Соңғы жылдары елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық ең өзекті мәселеге айналып отыр. Отбасында зәбір көрген, жақынынан жапа шеккен әйелдер мен балалар көбейіп, тіпті зорлық салдарынан өмірімен қоштасқандар қатары артқан.
Динара Зәкиева, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл: Баланы сабаған адам сотталады
5,978
оқылды

Мемлекет әйел құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы заң қабылдады. Президент қол қойған заң талаптарына сәйкес айыпталушыға қатысты жаза қатаңдатылды. Осы орайда біз заңдағы баланың қауіпсіздігі қаншалықты қорғалғандығы туралы еліміздегі Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиевамен сұқбаттасқан едік. 

– Заңға балалардың қауіпсіз­дігін қамтамасыз ету, құқығын қор­ғау бағытында нақты қандай өз­герістер енгізілді?

– Тұрмыстық зорлық-зом­былық, балаларға қатысты жасалатын қылмыстар мәселесі елімізде өзектілігін жоғалтпай тұр. Мә­се­лен, былтырдың өзінде Қа­зақстан­да отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан 69 әйел мен 7 бала қайтыс болды. Отба­сылық-тұр­мыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша 99 мыңнан астам өтініш келіп түсті, балаларға қарсы 2 452 қыл­мыс жасалды. Бұл сан­дардың әрқайсысының артында әйелдің не баланың өмірі тұр.

Заң 70-тен астам түзетуден тұ­рады. Әр түзетуге зорлық-зомбы­лықтан қайтыс болған бала мен әйелдің атын беруге болады. Атап айтсақ, заң концептуалды түрде екі бөлімнен тұрады. Біріншіден, отбасылар мен балаларға көмек көр­сету инфра­құ­ры­лы­мын құра­тын алдын алу шаралары: 

Отбасын қолдау орталықтарын ашу, қиын өмірлік жағдайдағы отбасыларды анықтау және оларға көмек көрсету жөніндегі жедел әре­кет ету топтарын, балаларды пси­хологиялық қолдау орталық­тарын ашу; зорлық-зомбылықтың құрба­ны болған балаларға көмек көрсету бағдарламаларын енгізу; агрессормен психологиялық жұ­мысты көз­дейтін ерекше талаптар және т.б.

Екіншіден, жеке адамға, оның ішінде балаға қатысты зорлық-зомбы­лықтың барлық түрі үшін жазаны қатаңдату: 

Балаларға зорлық-зомбылық жасауға қатысты қылмыстар үшін татуласуды алып тастау; бала зор­лағаны үшін бас бостандығынан өмір бойына айыру; балаға жы­ныстық сипатта тиіскені үшін қыл­мыс­тық жауапкершілік енгізу; ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін қыл­мыс­тық жауап­кершілік енгізу; балаларға қа­тысты зорлық-зом­былық қыл­мыс­­тарын тергеу кезінде күдіктіні қа­мауда ұстау; буллинг үшін жауап­кершілік; баланы автобустан мәж­­бүрлеп түсіріп тастау үшін жауап­­кершілік енгізу; ерекше қа­жет­­тілік­тері бар балаларға арналған мекемелер мен лагерьлерді лицензиялау қатарлы көптеген нормалар бар .

– Сіз «Отбасы кодексінде 2011 жылдан бері ата-ана құқығынан айыру, баланы тартып алуға негіз болатын бөліктің бәрі бар» дедіңіз. Ол қандай талаптар?

– Бұл заң жобасында балаларды алып қоюға қатысты ешқандай өзгеріс жоқ. Баланы алып қою үшін негіздер Неке және отбасы туралы кодекстің 82-бабында бекітілген және 2011 жылдан бері қолданылып келеді. Мұнда басты мақсат – баланы ата-анасынан айыру емес, баланың адам ретіндегі құқығын қамтамасыз ету, мектептен қол үзіп қалмауын, денсаулығына, пси­хологиясына зиян келмеуін қада­ғалау.

– Кейбір азаматтар қауіп етіп айтып жүрген ювеналка, югендтамт, барневарне деген түсініктер туралы айтып бересіз бе? Сондай-ақ бұл ұғымдардың біздің тұрмыс­тық зорлық-зомбылыққа қарсы заңда қандай да бір көріністері бар ма?

– «Ювенал» деген сөз «кә­ме­летке толмаған» деп аударылады. Яғни, ювеналды юстиция деге­німіз – кәмелетке толмағандар істері жөніндегі сот. Бұндай сот елімізде 2012 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Зардап шеккен немесе күдікті адам кәмелетке тол­маған бала болса, оның ісін сол сот қа­райды. Мысалы, қазір 12 мың бала қолайсыздық бойынша есепте тұрған отбасыларда өмір сүреді. Олар ата-аналарымен бір­ге тұрады. Жергілікті ат­қару­­шы органдар бұл отбасыларды үнемі бақы­лауда ұстайды және қажетті про­филактикалық шаралар жүргізеді. Себебі мем­лекеттің мақсаты – отбасын барынша сақтап қалу.

Ал югендтамт, барневарне деген атаулар шетелдік ведомстволар, олардың Қазақстанға түк қатысты жоқ.

– Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында «Халқымыздың белгілі бір құндылықтар тізбесін жасақтап өскелең ұрпаққа таратуымыз керек» деп айтқан едіңіз. Сіздіңше, ол қандай құндылықтар?

– Президент Ұлттық құрыл­тайда сөйлеген сөзінде құнды­лықтар жүйесін айқындады. Олар – тәуелсіздік және патриотизм, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық және кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық.

– Заң қатаңдатылды. Дегенмен қоғамға, өскелең ұрпақтың бойына өзара сыйластық, жанашырлық, қамқорлық, мейірім, құрмет, ізгілік деген адами қасиеттерді заңмен сіңіре аламыз ба? Осы орайда қазір өте өзекті болып отырған әйелді ұру, баланы сабау, (тіпті, өлтіре салу) және педофилия, суицид, ажырасу секілді мәселелердің алдын алу бойынша қандай тетіктер қарастырылған?

– Заңның бірінші бөлімі от­басыларға, балаларға көмек көр­сету инфрақұрылымын құ­руға бай­ланысты позицияларды қарас­тырады. Сондай-ақ про­филак­ти­каға қатысты түзетулер енгізілді. Жалпы, заң жобасының мақсаты – балаларға қол кө­термеу мәде­ниетін қалыптастыру, жазаны қатаңдату, сонымен қатар алдын алу механизмдерін құру дер едім. Әр бала – жеке тұлға. Және балаға қол көтеру – бұл жеке тұлғаға қар­сы қылмыс екенін естен шығар­мауымыз керек.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