«AMANAT» партиясы жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін жүйелі түрде шешуді мақсат етіп отыр.
Нартай Сәрсенғалиев: Маусымдық жұмыс – жұмыссыздық мәселесін шешпейді
4,273
оқылды

Партияның сайлауалды бағдарламасында жүктелген міндеттерді жүзеге асыру бағыты және атқарылып жатқан жұмыстар барысы туралы білу мақсатында, біз, Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы жанындағы республикалық Жастарды қолдау кеңесінің төрағасы Нартай Сәрсенғалиевпен сұқбаттасқан едік.

– Нартай Аралбайұлы, Сіз, жұмыссыз жүрген жастардың нақты санын жасыру арқылы, жұмыссыздық статистикасын төмен көрсету мәселесінің бар екенін айтқан едіңіз. Сіздіңше, елімізде жұмыссыз жастар саны қанша? Оларды жұмыспен қамту және әл-ауқатын жақсарту мақсатында атқарылуы тиіс жұмыстың бағыты қандай болуы керек?

– Жастарды жұмыспен қамту дегенде, көпшілік «бұл биліктің бітпейтін жоба-жоспарының бұған дейін 30 жыл беріліп келген өтірік уәдесінің бірі» деп ойлауы мүмкін. Бірақ жұмыспен қамту мәселесінде мұндай өтірік жоба-жоспарға арқа сүйеуге, иек артуға болмайды. Неге? Өйткені бүгінге дейін азаматтар жалған статистиканың, жалған сандардың, көтермелеп көрсетілген көрсеткіштердің салдарынан өте көп зардап шекті. Жұмыссыздық мәселесі тікелей адамдардың ас-суы, әлеуметтік жағдайы. Ашынған адам, ашыққан адам қашан да өкпесін ауыр айтады. Халықтың онысы орынды. 

Жұмыспен қамту мәселесіне қатысты айтатын болсақ, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында 2027 жылға дейін 1,5 млн-нан астам жас азамат жұмыспен қамтылады деп көрсетілген. Бұл мәселеге қатысты Премьер-министрдің атына депутаттық сауалымды жолдадым. Дәл осы мәселені атап көрсеттім. Біз уәдемізді орындаймыз, артқа шегінбейміз дедік. Біздің жұмысымыз осы тарапта жүріп жатыр. Бұл біздің міндетіміз, айттық, орындатуымыз керек. Құзырлы органдармен талдау үстіндеміз. Министрлік өкілдері, Үкімет өкілдері қашанғыдай Һәм бүгінгідей жасалып кеткен модельдерді ұсынғысы келеді. Ол деген не? Ол дегеніміз жазда жұмыс істейтін – «Жасыл ел» секілді және басқа да құрылыс отрядтары бар, уақытша жұмыс істейтін – болмайтын гранттар бар, солардың барлығын жастарды жұмыспен қамтылды деп енгізгісі келеді. Бірақ мен өзімнің депутаттық сауалымда да айттым, біз оған мүлдем жол бермеуіміз керек. Өйткені маусымдық жұмыс деген, былай айтқанда мемлекеттің немесе қандай да бір органның өзінің қысқа уақыттағы қажеттілігін өтеу үшін ғана жарияланған нәрсе. Мәселен, «Жасыл ел», басқа да құрылыс жасақтарында төленіп жатқан там-тұм тиынға қатардағы азаматты жұмысқа шақырсаңыз келе қоюы екіталай. Студенттер әйтеуір жазда бос болған соң ол жұмыстарға барады. Сол секілді көптеген жеңілдетілген жұмыстарға һәм жалақысы төмен жұмыстарға қатысты мәселелер жұмыссыздықты жою болып саналмайды. 

Сондықтан, бірден айтуымыз керек уақытша жұмысты жұмысқа тұрғандардың тізімінен мүлдем алып тастауымыз керек. Бұл ең басты дүние. Бұған менің тым сыни көзбен қарайтын себебім, біздің ұлттық статистика бюросы министрліктерден ақпарат алып жариялағанда, Қазақстан халқының еңбек қабілеті 4,9 пайыз жұмыссыз дейді, яки 450 мың адам. Қаншама жыл журналист болып «поляда» жүрдік, мінекей Парламент қабырғасына келдік осы 4,9-5 пайыз деген жұмыссыздық деген көрсеткіш бір өлмейтін цифр, өзгермейді де. Өмірге талай адам келіп, талай адам кетіп жатыр не деген өзгермейтін статистика. 450 мың адам дегенді қайдан алдыңдар? Бұл өте өзекті үлкен проблема.

