«Атыраулық 11 жастағы жас спортшы Жансейіт Жанбосын 50 метрге баттерфляй стилінде жүзуден жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионы атанды», – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Атырау облысының Өңірлік коммуникация қызметіне сілтеме жасап.
Атыраулық жас спортшы жүзуден рекорд орнатты
841
оқылды

Көкшетауда өткен «Бурабай інжу-маржаны» республикалық турнирінде атыраулық жүзуші Жансейіт Жанбосын чемпион атанып,  50 метрге баттерфляй стилімен 31 сек 72 м/с жылдамдықпен жүзіп өтіп, рекорд жаңартты.

Осылайша, жас жүзуші республикалық турнирдің соңғы алты жылдан бері өзгеріссіз тұрған рекордын жаңартты.

Атырау ғана емес, бүкіл Қазақстанның үміті Жансейіт Жанбосын 5-сыныпта Атырау қаласының N17 мектебінде оқиды. Жас спортшы алты жыл бойы кәсіби жүзумен айналысады.

Атырау облысының жүзуден құрама командасының бас бапкері Иван Галкиннің айтуынша, Көкшетауда өткен республикалық турнирге 2013 жылғы және одан кіші жастағы 300-ге жуық  спортшылардан құралған 30-дан астам команда қатысқан.

– Турнир жоғары деңгейде өтті. Жарыс нәтижелері бойынша спортшылардың жоғары дайындық деңгейін сезінуге болады. Атырау облысының атынан турнирге 20 жас спортшы қатысты. Олардың ішінде Жансейіт Жанбосын баттерфляй стилі бойынша 50 метрлік рекордты жаңартып қана қоймай, 50, 100, 200 метр қашықтықтағы еркін жүзу әдісін де жеңіп, турнирдің «Үздік спортшысы» атанды. 

Сонымен қатар Аяна Сали 1 минут 29 сек 94 м/сек ішінде 100 метрге баттерфляй стилімен жүзіп, жарыстың жүлдегері атанды. Бұл нәтижелер атыраулық жас жүзушілердің мүмкіндігі жоғары екендігін көрсетеді, – дейді Атырау облысының жүзуден құрама командасының бас бапкері Иван Галкин.

Еске сала кетейік, «Бурабай інжу-маржаны» республикалық жүзу турнирі 2-4 наурыз аралығында Көкшетау қаласында өтті.

Баян Жанұзақова