2023 жыл еліміздің саяси өмірінде елеулі оқиғалармен есте қалды. Мемлекет басшысы жариялаған конституциялық реформалардың жалғасы ретінде Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өтті.
Алтынсары Үмбетәлиев: «AMANAT» партиясы – түрлі көзқарас тоғысқан алаң
5,514
оқылды

Облыс тарихында алғаш рет 4 ауданның әкімін сайлаушылар өзі таңдады.  «AMANAT» партиясы еліміздегі ең ірі, ықпалды саяси күш ретінде осы сайлау науқандарының бел ортасынан табылды. Партияның Түркістан облыстық филиалының қоғам мен мемлекет игілігі жолындағы қызметін білмек үшін саяси ұйымның өңірлік филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиевпен сұхбаттасқан едік.

– Алтынсары Дүйсенбекұлы, «AMANAT» партиясы өзіндік меже-міндетін халық үніне құлақ асатын, сайлаушылар талабын орындайтын саяси күш ретінде айқындағанын жақсы білеміз. Түркістан облысы тұрғындарының «AMANAT»-қа деген сенімі қай деңгейде деп білесіз?

– Мемлекет басшысы партия қызметін қайта құрылымдауға арналған партияның кезектен тыс съезінде егемендігіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең байтақ жеріміз бізге бабалардан жеткен аманат екенін айтты. Әр азамат үшін қастерлі бұл құндылықтар жүрек түкпірінде сақтаулы. «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов «Партия Президентіміздің қо­ғамдық тірегі санатында мемлекеттілікті нығайтудың және ел бірлігін бекемдеудің алғы шебінде қызмет атқарады» деді. Жаңару мен жаңғыру миссиясын алған ұйымның Түркістан облысы бойынша 82 мыңнан астам партия мүшесі бар. Облыстың аудан, қалаларында партияның 17 аумақтық филиалы қызмет атқарады. Ірі кәсіпорын, бюджеттік ұйым мен кәсіпкерлік субъекті, шаруашы­­лықтарда 241 бастауыш партия ұйымы жұмыс істейді. Республика бойынша ең көп партия мүшесі де, ұйымдық құрылымы кең таралған өңір де – Түркістан облысы болып отыр. Ұйымның республикадағы барлық мүшесінің 10 пайыздан астамы – түркістандық партияластар.

Партияның мүшесі болу әр адамның жеке бастамасы және ерікті қалауымен жүзеге асады. Партия азаматтардың түрлі көзқарасы мен ой-пікірі тоғысатын, үндесетін алаңы болып қалыптасқан. Қызметі түбегейлі жаңарған партия құрамына қосылғысы келетін азаматтардың саны жыл санап артып келеді. Мәселен, партияның Түркістан облыстық филиалына қарасты бастауыш партия ұйымдарымен 2022 жылы 2 449 адам партия қатарына жаңадан қабылданса, былтыр бұл көрсеткіш 3 338 адам­ға жетті. 

Мемлекет мүддесі мен ел тағдыры, аймақ тынысы мен ауыл тіршілігі тұрғысында жалғыздың жөнін емес, көптің жоғын іздеу әлдеқайда маңызды. Ұстаным жақындығы, мүдде ортақтығы және мақсат-міндет орайластығы азаматтарды бір саяси партия аясына жұмылдырып, мемлекеттік биліктің қоғам сұранысына сай іс-қимыл жүргізуіне жәрдемші болуда. Партияға мүше азаматтардың басым бөлігін қоғамның экономикалық белсенді жастағы тұрғындар құрайды. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын ісімізде жаңа лептің жаршысындай болған жас буын арасынан салмақты саяси көшбасшы дайындап жатырмыз. Келтірген деректерден халықтың партияға деген сенімінің жоғары екенін, ұйым ұстанымының тұрғындарға ұнамды сипатта өріліп жатқанын байқаймыз. «AMANAT»-тың беделін ел ішіндегі абы­ройымен өлшейтін болсақ, оны қоғамда өзіндік орны бар белді саяси ұйым деп батыл бағалауға болады.

– Былтыр Парламент Мәжілісінің, облыстық, аудандық, қалалық мәслихат депутаттарын сайладық. Түркістан облысының 4 ауданында аудан әкімдерінің сайлауы өтті. Ауыл әкімдерінің сайлауы жалғасын тауып келеді. Осы электоралды науқандарда «AMANAT» партиясы қандай көрсеткіштерге ие болды? Таңдау жасалған өкілдер партия үмітін ақтап отыр ма?

