Бүгінгі біздің кейіпкерімізді бірі жазушы, аудармашы ретінде, ал енді бірі журналист, тіпті блогер ретінде жақсы таниды.
Лира Қоныс: Тілдің тірі қалуына лингвистер көмектесе алмайды
9,976
оқылды

Бірақ оның қазір қай салаға маманданғанынан көпшілік бейхабар болуы әбден мүмкін. Себебі ол әуелі Қазақстанда кәсіби білім алып, кейін Батыста оқуын жалғастырған. Халықаралық қазақ-түрік университетінің Шығыстану факультетін тәмамдаған. Филология ғылымдарының кандидаты. АҚШ-тағы Pasadena city college деп аталатын оқу орнын «Қытай тілі» мамандығы бойынша бітірген. California State университетінде «Art studio» мамандығы бойынша оқыған. Қазір Калифорния университетінің лингвистика бөлімінде зерттеуші. Сонымен біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Лира Қоныс.

АҚШ-та ғылыми зерттеумен шұғылданып жатқан, көпшілікке жазушы ретінде етене таныс Лира Қоныспен жақында ғана тілдесіп, дәл қазір өзі жіті зерттеп жүрген салаға қатысты бірқатар өзекті сұрақты қойдық. Ендеше сол  әңгімемізді қадірлі оқырман қауымның назарына ұсынуды жөн көріп отырмыз!

 Лира ханым, сізді танитын жұрт көбіне жазушы, журналист, аудармашы деп біледі. Бұдан бөлек АҚШ-та кәсіби суретші мамандығында оқыдыңыз. Енді тағы бір маманданған салаңыз – лингвистика. Біз бүгін осы жөнінде сөйлессек пе деп едік. Өзіңіз ғылыми қызметкер болып істейтін Калифорния Девис университетінде немен шұғылданасыз, қандай зерттеу жасап жатырсыз?

 Лингвистикалық зерттеулерім туралы айтатын болсам, біз негізінен бірнеше бағытта тілдік зерттеу жүргізумен айналысамыз. Атап айтсақ, орыс экспансиясының кесірінен Сібірдегі жоғалып кеткен немесе жоғалып бара жатқан, яғни мың немесе екі ғана сөйлеушісі қалған тілдерді зерттейміз. Оның ішінде чукча тілі, Ресейлік ескимостар тілі және қазақ тіліне өте ұқсас шұлым(чулым), челкан тілдері. Мақсатымыз – негізінен сол жоғалып бара жатқан тілдерді жинақтап, қағазға түсіру, құрамдас диалектілері мен ауыз әдебиеті мұраларын жинау, ағылшын сөздігін жасау секілді істер. Біз өлім хәліндегі тілді қайта тірілте алмайтынымызды анық білеміз, десе де қағазға түсіріп, бар мұраны ұстап қалуға тырысамыз. Жоғарыда айтылған тілдер – орыстардың отарлауынан, тілдік ассимиляцияға ұшыраудан жапа шеккендер.

Орыс урбанизациясының кесірінен 150 жылда 131 тіл жоғалды

 

 Неге дәл осы тілдер?

 1940 жылы Сталиннің жарлығымен “Екінші санаттағы тіл саясаты” деген заң күшіне енді. Бұл орыс тілінің үстемдік етуіне жол ашты. Осы заңға сүйеніп, Кеңес билігі одақ аймағындағы барлық ұлттың ана тілін майқандап, талқандап, өздері қанат жая бастады. Мұның зардабын қазақтар да көріп отырмыз. Біз сол сұмдықтан халық санының көптігінен ғана аман қалдық, ал саны миллионға жетпейтін ұлыстардың барлығы мерт болды. Мерт болды демегенде не дерміз? Тіл жоғалса, ұлт та жоғалады. Оның үстіне Сібір ұлттары бас көтеруі мүмкін деген қорқынышпен орыстарды сол аймаққа көшіру саясаты жүрді. Орыс урбанизациясының кесірінен соңғы 150 жылда Ресейде 131 тіл мүлдем жоғалды. Ал 38 тіл жоғалу үстінде. Олар алдағы он жылда өледі, себебі әрбірінде үштен он беске дейін сөйлеуші қалған. Олардың өзі – кәрі адамдар. Міне, бар себеп – осы.

