Елімізде «Таза Қазақстан» акциясы басталды. Акция жай ұран емес, оның басты мақсаты – қоғамда экомәдениетті қалыптастыру. Шыны керек, экология – мәңгілік тақырып.
«Таза Қазақстан»:  мақсат – экомәдениетті қалыптастыру
864
оқылды

Адамзат баласы қанша уақытқа дейін Жер планетасын мекен етсе, экология тақырыбы соншалықты өзекті бола бермек.Акция аясында бірреттік емес, нақты кешенді, толыққанды сипаты бар қан­дай жұмыстар атқарылып жатыр? Біз осы сұ­рақ төңірегінде Атырау облысы бойын­ша зерттеу жүргізіп көрдік. 

Атырау облысының әкімдігінен біл­геніміздей, «Таза Қазақстан» аясында Атырауда апта сайын сенбілік ұйымдас­тырылып жатыр. Сонымен бірге «Жасыл ел» жасағының сарбаздары қыркүйек айына дейін осы бағытқа жұмылдырыла береді. Қазіргі уақытта Атырау облысында тасқыннан кейінгі жағалауларды тазалау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. 

Айта кету керек, Атырау облысында ТЖ режимі 7 сәуірде жарияланды. Өңірде ай бойы алдағы су тасқынына дайындық жүріп жатты. 30 күннен аз уақыт ішінде өңір тұрғындары Жайық өзенінің жа­ғалауын су тасқынынан қорғау үшін құммен толтырып, 5 миллионға жуық қап жинады. 

– Бақытымызға орай, барлық елді мекендер, соның ішінде Атырау қаласы да үлкен судан қорғай алды. «Таза Қазақ­стан» республикалық акциясы ая­сында жағалаулардағы қорғаныс бөгеттері бұ­зылып, қапшықтар қаладан шығарылуда. Жалпы алғанда, жағалауды қаптардан тазартуға біздің ұжымнан 160 адам қаты­сады. Сондай-ақ арнайы техника-үш экскаватор, екі КамАЗ, бір самосвал жұ­мылдырылған. Мұнда 3 ай бұрын салын­ған бөгеттерді бөлшектейміз, жаға­лауды ретке келтіреміз, – деді «Атырау Жарық» АҚ президенті Мейірбек Губашев. 

Сенбілік аясында Жайық өзенінің бүкіл жағалауы 16 учаскеге бөлінді. Әр­қай­сысына өзінің 1 мың шаршы метрі­не жауап беретін өзінің үйлестірушісі та­ғайындалды. Акция қорытындысы бо­йынша жұмысшылар жағалаудан 160 тонна топырақ шығарды. Инертті материал құмды карьерлерге құйылды, ол бұрын алынған. 

– «Таза Қазақстан» акциясы аясында біз Жайық өзенінің жағасынан құм са­лынған барлық қапшықтарды жинай бастадық. «AMANAT» партиясына бекі­тілген өзіміздің белгілі бір учаскеміз бар. Қазір мұнда партия мүшелері, қоғам бел­сенділері, депутаттар мен жастар жұмыс істейді. Су тасқынына дайындық жақсы деңгейде өтті, қазір қауіп өткен­нен кейін қаланы ретке келтіру керек, – деді «AMANAT» партиясының Атырау облыс­тық филиалының төрағасы Абдолла Ыды­рысов. 

«Таза Қазақстан» акциясы Атырау облысының бес ауданында да жалғасын табуда. Жастар үшін сенбіліктер квест форматында өтіп жатыр. Сондай-ақ ұйым­дастырушылар «Таза жағалау», «Таза ауыл», «Таза аула», «Таза көше» номи­нациялары бойынша жеңімпаздарды анықтауда. 

Өткен аптада бір ғана Атырау қа­ла­сы бойынша өткен сенбілікте 500 тоннадан астам қоқыс шыға­рылды. Атырау об­лыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайда­лануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлан Жантоқовтың ай­туынша, аймақта өткізілген сен­білік­терге 22,5 мыңнан астам адам қаты­сып, 386 техника жұмылдырылған. 