– Былтыр наурызда өткен Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат сайлауында «AMANAT» партиясы қызмет тиімділігін көрсетіп, халықтың жоғары бағасына ие болды. Партиялық тізім бойын­ша Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауына түскен жеті саяси партия ішінен «AMANAT» сайлаушылардың 53,9 пайыз дауысына ие болды. Түркістан облысынан партиямыз ұсынған 4 кандидат – Ерлан Абдиев, Қайрат Балабиев, Темір Қырықбаев, Ұласбек Сәдібеков Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Осы науқанында «AMANAT» партиясы Түркістан облысы бойынша сайлаушылардың 56,9 пайыз дауысын алды. Өңір бойынша барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының мандат саны 338 болса, соның 271 мандатын, яғни облыс, аудан, қалалық мәслихат депутаттарының 80,1 пайызын «AMANAT»-тық өкілдер иеленді. Депутаттық корпус өкілдерінің жұмыс тиімділігі партия қабылдаған сайлауалды бағдарламаны іске асыру нәтижесімен және сайлаушылар білдірген өтініштердің орындалуымен бағаланады. Бүгінге дейін сайлаушылардан келіп түскен мәслихат депутаттарының бақылауындағы 1 748 өтініштің 75,5 пайызы оң шешімін тапты, қалғандарының белгіленген мерзім ішінде жүзеге асырылуы тұрақты қадағалауға алынған.

Өзім жетекшілік ететін Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның мәжілістерінде мектептер құрылысы, табиғи газ, ауызсу жүйелерін тарту, электр қуатының сапасын арттыру, жол салу, ауыл тұрғындарының табысын арттыру, жайылым тапшылығын шешу мәселелері қаралды. Кентау қаласындағы №5 Жылуэнергоорталығын жаңғырту жұмысы, шағадағы жол, аяқжол құрылысы, Талдыбұлақта газбен қамту, бірқатар елді мекендерде интернет байланысының сапасын арттыру мәселесі оң шешілді. Депутаттардың табандылығының нәтижесінде ел ішіндегі көп түйін тарқатылып, өңірлік даму бағдарламаларының тізбегіне енді.

Өңірдің жергілікті басқару тарихында алғаш рет барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының форумы өтті. Өкілді және атқарушы билік тармақтарының өзара ықпалды әрекеттесу алаңы боп бекіген жиынға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының өзі қатысып, «AMANAT» жетекші партия ретінде халық сеніміне ие болған ұйым екенін айтты. Басты міндет – тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуда депутаттар мен жергілікті атқарушы органдар үйлесімді жұмыс жүргізсе, өңірдің дамуы серпінді болатынын атап өтті. Сондай-ақ партияның Түркістан облыстық филиалы Саяси кеңес бюросының отырыстарын өткізіп, Саяси кеңес мәжі­­­лісін шақырды. Президент жариялаған саяси реформалардың заңды жалғасы ретінде пилоттық режимде өткен аудан әкімдерінің сайлауында Мақтаарал, Созақ, Шардара аудандарында «AMANAT» партиясы ұсынған кандидаттар айқын дауыс басымдығымен аудан әкімі лауазымдарына тағайындалды. Ауылдық округ әкімдерінің сайлауы 46 әкімшілік бірлікте өтіп, оның 42-де партия ұсынған кандидаттар сайланды. 

– «AMANAT»-тың сайлау алдындағы уәдесінің орындалуына келсек, партияның Түркістан облыстық филиалы жоспарлы көрсеткіштерін орындауда халықтың сенім үдесінен шыға алды ма? 

