосылған құн, яки экономика тілінде «валовый добавленный стоимость»  ВДС-қа назар аударайық: 2019-2022 жылдар аралығында осы қазақстандық мазмұнның көлемі 2 есеге, яки 1,5 триллионға өсіп отыр. Бұл дегеніміз – нағыз шынайы жағдайдың көрсеткіші. Одан бөлек, нақты көлем индексі деген санат бар, яки нақты көлем индексі (ИФО), ол 1,9 есеге өсті. Бұл санат ақшамен есептелмейді, тауардың саны мен сапасына қарай өлшенеді. Мәселен, шартты түрде айтқанда, бұған дейін 336 тепловоз шыққан болса, қазір олардың саны 500-ге жетті. Автомобиль бұрын 30 мың шықса, қазір 90 мыңға жетті. Бұл – экономиканың нақты көрсеткіші. Осылайша, соңғы 4 жылда өзімізде өнді­ріл­ген өнім көлемі 3 есеге артты. Ал биыл­ғы 8 айда нақты көлем индексі 128%-ға жетті. Мұндай нәтижелерге Президенттің жеке қолдауының арқасында қол жеткізіп отырмыз. Мұны мен ерекше атап өткім келеді.

– Алға қойған міндеттердің қысқа уа­қытта орындалғаны қуантады. Бұл саланы жандыра түсу жаңаша бір деңгейге шық­қанын көрсетсе керек? Ендігі жоспар қандай? 

– Әрине, бұл қол қусырып отыру керек деген сөз емес. Керісінше, салаға тың серпін, адамға жаңаша шабыт берсе керек-ті. Сол себепті бұл саланы жандандыра түсу мүмкіндіктерін жан-жақты зерттедік. Машина жасау саласының осы уақытқа дейінгі ахуалына талдау жасау жүйелі сипаттағы бірқатар тежегіш фактордың бар екенін көрсетті. Олар – негізгі құрал­дардың тозуының жоғары деңгейі, салық­тық ынталандырудың жеткіліксіздігі, қол жетімді қаржы құралдарының жетіспеу­шілігі, реттелетін сатып алулардағы отандық өнімнің төмен үлесі, жоғары білікті мамандардың тапшылығы және тағы басқалар. Мәселен, саладағы негізгі құралдар жаңартуды қажет етеді. Жаңағы айтқан 5 мыңнан астам кәсіпорын мен өндіріс орындарындағы машиналар мен жабдықтардың тозу деңгейі –  40%, яки жаңарту немесе қайта құруды қажет етеді. Салық жүйесі қосылған құны жоғары өнім өндіруді жеткілікті түрде ынталандыр­майды: дайын өнім мен шикізат өндіру­шілер ҚҚС-ты бірыңғай 12%-дық мөл­шер­лемемен төлейді. Оның үстіне, 2025 жылдан бастап оны 16%-ға дейін көтеру жоспарланып отыр. Бұл отандық бизнесті тұншықтыра түсуі мүмкін деп санаймыз. Сондай-ақ, қол жетімді қаржы ресурстары тапшы. Оның негізгі себептері: екінші деңгейлі банктердің бизнесті кредиттеу ставкалары жоғары – 19,5-27%  аралы­ғында, кәсіпорындардың қарызға, яки кредитке батып отырғаны және кепіл базасының болмауы. Реттеуге жататын сатып алулар шеңберінде отандық өндірушілерді қолдау жеткіліксіз. 2021 жылы мұнай-газ саласындағы және қатты пайдалы қазбаларды өндіретін жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларындағы отандық машина жасау өнімдерінің үлесі небәрі 10% ғана болды. Тағы бір айта кететін жайт: білікті кадрлардың тапшылығы. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бағалауы бойынша 2024-2028 жылдары біздің саланың кадрларына жалпы сұраныс 7 мыңнан асқан.

 Осы жағдайды ескере отырып, Маши­на жасаушылар одағы саланы одан әрі дамыту бойынша кешенді жоспар әзірлеу туралы бастама көтерді. 2022 жылдың желтоқсанында бұл ұсынысты Мемлекет басшысы қолдады. 2023 жылдың бірінші жартысында Үкіметпен бірлесіп, машина жасауды дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған Кешенді жоспар жобасы әзірлен­ді. Құжат 7 бағыт бойынша 80 іс-шарадан тұрады. Сондай-ақ түрлі талқылау бары­сын­да, соның ішінде машина жасаушы­лардың биыл мамыр айында өткен ХІ форумы аясында, бизнестен келіп түскен ұсыныстарды ескере отырып, бірқатар мақсат-міндетті айқындадық. Олар – саланы дамыту үшін базалық жағдайларды жақсарту, отандық машина жасау өнім­дерін ілгерілетуге жәрдемдесу, саланың басым секторларын дамытуға септік ету. Сонымен қатар экспорттық орташа есептелген бағадан жеңілдік бере отырып, бастапқы шығын материалдарымен, яки қара және түсті металдардан жасалған өнімдермен, сондай-ақ мұнай-химия өнімдерімен, яки полипропилендермен қамтамасыз етуде басымдық беру тетігін қолданысқа енгізу қарастырылып отыр.

