Ішімдікке әуес анасы балаға дұрыс қарамаған, қолайлы жағдай жасамаған.
Павлодарлық 2 жасар сәби сыра ішіп, арзан шараппен ұйықтаған
1,915
оқылды

Екі жастан енді ғана асқан бүлдіршіннің мұндай күйге душар болғанын көршілері байқап, полицияға жеткізген, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Кішкентай сәби көзін ашқалы араққа сылқия тойып отыратын анасы мен оның достарын ғана көрген. Әйелдің үйі маскүнемдер ордасына айналған. Балақай болса аштықтан, ересектерден қалған заттың бәрін қорек қылған.

KYN.KZ-тің мәліметінше, келеңсіз оқиға туралы отбасының көршілері дабыл қаққан.

"Баланың маскүнемдікке душар болғанын бәрі біледі, сыра ішеді, арзан шараппен ұйықтатады. Отбасын бірнеше күннен бері бақыладық, қызметкерлердің бірі келіп, ұрсып берген соң, кетіп қалды", – дейді еріктілер.

Оқиға туралы Павлодар облыстық ПД өкілдері пікір білдірді. Ведомство өкілдерінің айтуынша, оқиға орнына ювеналдық полиция қызметкерлері аттанған.

"Шешесі алкогольді ішімдіктерге әуес екені, қызын тәрбиелеумен айналыспайтыны, өмір сүруге қолайлы жағдай жасамайтыны анықталды. Ювеналды полиция қызметкерлері анасына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша әкімшілік материал толтырды", – деп түсіндірді Павлодар облысы ПД өкілдері.

Қазіргі уақытта бала сәбилер үйіне өткізілген. Сондай-ақ отбасы есепке қойылып, жиналған материалдар кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға жіберілген. Өңірдің денсаулық сақтау басқармасындағылар қызды дәрігерлер тексеріп, облыстық балалар ауруханасына тексеруге жолдама берілгенін атап өтті.