Ол сот залынан босатылды.
«Оператор РОП» экс-құрылтайшысы Шынар Мұқтароваға сот үкімі шықты
1,903
оқылды

«Оператор РОП» бұрынғы құрылтайшысы Шынар Мұқтароваға сот үкімі шықты. Ол Қылмыстық кодекстің 28-бабы 3-бөлігі – 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығы шектелді, – деп хабарлайды Aikyn.kz Halyq Uni-не сілтеме жасап.

"Шынар Мұқтарова Қылмыстық кодекстің  28-бабы 3-бөлігі – 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылсын. Ол коммерциялық ұйымдарда 10 жыл басшылық лауазымды атқара алмайды. Жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтесін. Қылмыстық кодекстің 63-бабы негізінде Мұқтароваға тағайындалған жаза шартты деп есептелсін", – деді судья Ибрагим Әлкенов.

2023 жылдың 17 қарашасында Шынар Мұқтарова соттағы соңғы сөзін айтты.

"Тағылған айып бойынша кінәмді толық мойындаймын. Мұны бұған дейін де айттым. Жасаған қылмысым үшін өкінемін. Тағы да қайталап айтамын: заңды дұрыс білмей, жүргізіліп жатқан жұмыстың заңдылығына сеніп, бірқатар құжатқа қол қойдым. 2017 және 2018 жылы 920 миллион теңге көлемінде дивиденд алғанымды мойындаймын. 2021-2022 жылдары денсаулығымды тексерту үшін және операция жасату үшін Біріккен Араб Әмірліктеріне бардым. Қылмыстық іс қозғалғаны туралы білмедім", – деді Шынар Мұқтарова.

Ол ұсталғаннан кейін іс материалдарымен толық танысып шыққанын айтты. Нәтижесінде, алынған дивидендті қайтару туралы шешім қабылдаған.

"Оларды алу Қазақстан Республикасының заңына қайшы екенін түсіндім және бірден қайтардым. Ол ақшаны ешқайда жұмсаған емеспін. Бәрін айта келе, менің шын жүректен өкінетінімді және денсаулығымды ескеріп, қылмыстық іс бойынша бас бостандығымнан айырмауды сұраймын", – деді сотталушы.

Айта кетейік, 2023 жылдың шілдесінде «Оператор РОП» ЖШС-ның бұрынғы басшылары мен бұрынғы экология вице-министріне сот үкімі шықты.

2016 жылдан 2019 жылға дейінгі кезеңде ЖШС директоры болған Светлана Коротченко 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол коммерциялық ұйымдарда 10 жыл мерзімге басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.

2019-2022 жылдар аралығында ЖШС директоры болған Медет Құмарғалиев 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Коммерциялық ұйымдарда 10 жыл мерзімге басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.

Ахметжан Пірімқұлов 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ мемлекеттік қызмет және квазимемлекеттік секторда өмір бойы қызмет ете алмайды.

ЖШС қаржы директоры Рустам Темірбек 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған рақымшылық жасау туралы заң қолданылып, коммерциялық ұйымдарда 5 жыл мерзімге басшы лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

коллажда Halyq Uni және Антикордың баспасөз қызметі ұсынған фото қолданылды