– 2022 жылдың қыркүйек айына дейін 14-29 жас аралығындағы буын жастар қатарына саналатын. Қазір жастардың жас шегі 35 жасқа дейін ұзарды. Яғни жастар қатарының жас шамасына қарай артуы да жастар арасындағы жұмыссыздық статистикасына әсер етуі керек қой?..

– Иә, жұмыссыздықтың жастарға шағатын саны тіпті артып кетті. Өйткені статистика жастар арасындағы жұмыссыздықты бұған дейін 29 жасқа дейін екшейтін еді. Қазір 35 жас. Бұл бір. Салдарынан қазір елімізде 6 млн-ға жуық жас адам бар және соның барлығы тұрақты жұмыспен қамтылды деп біз айта алмаймыз. Мен қатты сынға алып айтқан мәселем, құзырлы орын қазіргі таңдағы жұмыссыз жастардың саны 80 мың деген мәлімет береді. Ал NEET жастардың саны 422 мың, өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастардың саны 408 мың деген мәлімет береді. Осының барлығы жалған. Жұмыссыздардың санын азайту үшін қорада бір-екі сиыры, ешкісі бар немесе такси жүргізуші де, көшеде телефон сатып нәпақасын тауып қиналып жүрген жастар да  біздің Үкімет үшін өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам есебінде. Бұл әділетті ме? Бұл, әрине әділетсіздік. Жоғарыдағы сандарды көргеннен кейін халықтың төбе шашының тік тұратыны, билікке өткір сын айтып, кейде тіпті жек көрінішін білдіретіні рас. 

Сондықтан жұмыссыз жастардың жоғарыда ұсынылған деректерін  қарапайым арифметика бойынша қоссақ 900 мыңнан асады. Жалпы саны 900 мыңнан астам, 1 млн-ға жуық қазақстандық жастар жұмыссыз дегенді біз бірінші мойындауымыз керек. Өйткені нақты мәліметті мойындамайынша, біз онымен күрес жолын бекіте алмаймыз. 

Тағы бір өзекті мәселе өкілетті органдардың айтатыны «жұмыссызсың ба, жұмыспен қамту орталықтарына бар» дейді. Ал оларға жұмыссыз жастар барайын десе біріншіден айлығы төмен, екіншіден олар дәнекерлеуші, тас қалаушы деген сияқты жұмыстарды ұсынады. Мен бұл жұмыстар жаман деп отырған жоқпын. Бірақ жұмыс іздеп барған жастарға басқа альтернатива ұсыну керек. Мәселен Жұмыспен қамту орталықтарында заманауи, табысты жұмыс бағытын ұсынып, жастарға таңдау берейік, үйретейік. Олардың бәрін қара жұмысқа салу міндет емес қой. Мысалы, қазір Дубайда тұратын мобилограф Қыран Талапбек мобилографияның бірінші пакетін тегін берейін дейді. Осы секілді заманауи мамандықтарды үйретуді жұмыспен қамту орталықтарына база ретінде енгізсе, жастарға үйретсе болады.  

– Жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесіндегі негізгі түйткілдің бірі мамандық таңдауға да байланысты сияқты. Өйткені оқуын аяқтап,  диплом алған жастар арасында да жұмыссыз жүргендер көп. Сондықтан мектеп бітірген түлектерге нарықта сұранысқа ие қажетті мамандықтар тізімін ұсынып, кейін бірден дайын маман ретінде жұмысқа орналасуын қамтамасыз ететін жүйе қалыптастыру керек секілді. Сіздің ойыңызды білсек...

