Дзюдодан олимпиадалық маусым өте қарқынды өтуде. Басқа спорт түрлеріне қарағанда, тап осы жапон жекпе-жегінен төртжылдық додасына жолдама алу оңай емес. Бокс немесе күрестегідей бір-екі лицензиялық турнирмен мәселе шешілмейді.
Татами тарландары
2,166
оқылды

Мұнда Олимпиада квотасын рейтингілік жарыстарда жоғары ұпай жинап, өз салмағындағы алғашқы 22 балуанның қатарына кірген спортшы иеленбек. Сондықтан дзюдошылар бір жыл бойы әлемдік жарыстардан жүлде алып, ұпай еншілеуге тырысады. Осы орайда Нұрбол Сүлейменов шәкірттерінің Париж олимпиадасы  алдындағы көрсеткіштерін саралап көрдік. 

Маусым қоламен басталды

Дзюдодан биылғы маусымның екі ірі жарысы артта қалды. Алдымен Португалияда Grand Prix турнирі өтсе, кейін әлемнің кіл мықтылары Париждегі Grand Slam додасында өзара жүлде бөлісті. Еу­ро­паның екі елінен де қазақ балуандары бір-бір қола арқалап келді. Абиба Әбужақынова Портагулияда, Нұрлыхан Шархан Парижде үздік үштікке енген.

Абиба дәл осы турнирде 2023 жылы топ жарған болатын. Бірақ араға жыл салып, қоланы қанағат тұтты. Мұның себебі де жоқ емес. Бірін­шіден, балуан қызды был­тыр­дан бері жарақаты мазалап жүр. Бапкерлер Әбужақынованың бабына енді еніп келе жатқанын айтады. Екіншіден, спортшылар Олимпиадаға ұпай жинау үшін жанталасуда. Сол себепті, әдетте жас балуандар жиналатын Grand Prix турнирінде тәжірибелі спортшылар да көп болды. 

Ал Нұрлыхан Шархан Халық­аралық дзюдо федерациясы ұйым­дас­тыратын әлемдік жарыстардағы алғашқы жүлдесін алып отыр. 100 келіге дейінгі салмақта сынға түсе­тін қызылордалық балуан бойы­ның қысқалығына қарамай, жеңіс­ке деген жігерімен қуантуда. Бүгінге дейін IJF турнирлерінде бесінші, жетінші орында қалған Шарханға енді әлемдік тұғыр да бағына бастады. 

Екі спортшының жүлдесі бүкіл команданың жыртығын жамауға жетпесі анық. Өйткені әр салмақта екі балуанды, жалпы есебі 30-ға жуық спортшыны жарысқа қоссақ та, көпшілігі бірінші кезеңнен әрі аса алмай қалды. Мәселен, Порту­галияда ерлер командасы жүлдесіз қалды. Мұнда үшінші айналымға бір-ақ спортшымыз жетті. Ал Париж төрінде тәжірибелі Елдос Сметов те, жастар арасынан жұл­дызы жанған Нұрқанат Серікбаев та алысқа шаппады. 

Елдос командадан бөлек жаттығады

Қазақ дзюдосын Елдос Сметовтен бөліп қарау мүмкін емес. Әлем, Азия чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы әрі Олимпиада ойындарының екі дүркін жүлдегері атанған балуан татамиден әлі де кеткен жоқ. Ел­досты бүгінге дейін үлкен спортта ұстап тұрған бір-ақ арман бар. Бұл – Олимпиада алтыны. Естеріңізде болса, Сметов Риода күміс, Токио ойындарында қола медаль жеңіп алған еді. 

32 жастағы спортшы әлі де бел­сенді жаттығуда. 60 келі салмақ­тағы басты қарсыласы – Наохиса Такато орнын командаласы Нагая­маға босатса да, Сметовпен талай күрескен Ли Харим, Юн Вей Янг сынды тісқаққан спортшылар әлі қатарда. Әзірге, Елдостың кезінде өзі оңай жеңген балуандарға тісі батар емес. Мәселен, Парижде өткен Grand Slam турнирінде айтарлықтай атағы жоқ египеттік балуанды қосымша уақытта ғана ұтса, кейін өзінің әккі қарсыласы Ли Харимге (Оңтүстік Корея) жол берді. Былтыр Токиода өткен Grand Slam турнирінде де Сметов екінші кездесуінде жеңілген. Осылайша, Сметовтің әлемдік жарыстардағы жорығы бір-екі айналыммен аяқталып жатыр.

Бірақ Елдос қазір қандай нәти­же көрсетсе де, жанкүйердің ба­тыр­ға өкпесі жоқ. Қазақ дзюдо­сына Сметовтей еңбек сіңірген адам аз. Оның 40 жамау жарақатқа қарамай, тұтас кеудесін дәкемен таңып тастаса да, қазаққа жүлдені аузымен тістеп әпергенін ешкім ұмытпақ емес. 

