Іс-шара «Әділетті Қазақстан және ұлттық құндылықтар» тақырыбына арналды.
Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен «Ұлттық мүдде» диалог алаңының отырысы өтті
907
оқылды

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен «Ұлттық мүдде» диалог алаңының отырысы өтті. Іс-шара «Әділетті Қазақстан және ұлттық құндылықтар» тақырыбына арналды. Кездесуге қатысқан зиялы қауым өкілдері мен сарапшылар ұлттық құндылықтардың Әділетті Қазақстан құру жолындағы рөлін кеңінен талқылады.

Мәулен Әшімбаев қазіргі таңда елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мәдени мұраны және ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытында да ауқымды реформалар іске асырылып жатқанын атап өтті.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың Түркістан төрінде өткен отырысында жүйелі идеологиялық жұмыстың негізгі бағыттарын белгілеп берді. Бұл бағытта тарихи сананы жаңғырту, мәдени мұраны насихаттау, өскелең ұрпақты тәрбиелеу мәселесіне баса мән берілді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат Төрағасы ұлттық құндылықтар, ең алдымен, тілімізге, тарихымызға, мәдениетімізге, дәстүрімізге және ата дінімізге табан тірейтініне назар аударды.

«Тарихи сананы қалыптастыру – маңызды міндеттердің бірі. Соның аясында Мемлекет басшысының тапсырмасымен Сенат ашаршылық тақырыбы бойынша біраз архив құжаттарын жариялады. Бүгінге дейін жеті том жинақ әзірленді. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасады», – деген палата Спикері отырыс барысында айтылған ұсыныстар Сенат жұмысында ескерілетінін тілге тиек етті.

Мәулен Әшімбаев ұлттық құндылықтар мәселесінде ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүріміз бен дінді бір-біріне қарсы қоюға болмайтынын да айтты.

«Халқымыз ежелден дін мен дәстүрді сабақтастыра білген. Көшпенді өркениетке тән ой еркіндігі, ашықтық, толеранттылық әртүрлі радикалды көзқарастарға бой ұрмауға мүмкіндік берді. Біз дін мәселесінде ата-бабамыз қалыптастырып кеткен және уақыттың сынынан өткен осы рухани жолымыздан жаңылмауымыз керек. Ұлтымыздың ұлылары Абай да, Шәкәрім де, Алаш қайраткерлері де осыған үндеген», – деді Мәулен Әшімбаев.

Отырыс барысында қатысушылар қозғалған мәселеге қатысты өз пікірлерін білдіріп, алдағы уақытта бұл бағытта бірлесіп жұмыс істеуге мүдделі екенін жеткізді. Сондай-ақ іс-шарада ұлттық құндылықтарды оқыту бағдарламалары, цифрлық коммуникацияның заманауи форматтары және басқа да бастамалар арқылы дәріптеу жөнінде тың идеялар айтылды.

Айта кетейік, диалог алаңының отырысына Сенат және Мәжіліс депутаттарымен қатар еліміздің еңбек сіңірген сәулетшісі, мемлекеттік Елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібеков, жазушы, қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев, «Қазақ газеттері» ЖШС-ның бас директоры, ҰҒА академигі, алаштанушы Дихан Қамзабек, жазушы, драматург Роза Мұқанова, мәдениет қайраткері Қанат Айтбаев, халықаралық дәрежедегі спорт шебері,  Qazaq boxing  мектебінің жаттықтырушысы Мұхит Амантаев,  Unknownkazak  жобасының авторы, блогер Диас Камериданов және тағы басқа сарапшылар қатысты.