– Жоғары өкілетті органдардың, әсіресе Оқу-ағарту министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі сынды ведомстволардың арасындағы өзара байланыстың әлсіздігіне байланысты. Өйткені Оқу-ағарту министрлігі грантты жариялайтын кезде сол жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен ақпарат алады. Сол бойынша грант бөледі. Бірақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кадр тапшылығын, кадр жетіспеушілігін, кей салада кадрдың көптігін, сол жылғы мәліметпен береді. Мысалы, 2023 жылы грант тағайындайтын кезде, кемі 5 жыл алдағы кадр мәселесін ойлауымыз керек. Себебі 2023 жылы оқуға түскен бала кемі 2027 жылы оқу бітіреді. Сол кезде қандай мамандық керек болады, соны ойлаған дұрыс. Демек, дипломы бар жастардың жұмыссыз жүруі бейінді министрліктердің қателігі. 

Менің қолымдағы мәліметтер бойынша қазақстандық жастардың 40 пайызы мамандық бойынша жұмыс істемейді. ЖОО түлектерінің 30 пайызы бірден жұмыс таба алмайды. Бұл мәселені қалай реттеу керек еді. Әу баста екі мәселе орынды көтерілді. Біріншісі грантты жатақханасы жоқ ЖОО-ларға  бермейміз деді. Қазір өкінішке қарай, ол талап жоқ. Салдарынан балаларымыз хостелдерде тірідей жанып кетті. Есесіне грантты көбейтеміз деп жатыр, бірақ грант бере берігенмен, оқуға түскен балаларды қайда орналастырамыз, жұмыспен қалай қамтамасыз етеміз? Демек мемлекеттің қаражатын мақсатсыз жұмсап жатыр. Екінші мәселе гранттарды топырлатып бергенмен, нақты жұмыспен қамту тетігі қайсы? Нақты тетік болса, 100-200, тіпті одан да көп грант берейік. Бірақ арнайы зерттеу жасап, ол бала 4-5 жылда нақты қай салаға керек, соған шақтап грант бөлетін болсақ, әлдеқайда жақсы болар еді. Нәтижесінде әлеуметтік әділетсіздіктен, әлеуметтік теңсіздіктен, жұмыссыздық мәселесінен құтылар едік. 

Мәселен, қазір қолымызда қай университетті бітірген студенттің қаншасы жұмысқа орналасқаны туралы мәлімет, нақты есеп жоқ. Салдарынан әркім екіге, үшке бөліп мәліметтерді азайтып көрсетуге тырысады. Осыған байланысты маңызды төрт ұсыныс бердік. Бірінші «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында 2027 жылға дейін 1,5 млн-нан астам жас азамат жұмыспен қамтылады деп көрсетілген. Неге? Өйткені қазір 900 мың жас жұмыссыз деп есептеп отырмыз. Егер шамамен алдағы төрт жылдағы өсу көрсеткішіне қарап, 1,5 млн-ға жетуі мүмкін деп жоспарладық. Екінші мәселе жалған есептен құтылып, жұмыссыз жастардың нақты есебін, нақты санын білуіміз керек. Ол қалай жүзеге асады? Ол үшін мобильді топтар құру керек. Олар базарлар мен басқа да жастар шоғырланған жерлерді аралауы керек. Егер қаңтар оқиғасына үңілсек, көшеге көбіне қарапайым жұмыс таба алмай, әлеуметтік әділетсіздіктен әбден қажыған жастар шықты. Демек, сол еліміздің болашағы жастардың мәселесін шешу үшін, біз солардың арасына баруымыз керек. «AMANAT» партиясында сондай жүйе бар, аталған тәжірибені мемлекеттік деңгейде іске асыру керек. Үшінші талап, жұмысқа орналасқан жастардың санын тек қана тұрақты жұмыспен қамтылғандар санымен есептеген дұрыс. Маусымдық жұмыстың бәрін алып тастау керек.  Төртінші талап, жастар мен жас кәсіпкерлерді қолдауға арналған уақытылы ақпараттандырып тұратын бірыңғай навигациялық сайт жасау керек. Оның мобильдік қосымшасын және оларға арналған ілеспетелеграмм ботты әзірлеп, оны іске қосуды қолға алу керек.

– Сіздер көтеріп отырған мәселелерді шешудің және ұсыныстарыңыздың орындалу механизмі бар ма?

– Үкімет көбінесе жұмыссыздықты жеңу үшін гранттар беріп жатырмыз дейді. Ол мәселені де талдап көрдік. 2022 жылы Ұлттық қордан Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны жүзеге асыру үшін жас кәсіпкерлер мен әлеуметтік осал топтағы азаматтарға грант беруге 69,2 млрд теңге бөлінген. Бөлінген қаржының жыл соңында 6,9 млрд теңгесі игерілмей қалған. Бұл қалай? Жарайды жастар практикасы бар. Бірақ оның өзі шектеулі. Сондықтан мәселені жүйелі, кешенді шешу жоспары болуы керек.