 Ал тілдің жоғалмауы, жойылмауы үшін ғалымдар бүгінгі күні не істей алады?

Тілдің тірі қалуына лингвистер еш көмектесе алмайды. Біз – тек жинақтаушымыз. Тілге саяси, әлеуметтік фактор өте қатты ықпал етеді. Мысалы, пандемия кезінде чулым тілінде өте жақсы сөйлейтін бір атамыздан айрылып қалдық. Бұл тілде қазір әлемде он бес адам ғана сөйлейтінін ескерсек, атамыз тұтас ұлттың мұрасын өзімен алып кетті. Оған қоса орыс басқыншылығы әлі жалғасып жатыр. Ресей билігі қазір Сібірдегі аз санды халықтың ұлдарына да ауыз салды. Халықаралық заң бойынша, оларға тиіспеуі керек еді. Бірақ орыс қашан заңға бағынып еді?! Оларды да әскерге әкетіп жатыр. Осылайша Ресейдегі байырғы ұлттар өздерінің мұра болып қалған тілдерін сақтау үшін күресе де алмай отыр. Орыс линго франкасының кесірінен тек түркі тілдері емес, фин тілдері де айтарлықтай жапа шеккен. Айталық, мари, удмурт, карел тілдері қазір жойылып бара жатыр.

www.ucdavis.edu сайтынан алынды

 Енді өзімізге оралайықшы. Қазақ тілінің әлемдегі орны, деңгейі жайлы сөз болғанда, «бір Димаштың өзі тұтас әлемге қазақ тілін үйретіп жүр» деп кеуде керетініміз өтірік емес. Бірақ шетелдік лингвистикалық зерттеулер, академиялық орта бұған қатысты не дейді? Қазақ тілінің жағдайы қалай?

 Тіл – тірі орган. Ол да биологиялық эволюцияны бастан кешеді. Ол да филеттік жойылу, шын жойылу сатыларынан өтеді. Чикаго линвистикалық академиясының айтуынша, қазір қазақ тілінің де түтіні түзу ұшып жатқан жоқ. Әлемдік лингвистика қазақ тілін Қазақстанның тілі деп емес, Қазақстандағы этникалық қазақ топтары арасындағы байланыс тілі деп біледі. Бұл масқара ма? Меніңше, масқара! Біз бұл байламды жоққа шығара алмаймыз. Қазақтардың біразы орыс тілін көбірек пайдалы деп түсінеді. Сол сияқты кез келген қазақтың өз ана тілі үшін емешегі езіле қалуы екіталай. Тілді мемлекет сақтауға тырыспаса, сөйлеушілер өздігінен қорғай алмайды. Ирландия ир тілі үшін жылына бір миллиард еуро бөледі. Ал қазақ тілі үшін біз қандай шара қабылдадық?

Үндістерге ең жақын ДНК Сібірдегі аз санды ұлттар

 

 Түркітанушылар арасында чукчалар мен эскимостарды түркі халықтарына жатқызбайтын көзқарас бар. Сіз мұны қалай терістейсіз?