– «Байламы жоқ уәде – қанаты жоқ бос сөз» дейтін халық даналығы бар. Партия қабылдаған сайлауалды бағдарлама – халықтың талабымен пісіп жетілген, қолда бар мүмкіндік пен атқарушы биіліктің күш-әлеуеті ескеріліп, өлшеп-пішілген нақты істер жиынтығының жоспары. Сайлауалды бағдарламаны іске асыру жөніндегі Жол картамызда Түркістан облысы көлемінде алдағы бес жылдық мерзімде атқарылуы тиіс жоба-жұмыстар түгел қамтылды. Халықтың сұранысын зерделеп, оларды жергілікті атқарушы биліктің бағдарламалық жоспарымен үйлестіре отырып, мәні мен мазмұнына, міндеті мен межесіне сай топтастырып кешенді жоспарын түздік. Жол картасы облыс үшін маңызды 4 негізгі бағытты қамтиды. Бес жылдық кезеңде 136 индикатор бойынша 542 іс-шараны атқару жоспарланған. Партия белгілеген міндеттер шеңберінде ауыл шаруашылығын дамыту, жұмыс орын­дарын құру, кәсіпкерлікті қолдау, жастар үшін мүмкіндіктер жасау, туризмді дамыту, сапалы білім беру мүмкіндігін кеңейту, медициналық қызметтің қолжетімділігін қамту, мәдениет, спорт салаларын ілгерілету, халықты тұрғын үймен қамту, жол сапасын жақсарту, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға қолдау көр­сету, азаматтардың қаупісіздігін қамту, экологиялық ахуалды жақсарту бастамаларын жүзеге асырудың кезеңдік жұмыстары белгіленген. 

2023 жылдың қорытындысымен былтырға жоспарланған 118 атаулы іс-шаралар тармақтарының 110-ы толықтай жүзеге асып, жоспарды іске асырудағы орын­даушылық тәртіптің деңгейі 93 пайызға жетті. Қалған көрсеткіштердің орын­­­­­далуы жылдың қорытынды статистикалық есептерінің нәтижесімен белгілі болмақ. Жол картасын іске асырудың нәтижесінде облыс көлемінде бірқатар жаңа кәсіпорынның ашылуына жағдай жасалды. Оның ішінде инновациялық жобалар ретінде керамзитті кірпіш өндіру, алюминий профильдер шығару ісі жолға қойылды. Экономикасы ауыл шаруашылығына бейімделген облысымызда жаңадан 10 тауарлы-сүт фермасы, 8 мал бордақылау алаңы, 6 жылыжай кешені және 7 балық өсіру фермасы іске қосылды. Ашылған жұмыс орындарының саны қосымша бір мыңнан астам бірлікке ұлғайды. 

Жалпы, көлемі 898,8 мың шаршы метр болатын тұрғын үй, 5 150 оқушыға арналған 20 мектеп, Түркістан қаласындағы «Мұз сарайы» кешені, Мақтаарал, Бәйдібек аудандарында спорт кешендері салынды. Өңірдің туристік тартымдылығын кеңейтуде 2 заманауи қонақүй кешені, 2 емдеу-сауықтыру орталығы іске қосылды. Партия ұйытқы болған «Туған жер» арнайы жобасы бойынша, меценаттардың есебінен 127 қоғамдық маңызға ие нысан салынып, техникалық жаңартуды қажет ететін 86 нысан жөндеуден өтті. Сондай-ақ облыстағы автомобиль жолдарының сапасын арттыруға көңіл бөлінді. Жол картасында 2023 жылы 39 елді мекенді газбен қамту жоспарланса, нақты 44 елді мекен газбен қамтылды, ауызсу жүйелерін 18 елді мекенде жүргізу жоспарланса, жыл қорытындысымен 20 елді мекен ауызсумен қамтылды. Отырар ауданында қуаты 50 МВт күн электр стансасы іске қосылса, Кентау қаласында 55 көпқабатты тұрғын үй модернизациядан өтті. Облыс бойынша 85 мектептің қазандықтары қатты отыннан газға ауыстырылды. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтуда Келес, Созақ, Сауран, Ордабасы, Сарыағаш, Түлкібас аудандары мен Арыс қаласында 8 өрт сөндіру бекеті құрылды. Түркістан қаласындағы Hazret Sultan халықаралық әуежайының авиарейстер географиясын ұлғайту бойынша жүйелі жұмыстар қолға алынып, Ыстанбұл, Эль-Кувейт, Абу-Даби бағыттары бойынша 3 халықаралық және Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Орал, Қарағанды, Қостанай маршруттары бойынша 7 республикаішілік әуе бағыттары халыққа қызмет көрсетіп отыр. 

– Партиялық жоба деген айдары бар бас­­­та­­маларыңыздың қоғамға қандай айтары бар?