– Өзіңіз де білесіз, қазір шет елдерге жұмыс іздеп кетіп жатқан жастар саны жыл сайын артып барады. Жастардың елден кетуіне байланысты көқарасыңыз қандай?

– Қазір ресми мәлімет 2022 жылы шамамен 9 мың 6 жүз, бейресми мәлімет 20 мың болды. Мен NEET жастар дегенге келіспеймін. Қазақ жастарының ынтасы бар. Біздің елдегі үлкен проблема орта таптың жоқтығы. Бізде байлар мен кедейлер бар. Жыл өткен сайын өте байлар мен өте кедейлердің қатары артып, ара жігі ажырап бара жатыр. Салдарынан әлеуметтік әділеттілік болмағаннан кейін мәселе туындайды. Әлеуметтік әділеттілік болмағаннан кейін жастар ашынады. Гиннестің рекордтар кітабына енген, стрит воркауттан жеті дүркін әлем чемпионы ақтаулық Эльдар Ягъяев Англияда қырыққабат теріп жүр. Талай білімді, талантты жастарымыз шет елде КамАз айдап жүр. Біздің елде әлеуметтік ортада жақсы болып табылатын мамандығын шет елдегі қара жұмысқа ауыстырып кететін болса, бұл үлкен сигнал. Демек, бізде ең бастысы жалақы төлеу мәселесі дұрыс емес. Мұны жасырып, бүркемелегенді доғару керек. 

Еңбек миграциясы бүкіл әлемде бар. Бүкіл әлем ортақ. Еуразияның ортасындағы алып мемлекет бола тұрып, біз ешқайда кете алмаймыз. Проблема бар ма жариялайық, көрсетейік. Содан кейін ғана оларды шешу жолдарын іздеуіміз керек. Әйтпесе, түйеқұс секілді басымызды құмға тыға беретін болсақ, бар, көрініп тұрған. проблеманы мойындамайтын болсақ, проблема бітпейді.

– Ал «AMANAT» партиясының ауылды жерлердегі кадр мәселесін шешу бағытындағы жұмыстары қандай? Жастарды ауылдағы қажет қызметке тарту мәселесі қарастырылған ба?

– Жастарды ғана емес, ауылға маман тарту мәселесі бойынша бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Оның ішінде мектеп мұғалімдерінің жетіспеушілігі және денсаулық сақтау саласына қажет мамандарды ауылды жерлерге жұмысқа орналастыру мәселесі қарастырылған. Дәрігерлерге үстемақы 10 млн теңге төленеді деген де мәселе көтерілді. Қазір оның бюджеті Үкіметте болғандықтан, бұл мәселе талқылау үстінде. Бекітілуін біз талап етіп отырмыз. Неге? Өйткені өңірлерді аралап жүргенде көргеніміз, көп жерде үй сияқты шағын амбулаториялық пункт салынған. Бір жағында дәрігер тұратын мекен, бір жағы науқасты қарайтын аурухана. Бірақ ол жерде жұмыс істеу мүмкін емес. Айлық жоқ. Мықты маман ол жерге бара қоймайды. Сондықтан да үстемақы төлеу керек деп ұсыныс тастап отырмыз. Қаражат халқымыздың жанынан артық емес қой. Халық емделсін, дұрыс маман барсын.

Мәселен, Абай облысындағы Қайнар деген ауылда болдым. Аурушаң адамдар көп. Бірақ ауылға барған маман үшін жағдай әлі жасалған жоқ, баспана салынған жоқ. Әр аймақты, әр ауылды, әр елді мекенді алып қарасақ та осы проблема. Бұдан кейін жастар қалай ауылға барады? Жастар ауылға барғысы келмейді деп қарап отырмай, ең алдымен жастарға барлық жағдайды жасауымыз керек. Сондықтан Парламент Мәжілісіндегі көпшілік мандатқа ие партия ретінде бұл бағытта әлі де жұмыс жасайтын боламыз.    

– Әңгімеңізге рақмет!   

Сұқбаттасқан Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