 Біз Солтүстік Американың иесі саналған үндіс тайпаларының Азиядан ауып барғаны туралы болжамды қуаттаймыз. Митохондриялық ДНК тестеріндегі генофондар, тілдік жұқаналарындағы, жер, су атауларындағы көне түркі сөздері де бұл болжамды қуаттайды. Үндістерге ең жақын ДНК Сібірдегі аз санды ұлттардан табылды. Біз шатасатын шығармыз. Бірақ генетикалық маркер шатаса ма? Демек чукчалар – сол замандарда Сібірдегі ежелгі палео-сібір түркі популяциясының бір бұтағы. Чукчалар мен эскимостар – Берең бұғаз арқылы Солтүстік Америка құрлығына өтпей, жергілікті мекенінде қалған түркілер. Чукча мен эскимос Чукотаның тәңірісі болды. Мәскеу мен Чукотаның ортасында жеті мыңға жуық километр бар. Ал Мәскеу мен Нью-Йорктың ортасы сол жеті мың километр төңірегінде. Яғни екі ұлыс та тым алысқа жылжып кеткендіктен, түркілік тамырынан ажырап қалған.

 Ал сол тамырынан ажырап қалған ұлттар АҚШ-та бар ма?

 Мысалы, биыл жазда біз АҚШ-тың Вашингтон штатындағы Маках (өз дыбыстауында Мух-ках) деген үндіс тайпасында болдық. Бұның орналасқан жері – АҚШ пен Канаданың шекарасы, Тынық мұхиттың Ней Бей деген шығанағы. Мың шақты халқы бар тайпаның күнкөрісі тек мұхитпен байланысты. Балық пен балдырдан бастап, акулаға дейін аулайды (Аз санды ұлттың мәдени мұрасын сақтау үшін дәл осы тайпаға АҚШ әлемде санаулы қалған көк китті де аулауға рұқсат берген. Өйткені тайпаның көк китті аулау мектебі ұмытылып барады. Бірақ тайпа көк китті ауламауға шешім шығарыпты). Бейне ресейлік эскимостардың тайпасы дерсіз. Одан бөлек балық аулайтын құрылғыларындағы, ағаш қайықтарындағы оюлар да бірдей. Теңіз арыстанының терісінен илеген төсеніштері де бірдей.

Неге бірдей?

 Одан бөлек сол тайпаның тілінен оншақты түркі сөзін таптық, сол сөздер ресейлік эскимостардың Сиреник селосы диалектісінде бар.

Ол сәйкестік қайдан келген?

 Қысқасы, антропологтарға баяғы орыс саясат жасап берген жасанды теорияларға сүйенуді тоқтатып, басын істету керек. Себебі олар әлі күнге дейін чукчаны да, эскимосты да, Солтүстік Америка құрлығындағы үндістерді де “арктикалық монголоид типтері” деп бәрін шатастырып отыр!

 Сіздерден басқа чук тілін зерттеп жүрген кімдер бар?

 Дәл қазір мына біз – чук тілінің түркілік байланыстарын зерттейтін әлемдегі жалғыз ғалымбыз. Жалпы чукча тілінің арғы негізін түркі тілдерімен байланыстырған біз емес. Бұл байламды қырық жыл бұрын атақты лингвист Әділ Ахметов ағамыз айтқан. Қызықты қараңыз, “біреулер” ол кісінің қыруар еңбегінен, атағынан сескеніп, бұл болжамына қарсы шыға алмайды да, енді осы пікірді біз жандандырғанда үнімді өшіруге тырысады. Әзірге бізді АҚШ ғалымдарынан өзге отандық бірде-бір түрколог қолдаған жоқ.

 Енді сол чукчалар жайлы айтыңызшы. Жалпы олар Ресейден қандай теперіш көрді? Жаңа бір сөзіңізде «орыс саясаты» жайлы айттыңыз ғой. Оның салдары қандай болды?