– «AMANAT» партиясының басты идеологиялық ұстанымы – адам және азамат құндылығы болып белгіленген. Партия қойған міндеттер аясында 16 партиялық жоба түзілген: «Жер аманаты», «Ауыл аманаты», «Қарызсыз қоғам», «Құқықтық көмек», «Халыққа көмек», «ТазаLike», «Ардагерлерді ардақтайық», «Бақытты отбасы», «Кедергісіз келешек», «Жастарға жұмыс», «Кітап-AMANAT» TOMIRIS, QAISAR, «Жас саясаткерлер мектебі», «Менің елім – менің тілім», «Ұлттық мұра» жобалары. Құрылымы жөнінен тізбектегі 6 жоба халықтың өзекті мәселесін шешуге арналса, 4 жоба нақты әлеуметтік топтарға бағдарланған. Тағы 6 жоба халықтың мәдени-рухани құндылықтарын ілгерілетуге, патриоттық тәрбие беруге арналған. 

Мемлекет басшысы пайдаланылмай жатқан және заңсыз бөлінген ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару, оны халық игілігіне беру жөнінде тапсырма бергені белгілі. Осы міндетті орындауда «AMANAT» партиясы «Жер аманаты» жобасын қолға алды. Түркістан өңірі еліміз бойынша халық саны ең көп облыстардың бірі. Ауылдардың саны жөнінен де республикада көш бастаймыз. 800-ден астам елді мекені бар Түркістан облысы халқының 80 пайызға жуығы – ауыл тұрғындары. Экономикалық қуаты да, халықтың тұрмыс ахуалы да, ауыл шаруашылығымен тікелей байланысты өңір үшін жайылымдар тапшылығын еңсеру – басты мәселе. «Жер аманаты» бойынша облыста 2022 жылы 1 млн-нан астам гектар жайылым ортақ игілікке қайтарылса, былтыр 335 мың гектар жайылым жер мемлекет меншігіне қайтты. Бұл жұмыс жүйелі жалғасып жатыр. 

«Ауыл аманаты» да ауылдағы ағайынның тұрмысын түзеуге арналған бірегей жоба. Жобаның тиімділігі Президенттің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Қазақстан халқына арналған Жол­дауында айтылды. Ерлан Жақанұлы өңірімізге жасаған жұмыс сапары аясында тұрғындардың көпшілігі ауылда тұратын Түркістан облысы үшін «Ауыл аманаты», «Қарызсыз қоғам» жобалары маңыз­ды екенін айтты. Былтыр мемлекеттен бөлінген мақсатты 19,7 млрд тең­­­геге облысымызда 3 256 жоба қаржыландырылды. Жобаға қатысқан 16 аудан, қала­­­­дағы 64 ауылдық округте жылыжай кешендері бой көтерді, техникалар паркі жаңартылды, ет-сүт қорын қалыптастыру шаруашылықтары құрылды. Ауыл тұр­­ғын­­дарының табысын арттыруда егін, малшаруашылықтары қаржыландырылды. Құс және балық өсіру істері де жолға қойылды. Өндірістік кооперативтердің құрал-жабдықтарын жаңарту бастамасы қолға алынып, ауылдық жерде кәсіпкерлікті дамытуға негіз қаланды.

Түркістан облысында республика халқының он пайыздан астамы тұрады. Халықтың қаржылық ұйымдар алдындағы борышкерлік міндеттемелерінің шектен тыс белең алуы – алаңдатарлық мәселе. «Қарызсыз қоғам» жобасымен тұрғындардың қаржылық сауатын арттыру ісіне басымдық берілді. Бұл мәселеге де Президент өзінің Жолдауында айрықша тоқталғаны белгілі. 2023 жылы жоба аясында Түркістан облысында 12 650 адам­­ды оқыту курстарымен қамту жос­­­­пар­­­ланса, нақты 14 600 адам қаржылық сауаттылық бойынша оқытылып, жылдық жоспар 115 пайызға артығымен орындалды.

Қариясын қазынаға балайтын өңірдің аға буын өкілдеріне қамқорлық көрсету «Ардагерлерді ардақтайық» жобасының міндеті. Бүгінде өлкемізде зейнет жасындағы 188 мыңға жуық аға буын өкілі тұрады. Тиісті салалық мемлекеттік органдармен бірлесе ардагерлерді сауықтыру, тегін басылымдарға жаздыру, демеушілер және жергілікті бюджеттер есебінен коммуналдық қызметтерге жеңілдік беру мәселелері шешілді. Ардагерлердің қатысуымен 122 қоғамдық қабылдау өтіп, олар көтерген 231 мәселе шешімін тапты. Жалғызілікті қарияларға қолдау көрсетуде «Жастар рухы» жастар қанатының өкілдері 273 волонтерлық көмек көрсету іс-шараларын өткізді.