Бүгінде ол жеке бапкерімен бірге командадан бөлек жаттығып жүр. Спортшының жеке жатты­ғуына министрлік те рұқсатын беріпті. Ұлттық құрамадан бөлек­тенгені біраз ойға жетелейді. Десе де, жақсы күресу үшін осындай қа­дам қажет болса, мұны да құптаймыз. 

Мағжанның аяғынан шалған кім?

60 келі салмақтағы олимпиада­лық рейтингте қазақ балуан­дарының арасынан ең жоғары орында Мағжан Шамшадин тұр (15-орын). Алайда талантты спор­тшының соңғы кезде татамиден көрінбей кеткені алыпқашпа әңгімелерге жол ашты. Әсіресе, қомақты ұпай беретін жарыстарға Сметовтің аттануы көпшіліктің күдігін туғызып, Шамшадинді әдейі аяқтан шалғаны жайлы айтыла бастаған. Бірақ бұл күдікті Мағжанның жеке бапкері сейілтті. 

«Елдос үшін Мағжанды жарыстан шеттетті деу дұрыс емес. Мағжанды ешкім де шеттеткен жоқ, жарақатына байланысты біраз үзіліс алды. Ол өткен маусымда жарақат алып, шетелде ота жасатып келген. Шамшадиннің отасын Қазақстан дзюдо феде­рациясының басшысы көтерді. Қазір, міне, толық жазылып, қата­рға қосылды. Әлемдік жарысқа қатысатын күні де алыс емес. Мұндай қаңқу сөздерге сенудің қажеті жоқ», – деді жаттықтырушы.

Бапкер құрамадан қуылды

Айтпақшы, тап осы Мағжан Шамшадин мен Абылайхан Жұбаназар, Нұрлыхан Шархан сында талантты дзюдошылардың жеке бапкері Қален Қалиұлы пікір алшақтығына байланысты ұлттық құрамадан шеттеп қалған. Соңғы бір жарым жылдан бері Қален бапкер шәкірттерінің жарысына өз қаражатымен барады. Мұның себебі де тереңде жатыр. Танымал жаттықтырушы құрамадағы франциялық мамандарға көңілі толмағасын қағажу көріпті. 

«2017 жылы мені дзюдодан ұлттық құрамаға шақырды. Жұмыс істеуге келдім. Өз шәкірттерімді татамиге алып шығып, белдесу кезінде бағдар беріп отыратынмын. 2022 жылы француз бапкерлері келген соң маған «Құрамадан кетуің керек», – деді. Мен кеттім. Менің ешкіммен таласым жоқ! Өз кандидатурамды бапкерлікке де ұсынып жатқаным жоқ. Маған керегі – Қазақстанның көк байрағын желбіретіп, Әнұранын шырқату үшін, еліміз үшін жаттығу кезінде кішкентай кезінен өзім дайындап келе жатқан шәкірт­терімнің қасында болып, жарыс­тарға алып шығу! Себебі менің шәкірттерімді ешкім менен жақсы білмейді! Бұл үшін маған айлық төлеуді де талап етпеймін. Тек балуандарымның қасында болсам жеткілікті», – дейді Қален Қалиұлы. 

Париж Олимпиадасына дейін Қален бапкер құрамаға ене ме, жоқ па, белгісіз. Бір анығы, оның үш шәкірті де Париж Олимпиада­сына жолдама беретін рейтингке сенімді түрде енген. Осыдан соң отандық дзюдо федерациясы мен ондағы бапкерлер жұмысына сұрақ көбейді. Жақсы нәтиже көрсетіп жүрген балуандар бап­кері­нің сырттап қалғаны жан­күйер­лерден басқа ешкімді алаң­датар емес...

Қазіргі жағдай қалай?

Дзюдодан ерлер командасы не­гізі­нен жеңіл салмақтағы спортшыларға сенім артады. Бұған Елдос Сметов, Ғұсман Қыр­ғызбаевтардың әлемдік деңгейде үздік өнер көрсетуі себеп. Қазір Мағжан Шамшадин (18-орын), Нұрқанат Серікбаев (20-орын), Ғұсман Қырғызбаев (17-орын), Данияр Шамшаев (16-орын), Абылайхан Жұбаназар (12-орын) және Нұрлыхан Шархан (18-орын) өз салмақтарында Олимпиа­даға қатысуға жеткілікті ұпай жинап тұр. Шілдеге дейін бұл тізімде әлі өзгеріс болары анық. Ал 90 және 100 келіге дейінгі салмақта алғашқы жиырмалыққа енген балуандарымыз жоқ. Максим Раков пен Асхат Житкеевтің ізін басатын мықты әзірге табылмай тұр. 

Бүгінде отандық дзюдошылар Бакудегі Grand Slam турниріне дайындалуда. Кейін Ташкент татамиі шақырады. Париж жолда­масы үшін жанталаста жігіттеріміз жерге қаратпаса екен...

Арда КЕМЕЛ