Жамбыл облысында «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері, мәжілісмендердің халықпен кездесулері басталды.
Меркіде мектеп салынып жатыр
1,242
оқылды

Осы орайда  халық қалаулылары партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын жергілікті жерлерде іске асыру сапасын талдауға ерекше назар аударуда.

Мәселен, өңірге арнайы жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова Меркі ауданы  Ойтал ауылындағы №48 мектеп жанынан 200 орындық қосымша мектеп құрылысымен танысты.

Айта кетейік, өткен жылдың тамыз айында басталған құрылыс жұмыстары биылғы жылдың тамыз айында аяқталады. Құрылысқа жауапты мердігер – «АгроСпецСтрой» ЖШС.  Қазіргі таңда құрылысына 680 миллион теңге бөлінген құрылыстың бірінші қабаты толығымен біткен. Өз кезегінде  халық қалаулысы ауданның жауапты мамандары мен мердігер компанияның өкілдеріне жұмысты сапалы жүргізуді тапсырды. 

– Соңғы жылдары Жамбыл облысында білім нысандарына баса көңіл бөлініп келеді. Оның айқын дәлелі – мектептерге жапсарлас құрылыстардың жүргізілуі. Облысқа сапарым барысында осындай ғимараттардың жұмысымен танысып жатырмын. Себебі құрылыстың сапалы жүргізілуіне баршамыз жауаптымыз. Айта кететінім, нысанның іргетасын қалау барысында бірқатар қиындық  туындаған болатын. Яғни, Ойтал ауылының жері сазды әрі сулы жер болғандықтан, іргетастың дұрыс құйылмау қаупі болған. Дегенмен бұған аудан әкімінің орынбасарлары мен мердігер компания өкілдері тиісті шараларды жүргізіп, шешімін тапқан. Сондай-ақ мұнда септик мәселесі де туындап отыр. Оны да жауапты мамандар ғимарат біткенше шешімін табатын болады. Сонымен қатар   бұл проблема да жеке бақылауымда болатынын айта кеткен жөн, – дейді Гүлдара Алданышқызы.  

Тілге тиек ете кетерлігі, Меркі ауданы Ойтал  ауылындағы №48 мектептің жобалық сыйымдылығы – 310 орындық. Дегенмен бүгінгі күні мектеп 1 000-ға жуық бала үш ауысымда білім алуда. Сондай-ақ  білім мекемесінде жетіспейтін пән кабинеттерінің мәселесі дәліздерден кабинеттер жасау арқылы оқытылу үстінде. Алдағы уақытта  нысан толығымен бітсе, мұндағы білім беру жүйесі екі ауысымға ауысатын болады. 

– Бүгінгі күні ауданда үш ауысымда білім беретін екі мектеп бар. Соның бірі – осы Ойтал ауылындағы №48 мектеп. Сондықтан өткен жылдың тамыз айында 200 орындық қосымша мектеп құрылысын бастадық. Бұл нысан құрылысын осы жылдың жаңа оқу жылына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Құрылыс жұмыстары «AMANAT» партиясы мен аудан әкімдігінің жіті бақылауында, – дейді Меркі ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Арғынбаев. 

Естеріңізге сала кетейік, «AMANAT» партиясының  2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасының өңірлік Жол картасында үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу мақсатында 4 мектеп құрылысы мен мектептерге жапсарлас құрылыс салуға ықпал ету айқын көрсетілген. Бүгінгі күні жапсарлас құрылыс жүргізіліп жатқан Ойтал ауылындағы мектеп – соның бірі. Осылайша, алдағы жаңа оқу жылында облыста тағы бір үш ауысымды мектеп екі ауысымды білім беру жүйесіне көшеді.