Дзюдодан соңғы рейтингілік турнирлердің бірі – Grand Slam бәсекесі 10-12 мамыр күндері елордада өтеді.
«Бәрі өз қолында»: маман Елдос Сметовтің Олимпиадаға бару мүмкіндігін бағалады
Фото: ҰОК
2,620
оқылды

Халықаралық дзюдо федерациясының бас төрешісі Армен Багдасаров Астанадағы Grand Slam турнирінің ұйымдастырылу барысына баға берді. Ресми тұлғалар бүгін баспасөз мәслихатында сөз алды, - деп хабарлайды Aikyn.kz  Olympic.kz-ке сілтеме жасап. 

Дзюдодан соңғы рейтингілік турнирлердің бірі – Grand Slam бәсекесі 10-12 мамыр күндері елордада өтеді. 

БАҚ өкілдерімен кездесуге Қазақстан дзюдо федерациясының бас хатшысы Асхат Житкеев, бас директор Айбек Имашев, Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) бас хатшысы Лиза Аллан және IJF төрешісі Армен Багдасаров қатысты. 

«IJF сіздердің федерацияларыңызбен біраздан бері әріптестік қарым-қатынас орнатқан. Қазақстанда бірнеше турнирді сәтті өткіздік. Қарым-қатынасымыздың тарихы тереңде жатыр. Сондай-ақ, сіздердің дзюдошыларыңыз да ел намысын абыроймен қорғап жүр. Кеше залды көрдік. Барлығы жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Біз енді әдемі күрес күтеміз. Баршаңызға сәттілік», - деді Багдасаров. 

Асхат Житкеев Олимпиадаға іріктеу кезеңіне қатысты өз пікірін бөлісті. Атап айтар болсақ, бас хатшы Елдос Сметовтің Париж ойындарына бару мүмкіндігін бағалады.  

«Бұл өте қиын сұрақ. Елдос өте беделді спортшы. Сонымен қатар, бізде оның өкшесін басып келе жатқан жас балуандар да бар. Турнирден соң жиын жасап, содан соң, әлем чемпионатынан кейін жиналамыз. Бәрі әділетті болғанын қалаймыз. Иә, бұл тақырыпты бұған дейін де талқыладық. Рейтингте кім жоғары тұрса, сол спортшыны жібереміз деген шешім де болған. Егер ұпай айырмасы алшақ болмаса, Федерация, министрлік өкілдерімен бірлесе шешеміз. Команда ішінде тағы жарыс өткізу ойымызда жоқ. Меніңше, мұндай жағдай команданың көңіл-күйіне қатты әсер етеді. Өйткені, бізде бәрі үнемі бірге жаттығады. Одан да, жауапкершілік бізде болсын. Команданы топқа бөлмейміз. Ортақ шешім қабылдаймыз. Ерлер арасында алты спортшымыз квотадан үмітті. Әйелдер арасында екі атлетіміз бар, тағы біреуін алуды жоспарлап отырмыз. Елдос әзірге рейтингте төменгі орында келеді. Алдағы турнирден соң көп нәрсе шешіледі. Қазір барлығы да оның өз қолында», - деді Житкеев. 

Айта кетерлігі, бұл жарыста барлығы 84 елдің 500-ге жуық спортшысы бақ сынайды. 

Естеріңізге сала кетсек, бұл доданың нәтижесінде IJF ережелеріне сәйкес жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері арасында Әлемдік және олимпиадалық рейтингтерде ұпайлар бөлінеді. Атап айтқанда, 1 орын үшін 1000, 2 орын үшін – 700, ал 3 орын үшін 500 ұпай есептелетін болады.

Qazaqstan barysy Grand Slam турнирінде дзюдошылар 2024 жылы Парижде өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына қатысу үшін ұпай жинайды. 

Үш күнге созылатын байрақты бәсекеге кіру тегін.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.