 Әлемде орыстың тырнағы батқан екі халық болса, соның бірі – қазақ, екіншісі – чукча. Ресей Алясканы АҚШ-қа сатқанда дәл сол чукчалардан құтылу үшін Чукотаны да қоса сатып, құтылуды көздеген. Бірақ АҚШ-тағы бір деректе Американың оған ақшасы болмады дейді, екіншісінде Аляска арқылы кеме жолдарын ашу мүмкіндігін көріп, Чукотаны керек етпеді дейді. Қысқасы, чук маңдайының соры бес елі халық екен, содан бері көрмегені жоқ. Чукотаны Дежневтің экспедициясы 1648 жылы ашты ма? Содан бұл халық орыспен 1941 жылға дейін Чукотаны бөліп алып, жеке мемлекет боламыз деп соғысқан. Қан деген нәрсе тамырды бойлап ағып жатқан жай сұйықтық емес. Қанда бүкіл тек бар, бүкіл генофон сақталады, өршіл, батыл түркінің қаны ол чукчаға тыным таптырмаған! Орыстар ол тарихты өлгенше жасырады, чукчаның жігіттері талай орыстың жасағын қырып салған. Оларды неге әлі күнге дейін “Сібірлік кавказ” деп атағаны жайлы ойланбаймыз? Себебі чукчаның еркектері кавказдықтар тәрізді берік те намысшыл болды. Орыс чукчаны жеңу үшін небір сұмдықты ойлап тапты. Мерез ауруын жайды, тегін арақ таратып, алқаш қылды, чукчаны анекдоттың ақымақ кейіпкеріне айналдырды. Чуктың мәдениетін мансұқтап, әйелін досына бөліседі деген ақпаратты да шығарды. Бәрі ойдан құрастырылған. Ең арғысы санаққа келейікші, жүз елу жыл бұрын бір миллионға тарта чук ұлтынан бүгінде он мың жан баласы қалды деген не сұмдық?! Бұл – чукчаға жасалған ашық геноцид.

 Бұдан өзге нендей мәселе бар?

 Мысалы, өткенде “Лингвистикалық компас” журналынан Оңтүстік Сібірдегі монгол текті делінетін аз санды ұлттардың тунгус, монголға мүлдем тартпайтыны, есесіне түркілік байланыстары мол екенін айта келе, Орхон жазбаларында чукча-коряктар аты жазылғанын оқыдым. Орхон – шамамен жетінші-тоғызыншы ғасырларға тән, көне түркі тайпаларының мәдениеті.

Лингвистикада көне бастауларды табу қиын...

 

Ол қайдан шықты?

 Уақыт машинасына отырып, мына біз жасырынып барып, қашап, жазып келген жоқ шығармыз?! Чуктың этникалық музыкасында көмеймен айту секілді көне түркілік сарын бар. Бұл Арктика халықтарына қайдан келген? Мысалы, ресейлік эскимо тілінде кәдімгі сібірлік хаски тұқымына қатысты жиырмаға тарта атау бар.  Хаски сөзін “білгіштер” ыстық хауыз деп аударыпты, Чукотаның хауыздарына қатысты. Хаски деген сөз – кәдімгі қасқыр деген сөз. Эскимостарда Қ деген дыбыс жоқ, есесіне терең көмекеймен айтылатын “хг” деген дыбыс бар. Бұл иттер эскимостың қорасындағы қойы секілді ғой, тіршілігімен тығыз байланысты. Олар иттерді жасына қарай “хасхае” (мағынасы қасқыр), “арлаан” (мағынасы үлкен төбет) деп атайды. Біз осындай мол дәлелге жүгініп эскимос, чук тілдері арасынан аберрантты түркі сөздерін, ортақ лексикалық параллельдер тапқан соң осы болжамға келдік. Кеңес одағында Қазақстандағы Таңбалы тас петроглифтеріндегі сурет сызбалардың көшірмесі Чукотадағы Пеггымел петроглифтерінен табылғанда, Ресей жаңалықты бір басылымға да жариялатпады. Оны зерттейтін маман болса, біздің тақырыбымыздың аясы кеңейер еді. Әзірше мұны күтеміз.

 Чук тілінің түркі тілдеріне туыс екеніне тағы қандай дәлелдер келтіре аласыз?

