Тбилисиде қазір 83 мемлекеттен келген 531 татамиге шебері күш сынасып жатыр.
Ғалия Тынбаева «Үлкен дулығадағы» алғашқы медалін жеңіп алды
Фото: prosports.kz
2,749
оқылды

Ғалия Тынбаева Грузия астанасы Тбилисиде басталған дзюдодан Үлкен дулыға санатындағы бәсекенің қола жүлдегері атанды, - деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Спортты дамыту дирекциясы баспасөз қызметінің мәліметінше, спортшымыз жүлде жолында Миреиа Лапуерта Комастың (Испания) жауырынын жерге тигізді. Екінші қоланы Қытай спортшысы алды.

Күндізгі сессияда Ұлттық құрама спортшысы А тобында Алёна Сергееваны (Ресей), сосын Мелани Легу-Клеман (Франция) мен Аманда Лиманың (Бразилия) осал тұсын тапқан. Алайда жартылай финалда Оңтүстік Корея дзюдошысы Хекён Лиден ұтылып қалды.

Ғалия былтыр Ұлан-Батыр мен Астанада өткен Үлкен дулыға санатындағы турнирде 5-орыннан көрінген. Бұл оның Grand Slam сериясындағы алғашқы медалі.

Айта кетейік, Тбилисиде қазір 83 мемлекеттен келген 531 татамиге шебері күш сынасып жатыр.