Ақтаулық спортшы Валерия Шальнованы өлтіріп, зорлау фактісін тергеп жатқан полицейлерге қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Ақтаулық спортшы қыздың өлімі: полицейлердің үстінен қылмыстық іс қозғалды
1,090
оқылды

 Ақтаулық спортшы Валерия Шальнованы өлтіріп, зорлау фактісін тергеп жатқан полицейлерге қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Aikyn.kz «Лада» басылымына сілтеме жасап.

"21 жастағы Валерия Шальнованы өлтіріп, зорлау фактісі бойынша материал жинаған полиция қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Оларға "қызметтік өкілеттігінің шегінен шығып кетті" деген айып тағылды", деп хабарлады Маңғыстау облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі.

Бұған дейін зардап шеккен тараптың адвокаты Ажар Әбділ кейбір құқық қорғау органдарының қызметкерлері қылмысты жасыруға тырысып, оның дер кезінде ашылуына белгілі бір кедергілер жасағанын айтқан болатын.

Еске сала кетейік, 2 шілде күні МАЭК су алатын каналының маңынан ақтаулық 21 жастағы спортшының денесі табылған болатын. Полиция алдымен "Өзін-өзі өлтіруге итермелеу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғап, кейін "Қауіпті жағдайда қалдыру" бабы бойынша істі қайта саралады.

Туыстары қыздың өлтірілгеніне сенімді. Қоғамдық наразылықтан кейін полиция бұл істі "Кісі өлтіру" деп өзгертті. 13 қазанда іс материалдары сотқа жіберілді. Басты күдікті қыздың бұрынғы жігіті.  Туыстары ол кісі өлтіруді қызғаныштан жасады деп есептейді.

Фото: lada.kz