Жамбыл облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығында өңірлік БАҚ өкілдері үшін «Қоғам болып күресеміз» атты баспасөз конференциясы өтті.
Аурумен қоғам болып күресеміз
1,265
оқылды

Халықтың, оның ішінде жастардың АИТВ/ЖИТС-тің алдын алу мәселелерінде ақпараттандыру, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы салауатты өмір салтын кеңінен насихаттауды мақсат тұтқан шара барысында медицина қызметкерлері мен ҮЕҰ өкілдері БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сауалдарға тұшымды жауаптар берді.

Мамандар атап өткендей, эпидемияның таралуына қарсы іс-қимыл бойынша түрлі жұмыстар жүргізілуде. Ел тұрғындарына АИТВ-инфекциясын кешенді диагностикалауға, барлық мұқтаж адамдарға антиретровирустық терапияға кепілдік беріледі. Сондай-ақ аурудың таралуының алдын алуды және АИТВ жұқтырған адамдарға қатысты қоғамдық кемсітушілікті азайтуды қамтитын белсенді ақпараттық науқан жүзеге асырылуда. АИТВ-инфекциясына тексеру және антиретровирустық препараттармен қамтамасыз ету тегін.

 

– Бүгінгі таңда Жамбыл облысында 918 АИТВ жұқтырған адам тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9 жағдайға төмен. АИТВ позитивті адамда инфекцияның дамуы оның өмір салтына, иммундық жүйенің күйіне әрі қатар жүретін аурулардың болуына байланысты кездеседі. ЖИТС орталығының дәрігерлері белгілі бір науқастың иммундық жүйесінің жағдайын бақылайды және антиретровирустық терапияны уақытылы алу туралы шешім қабылдайды. АИТВ инфекциясы емделмейтін ауру екенін есте ұстаған жөн. Сондықтан қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтау, өзіңіздің және жақындарыңыздың денсаулығына жауапты болу өте маңызды екенін ұмытпаңыздар. Ал медицина қызметкерлері тарапынан тұрғындарға профилактикалық және ақпараттық жұмыс жүргізу әрдайым өз жалғасын табады, – деді облыстық ЖИТС орталығының бас дәрігері Айбек Исаев.

С.ЖАПАРҰЛЫ