Павлодар облысы тұрғындарының 52%-ы – әйелдер қауымы.
"AMANAT": Павлодар облысында өңірлік әйелдер қанаты құрылды
837
оқылды

Павлодар облысында «AMANAT» партиясының өңірлік филиалы жанынан әйелдер қанаты құрылды. Бұл жөнінде партия хатшысы Шолпан Каринованың жергілікті әйелдер активімен кездесуі барысында белгілі болды.

Іс-шарада әйелдердің қазіргі қоғамдағы рөлі, сондай-ақ олардың өз қабілет-қарымын танытуына және елдің саяси өміріне араласуын қамтамасыз етуге бағытталған «AMANAT» партиясының бастамалары талқыланды.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, озық мемлекеттің тағы бір маңызды белгісі – әйелдің қоғамдағы мәртебесі. Сондықтан әйелдердің құқығын қорғау мәселесіне ерекше назар аударуымыз керек. Мәселен, «AMANAT» партиясы әйелдер қанаты атқаратын жұмыстың 10 басым бағытын әзірледі. Оның ішінде, отбасылық және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға жәрдемдесу, өндірістегі еңбекті қорғау, ауылдағы бизнес, отбасы денсаулығы мен құндылықтары, экономикалық құқықтар, әйелдердің ғылымдағы рөлі және тағы басқа бағытта бар. Әр бағыт бойынша сараптамалық топтар жұмыс істейді. Олар туындаған мәселелерді шешуге қатысты өз пайым-пікірін ұсынады», – деді Шолпан Каринова.

Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айзада Құрманова «AMANAT» партиясының әйелдер қанатын құру жөніндегі бастамасына қолдау білдіріп, өңір тұрғындарының 52%-ы әйелдер қауымы екенін атап өтті. Оның айтуынша, әйелдер елдің саяси өміріне белсенді араласып, барлық салада ер адамдармен тең мүмкіндікке ие болуы керек.

«AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалының төрағасы Илья Теренченко әйелдер қауымының «AMANAT» партиясын дамытуға және нығайтуға қосқан үлесі мен рөлін жоғары бағалап, Ертіс-Баян өңіріндегі қыз-келіншектер білікті басшы, белсенді көшбасшы ретінде танымал екенін атап өтті. Ал филиалдың атқарушы хатшысы Айгүл Маликова ел тарихында әйелдер қауымы маңызды рөл атқарғанына назар аударды.

«Дәстүрлі дала мәдениетінде қазақ әйелдері өз қабілет-қарымын, әлеуетін тек отбасында   емес, сонымен қатар қоғамның түрлі саласында белсенді әрекетімен дамытты. Еліміз егемендік алғаннан бергі уақытта Қазақстан гендерлік саясатты жүзеге асыруда белгілі бір жетістікке жетті. Бірінші кезекте – ер және әйел азаматтарға тең еңбек жағдайы жасалды. Олар ұлттық қауіпсіздікке, экономикаға, әлеуметтік салаға және халықаралық қатынастарға қатысты маңызды шешімдер қабылдауға қатысады»,  деді Айгүл Маликова.

Кездесу барысында «AMANAT» партиясы Павлодар өңірлік әйелдер қанатының әйелдердің құқығы мен мүмкіндігін кеңейту мәселелері жөніндегі кеңесші сайланды. Бұл лауазымға облыстық мәслихат депутаты Света Абдрахманова лайық деп танылды.

«Дәрігер ретінде халықтың денсаулығын сақтауды ойлаймын. Әйел ретінде – ана әрі шаңырақтың жылуымын. Бұл лауазым – партияластардың және өңірдегі әйелдер қауымының алдында үлкен жауапкершілік жүктейді», – деді ол.