Осы ретте арнайы айта кетер бір жайт: кешенді жоспарда машина жасау саласы­ның жобаларын «Өнеркәсіпті дамыту қоры» акционерлік қоғамының желісі арқы­лы 600 млрд теңге көлемінде жеңіл­дік­­ті қаржыландырумен қамтамасыз ету ұсынылып отыр. Сонымен бірге «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» арқылы екінші деңгейлі банктерде алынған кредиттерді субсидиялау және кепілдік беру жолымен шағын және орта бизнесті қолдау қарастырылған. Білікті кадрлармен қамтамасыз ету және ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұ­мыс­тарды дамыту бойынша шетелдік кәсіпорындарда инженерлік-техникалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру жөніндегі іс-шаралар және гранттық қаржыландыру шеңберінде ғылыми-техникалық жобаларды жыл сайын іске асыру көзделген. Машина жасау өнімін жер қойнауын пайдаланушыларға, табиғи монополиялар субъектілері және жүйе құраушы кәсіпорындарға өткізуді ынта­лан­дыру шеңберінде елішілік құндылықты арттыру бағдарламаларын әзірлеу, ұзақ­мерзімді шарттар мен офтейк-келісім­шарттар жасасу, өңдеу өнеркәсібі кәсіп­орындарын бастапқы шығын материал­дарымен қамтамасыз ету жөніндегі міндет­темелер енгізілетін болады. Саланың жекелеген секторларын дамытуды ынта­лан­дыру үшін секторлық нүктелік шаралар көзделген. Сондай-ақ келесі көрсеткіш­терді арттыра түсу мақсаты қойылып отыр. Олар – жалпы қосылған құн (ВДС) көлемін 2021 жылғы 1,3 трлн теңгеден, 2028 жылы 6 трлн теңгеге дейін жеткізу, өндіріс көлемін 4,5 есе өсіру, яки 11-12 трлн теңгеге дейін арттыру, нақты көлем индексін (ИФО) жылына 10%-дан кем емес, экспорт көлемін 3 есе көбейту.

Бүгінде кешенді жоспардың жобасы барлық орталық мемлекеттік органмен келісіліп, Үкіметтің қарауына енгізілді. Осы қазан айының соңына дейін ол ел Үкіметінің қаулысымен бекітілуге тиіс.

Қазақстан машина жасаушылар одағы саланы одан әрі жаңғыртуға, отандық өндірушілерді қолдауға және елдің өңдеу секторын жедел дамытуға бар күшін салатын болады. Жаңа айтып өткенімдей, импорттық сауда айналымы ішінде машина жасау саласы оның жартысына жуығын, яғни  20 млрд АҚШ долларына жеткен. Бұл – ішкі нарықта, әсіресе тау-кен металлургиясы, мұнай-газ және элек­тро­­техникалық машина жасау саласының әлеуеті өте зор деген сөз. Сондықтан бү­гінде біздің алдымызда отандық нарықты дамыту бойынша бірқатар маңызды міндет тұр. Соның бірі – осы уақытқа дейін ма­шина жасауға қатысты 37 саланың тек 6-уы ғана басым бағыттар ретінде таңдалып алынған болса, соның санын 12-ге жеткізу. Сөйтсек қана бұл мульти­пликативті нәтиже беріп, эконо­мика­мыз жандана түсетін болады.

Мемлекет басшысы реттелетін сатып алуларда отандық тауарлардың көлемін ұлғайту және офтейк жүйесін толыққанды іске қосу маңызды екенін атап өткен болатын. Отандық өндірушілермен офтейк-келісімшарттар үлесін кем дегенде 10%-ға дейін жеткізу қажет. Бұл дегеніміз жыл сайын 2 триллион теңге ел игілігіне жұмсалуына сеп болмақ. Қойылған мін­дет­тер 3 жыл ішінде орындалуы тиіс. Алай­да оның ішіндегі бірқатар стратегия­лық маңызды мәселені іске асыру ұзақ мерзімді алатыны да түсінікті жайт. Өз кезе­гінде Қазақстан машина жасаушылар одағы саланы одан әрі жаңғыртуға, отандық өндірушілерді қолдауға және елдің өңдеу секторын жедел дамытуға бар күш-жігерін салатын болады.

Сөз соңында айтарым, 30 жылда машина жасау саласын дамыту барысында біз 1 трлн теңгенің өнімін өндіруге әрең қол жеткізген болсақ, соңғы 3-4 жылда-ақ Президенттің тікелей қолдауының арқасында оны 3 есеге өсіре алдық. Оның үстіне, бұл нақты өсім екенін атай кеткен жөн. Қазақстандық үлес артты, тауардың саны көбейіп, сапасы күшейді. Ендеше осы деректің өзі-ақ көп нәрсені аңғартса керек.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Нұрлан ҚОСАЙ

фото:primeminister.kz