Кітап Вашингтондағы Католик университетінен табылған.
АҚШ-та ертедегі қазақтар туралы жазылған көне кітап табылды
8,156
оқылды

АҚШ-та құнды мұраларды зерттеп жүрген журналист Дүйсенәлі Әлімақын қазақ тарихы туралы көне кітапты тапты. Жинақ 1925 жылы Нью-Йорк және Бостонда басылып шыққан, – деп хабарлайды Aikyn.kz 24 KZ-ке сілтеме жасай отырып.

Кітап Вашингтондағы Католик университетінен табылған. «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-та оқитын Дүйсенәлі Әлімақын мұрағаттарды ақтарып, бір ғасыр бұрын жазылған британдық жазушы, тарихшы әрі қоғам қайраткері Ральф Фокстың кітабын тапты. «Дала халықтары» атты жинақ автордың алғашқы еңбегі екен.

– Кітап ішінде қазаққа қатысты дерек өте мол деп айтуға болады. Бастысы, кітаптың екінші мұқабасына қазақтың құсбегісінің суретін салған. Кәдімгі 1900 жылдардағы қазақтың бейнесі. Сосын мұнда арнаулы тарауы «Қазақ мінезі» деп аталады. Қазақ туралы, қазақтың кім екені жөнінде жазылған. Бастысы, бұдан бұрынғы батыс және басқа елдің саяхатшылары қазақтарды қырғыздармен шатастырады. Ал мұнда бұл ұғымға өте дәлдікпен баға береді, – дейді журналист Дүйсенәлі Әлімақын.

Батыс зерттеушілері 19-ғасырда қазақ халқы туралы түрлі еңбектер жазған. Ральф Фокс – солардың бірі. Ол қазақ ауылдарын аралап, тұрмысын, салт-дәстүрін зерттеген. Автор қазақ жерінде көрген-білгенін нақты деректермен жазған. Кітапта 1900 жылдары Арал теңізінің Көк теңіз деп аталуы, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің ақиқаты мен екі ғасыр бұрынғы қазақ әйелінің бет-бейнесін суреттеп, халықтың тұрмысын сөз етеді.

– Батыс саяхатшылары болсын, Америка саяхатшылары болсын, бәрі 1800-1900 жылдардан бастап қазақ даласына барған. Солардың тарихын, мәдениетін, тұрмыс-тіршілігін, саяси жағдайын, олардың көзқарасы, діні, мектебі, жағдайы... бәрі туралы ақпарат жазып, Америкада, Еуропада кітап қылып шығарған. Неге десеңіз, бұл қарым-қатынастың сол кезден басталғанын айғақтайды, – дейді журналист Дүйсенәлі Әлімақын.

Дүйсенәлі Әлімақын небәрі үш айда бір ғана Вашингтоннан қазақ халқына қатысы бар тарихи фактілерге толы осындай бірнеше кітапты тапқан.