 Әр ғалымның ілік іздейтін алқабы болады. Лингвистикада көне бастауларды табу өте қиын. Тамыр деген нәрсе аты айтып тұрғандай, уақыт өткен сайын әр түрлі мәдени қатпардың астына түсіп кетеді де, оны аршып алу мүлдем қиынға соғады. Біз бұндай кезде топинимдерге сүйенеміз. Чук тілінде суды «суыын» дейді. Сол “суыынмен” бітетін гидронимдер әлі күнге дейін бар. Еккісууыын деген өзен бар, қос өзен деген сөз ғой. Қатты ағысты Чук тілінде “эквын” дейді, болжауымызша бұл – “екпін”. Чук гидронимінде ағысы қатты су атауына “эквын” жұрнағын жалғайды. Чукотаның «Полярный зимнигінде» Кывэквын деген өзен бар. Алдыңғы «Кыв» сөзі Чук тілінде «күн» деген мағына береді. Бұл да – түркілік сөз. “Понтеегойгын” жер, су атауындағы ойғын – біздіңше ойық. Шыңды Чук тінде “тың” дейді. “Алярмагтын” төбе атауы, “Айдынгытын” Берең бұғазына құятын өзен атауы. Чукотада кезінде Ресейді қалайымен қамтамасыз еткен Валькумей деген кеніш болған. Чук тілінде Вылкынэй, Балкөмей деген сөз ғой. Чук бұғымен күнелтеді, бұғының қанын ас қылады. Сол тамақты “ган” деп атайды. “Ган” – “қан”. Тіпті Шығыс Сібірдегі Лена өзенінің аты да өзгеріске ұшыраған. Арктикаға құятын ең үлкен сағаның аты чук тілінде “Энее”, яғни “үлкен ана – үлкен өзен” мағынасын береді. Сондай-ақ “беткей” – еткей: Куйвирынеткей көлі. Айталық, қазіргі Чук тілінде түрлі түстердің аты жоқ. Қар жамылған Чукотаның палитрасына сай ақ, қара, сұр, сары деген төрт атау ғана бар. Бірақ топонимдерінде кзыл, коог деген түс атаулары ұшырасады.

Өте қызық дерек екен. Бірақ неге осы Оңтүстік Сібір халықтарының түркілік тегіне жиі күмәнмен қарайды?

 Әрине, ол – заңдылық. Орта Азиялық түркілердің тегіне еш талас жоқ, ал Оңтүстік Сібір түркілері туралы зерттеулердің хронологиясы үнемі көпсалалы болып келеді. Себебі өте алыста жатқандықтан, біз олардың тілі мен мәдениетіндегі кейбір субстрактардың белгісіне ғана сүйеніп, болжам жасай аламыз. Біздің АҚШ ғалымдарымен бірлесіп, бұл бағытта ашқан жаңалықтарымыз көп. Бұйыртса, жариялаймыз.

 Ал жалпы лингвистикада мұндай таластың болуы орынды ма? Неге нақтылық жоқ?

- Лингвистика дегеніңізматематика емес. Математикада он қосу онның тең боладысы жиырмаға тең. Болды. Оны біреу келіп, өз пікірін айтып, өзгерте алмайды. Қатып қалған қағида сол. Ал лингвистика дегенде ондай тұрақтылық жоқ. Қып-қызыл эмоция. Анау орыстың Игір полкі туралы жырын жалған деген түркологтарды кім тыңдады? Құдай-ау, түркі жұртында бір Алпамыстың жиырма сегіз нұсқасы табылған. Сол сияқты славяндар қаншама арналы ұлыс қой. Игір жырының неге тағы бір нұсқасы болмасқа? Оқиғасы шамалы соған ұқсайтын бір эпос неге жоқ деген сұраққа қай орыс жауап берді? Жауап жоқ. Қолжазбаның өзі бар. Технология дамыған заман. Қазір тіпті компьютер айыра алмайтындай етіп, он мың жыл бұрынғы жазбаға ұқсайтын етіп жасай береді.

 Уақытыңызды бөліп, сұрақтарыма жауап бергеніңізге көп рақмет!

 Сізге де көп рақмет!

Жалғасы бар…