«Нәтижесінде, 547 тонна қоқыс по­лигонға төгілді. Алайда Жылыой ауда­нын санитарлық тазалау жұмыстары өз дең­гейінде жүргізілмеуі тұрғындар нара­зылығын тудырып отыр. Облыс елді ме­кендерін көгалдандыру ба­­­­ғы­тында жасалған өңірлік жоспарға сәй­кес, биыл барлығы 59 гектарға 117 000 ағаш отыр­ғызу жоспарланды. Оның 15 гектарына 10 993 көшет отыр­ғы­­зылды. Бұл жұ­мыстар Жылыой мен Индер аудан­да­рында жүргізілген жоқ, жоспар орын­далмауы мүмкін», – деді Н.Жан­тоқов.

«Таза Қазақстан» аясында Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласында Құрсай каналының жағалауы абаттан­дырылып жатыр. Атырау облысы өңірлік коммуникациялар қызметінің мәлі­ме­тінше, Құлсары қаласында Құрсай ка­налының жағалау сызығының екі шақы­рымын абаттандыру жұмыстары жүр­гізілуде. 

«Жағалауға 10 200 шаршы метр тро­туар плиталары төселді, жергілікті тұр­ғындардың демалуына арналған 103 орындық, арнайы қоқыс жәшіктері және 203 шам бағанасы орнатылды. Сонымен қатар көгалдандыру жұмыс­тарын қамтып отырмыз. Бүгінде жағалау бойында 350 тал көшеті егілді. Абат­тандыру жобасы өңірдің ірі жер қойнауын пайда­ланушыларының «Игілік» әлеу­меттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Құлсары қаласындағы Құрсай каналының жағалауын абаттандыру Атырау облы­сындағы «Таза Қазақстан» акциясының жалғасы болды», – дейді Жылыой ау­данының әкімі Жұмабек Қаражанов.

Еске сала кетейік, елімізде «Таза Қазақ­стан» бағдарламасы бойынша жаңа өтінім беру сервисі іске қосылды. Сервис еліміздің әрбір тұрғынына тазалық пен тәртіпті сақтауға белсенді қатысуға мүмкіндік бере отырып, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. 

Экология және табиғи ресурстар министрлігі «Таза Қазақстан» ауқымды акциясы аясында қала және экология мәселелері туралы өтінім берудің жаңа сервисін әзірледі. Енді еліміздің барлық өңірінің тұрғындары ыңғайлы телеграмм чат-боты – @TazaQazBot арқылы өтінім бере алады.

– Әрбір қазақстандық проблемасы бар орындардың фотосуретін жібере алады немесе галереядан суреттерді жүктей алады, проблеманы – жол­дар­дың, саябақтардың, кірме жол­дар­дың, жарық­тандырудың, абат­тан­дырудың, сонымен қатар қоғамдық және жеке аумақтардың санитарлық жай-күйі ту­ралы егжей-тегжейлі си­пат­тап, орна­ласқан жерін көр­сете алады. Барлық ақ­­­па­­­рат опера­торға жергілікті атқарушы органнан келіп түседі, ол оны жіктейді және орындау­шыны тағайын­дайды, – деп хабарлады Экология және табиғи ресурстар министр­лігі.

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы Атырау қаласында белсенді түрде ұйымдастырылып, тұр­ғындар тарапынан зор қолдауға ие болды. Шын мәнінде, бұл бір жылдық немесе бес жылдық емес, ұлттық идеология дең­гейіне көтеріліп, жалғасатын өміршең қозғалыс болуы керек. Себебі таза эко­ло­гия – дені сау ұрпақтың, ғаламның бола­шағы. Экологиялық мәдениетті әр отба­сы өз шаңырағынан бастап, бала­бақша, мектеп, оқу орындарында жалғас­ты­­руы­мыз керек. Тазалықтың барлығы өзі­міз­ден басталады», – дейді жас эколог Нұр­гүл Имамұратова.

 

Атырау облысы,

Баян ЖАНҰЗАҚ