«Кедергісіз келешек» жобасы аясында жол картасында қамтылған міндеттер бойынша 776 нысан ерекше қажеттілігі бар адамдарға бейімделді. Партия филиалы жанынан құрылған мониторингтік топ 263 нысанды тексерді, 32 нысанда кемшіліктер анықталып, реттелуі қадағаланды. 

Ана мен бала қамқорлығы «Бақытты отбасы» жобасы аясында жүзеге асты. Облыс бойынша 400 мыңнан астам отбасы  іркеуден өтсе, оның 174 мыңнан астамы – көпбалалылар. Жоба аясында партия әлеуетімен құрылған 161 жедел әрекет ету тобы тұрмысы қиын 993 отбасының мемлекеттік органдардың қамқорлығына алынуына жәрдемші болды. Партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері 374 азаматқа меценаттар арқылы көмек көрсетті. Өңір халқының тең жартысы – әйелдер, өлкеде партия филиалы жанынан Әйелдер қанаты құрылып, оның қызмет аясына партияға мүше қыз-келіншектер жұмылдырылды. Ал өңір халқының 650 мыңнан астамы – жастар. Партия филиалы «Жастар рухымен» бірге бірқатар маңызды жұмыс атқарылды. «Жастарға жұмыс», «Вандализмге жол жоқ» акциясы, «Қауіпсіз қоғам» жобасы бойынша іс-шаралар өткізді. Студенттік жатақханалардың ахуалына мониторинг жүргізді. BIR TOLQYNDA танымал тұлғалармен кездесулер кештерін, TazaLike эко-акцияларын, AMANAT AQYLMAN интеллектуалды ойындарын, AMANAT CUP және MASLIHAT CUP спорттық жарыстарын ұйымдастырды. 

Партия айқындаған ең негізгі басымдықтың бірі – тұрғындармен нәтижелі кері байланыс арнасын түзу. Ерлан Жақанұлының бастамасымен былтырдан бастап «Құқықтық көмек» жобасы қолға алынды. Нәтижесінде партия филиалына азаматтардан келіп түскен өтініштердің саны 2022 жылғы 16,9 мыңнан былтыр 13,2 мың­ға дейін төмендеді. 470 қабылдау жүргізіліп, 1 080 азаматтың мәселесі қаралды. Арыздардың 65 пайызы оң шешімін тапса, 35 пайызына кәсіби құқықтық кеңес берілді. «Халыққа кө­мек» жобасы шеңберінде 443 қабылдау өткізіліп, 1 300 азаматтың жеке мәселесі қаралды. Келуші­лердің 64 пайызының мәселесі оң шешімін тауып, 36 пайызына заң аясында көмек берілді. Облыстағы партиялық алаңдарда былтыр 3 мыңнан астам қабылдау жүргізіліп, оларға 10 мың­нан астам адам жүгінді. Сонымен қатар шалғай елді мекен тұрғындарының сұранысын тыңдауда 216 мобильді көшпелі қоғамдық қабылдау өтіп, 1 084 азаматтың өтінімі тыңдалды. Олардың тең жартысы шешімін тапса, қалғанына заң аясында кеңес берілді.

Партия өкілдерінің қоғам алдындағы ашықтығы мен жариялығын қамтамасыз етуде облыстық партия филиалы жанынан брифинг алаңы ашылды. Бекітілген кесте бойынша, мұнда облыстық мәслихат депутаттарының және аудан, қалалардың мәслихат төрағаларының қатысуымен 49 брифинг өтіп, партия айқындаған басымдықтардың жүзеге асырылу барысы таразыланды. Айта берсек, ауыз толтырып тізбектейтін жұмысымыз көп. Бірлікке бастайтын, ымыра­­шыл тірлікке жұмылдыратын, ортақ мақ­сат үшін ұйыстыратын мұндай санаттағы жұмысымыз алдағы уақытта да үз­­­діксіз жалғасады. Біз өзіміз қызмет етіп отыр­­ған қоғамға мейлінше ашық болып, қоғамның белсенді өкілдерімен ынтымақтастығымызды арттыратын боламыз. Қоғамымыз ортақ, мемлекетіміз бір деген ұстанымды жақтап, алға қойған мақсатымызға нәтижелі еңбекпен жетеміз. 

 – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Асыл ТҰМАР