Маңғыстауда «Таза Қазақстан» атты ауқымды сенбілік өтті. Жағалауды, саябақты, алаңды, тіпті теңіз түбін тазалауға 3 мыңнан астам адам шығып, 100-ге жуық арнайы техника жұмылдырылды. Барлы­­­­ғы 300 тонна қоқыс жиналып, шығарылды.
Теңіз жағасындағы тазалық шарасы
749
оқылды

Аптап ыстыққа байланысты сен­білік таңертең ерте басталды. Мемлекеттік қыз­меткерлер, кә­сіп­­керлер мен полиция қызметкерлері, әртістер мен қоғам белсенділері, депутаттар мен спортшылар, па­ра­лим­пиадашылар, эн­ергетиктер мен дәрігерлер, сүң­гуірлер мен банк қызметкерлері, көпбалалы аналар мен облыс тұрғындары қоқыстарды шы­ғарып, қамыстарды жинап, жағалауды тазартты. Сондай-ақ Ақ­тау және Жаңаөзен қалалары мен Мұнайлы, Маңғыстау, Түп­қара­ған, Бей­неу және Қарақия аудан­дары да сенбі­лікке бір кісідей атсалысты.

Ақтаудағы экологиялық шара ерекше форматта ұйымдастырылды. Теңіз жағасына ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, акцияға қа­тысушыларға ыстық тамақ пен шай ұс­ын­ылды. Тұрғындар үшін ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйым­дастырылды.

Әуенсіз тазалық қалай жүргі­зілмек? Ақтаулық актер, әнші, жыршы Нұрсұлтан Жексенбаев сен­білікке қатысушыларға арнау арнады. Орындаушының айтуынша, төрт шумақтан тұратын бұл шығармада Каспий теңізінің жа­ға­сында орналасқан Ақтаудың көр­іктілігі мен тазалығы дәріптеледі. 

 «Жан дүниесі таза адам өз қа­ла­сына немқұрайды қарай алмайды. Бұл – бәріміз үшін маңызды. Азаматтық позициямды көрсетіп, сенбілікке қатысушыларды жі­гер­­лендіру үшін арнау айттым. Осылайша, ортақ іске өз үлесімді қосқым келеді», –  деді Нұрсұлтан Жексенбаев.

Жағада сүңгуірлер су түбін тазартуға арнайы киімдерін киіп, теңіз түбінде жиналған қоқыстарды тазартты. Оның ішінде, плас­тик сөм­ке және металл банка көп­­­теп кездеседі. Командир, шені лейтен­ант, сүңгуір қызметінің аға нұсқаушысы Сайран Әбдікәрімов Қазақстан Республикасы Әскери-теңіз күш­терінде 9 жылдан ас­там қызмет етіп келеді. Ол әс­керилердің мұндай игі істерді әр­қашан қолдауға дайын екенін атап өтті.

«Үш сүңгуір шамамен 250 шаршы метр аумақты бөліп алып, әрқайсысы қоқыс жинады. Өткен жолы 10 қап жинадық, бұл жолы – 12 қап. Мұндай іс-шараларға әр­­қа­шан қуана қатысамын, өйткені теңізіміз таза болуы керек», – дейді сүңгуір. 

Қызметтік қарудың орнына –  күрек пен тырма. Полиция қызметкерлері де бү­гін жағалауда жұ­мысқа кірісті. Соның бірі – полиция майоры, СОБР қызметкері Ғабит Халбаев. Ол жұмыс көп уақытын алатынын, алайда соның арасында ретін тау­ып, отбасымен бірге теңізге келіп үлгеретінін айтты.

«Жағажай мен қоқысты көргенде, біз­дің азаматтардың табиғатқа бейжай қарайтыны қатты қынжылтады. Қоқысты әрдайым жинап жүреміз және балаларға да үнемі қоқыс тастамау керегін түс­ін­діре­мін, ал қоқысты тас­тағандарға ескерту беремін. Айта кетейін, апта сайын бөлім ғимаратының аумағында сенбілік өткізе­міз, бүгін мұндай ауқымды шараға бірінші рет қатысып отырмын», –  дейді майор.

Қала тұрғындарымен бірге жағалауды тазалауға Н.Жантөрин атындағы музыкалық-драма театрының шаруашылық мең­геру­шісі Гүлсара Сүндетова сенбілікке өз сүйікті қаласы үшін келгенін және оны қа­ла қонақтарына мақ­танышпен көрсеткісі келе­тін­ін айтады. 

«Біз жеріміздің таза болғанын және жағалаудың әдемі болғанын қалаймыз. Өйткені адамдар полигонға емес, демалысқа келетіндей тазалық керек. Баратын туыстарымызға таза теңіз бен жағалауды көрсеткім келеді, өйткені теңіз –  басты кө­рік­ті жеріміз. Мен адам­дарды өзінен қалған қоқыстарды жинап кетуге шақырамын, өзіңізбен бірге жеңіл пакет ала жү­ру қиын емес. Сондай-ақ қаламызды күн­де таза ұстайтын сыпырушы­ларымыз­ға алғыс айтамын!».

Жағалауды ретке келтіріп, іс­кер әріптестерімен кездескен ме­кеме қызметкерлері сенбілік күнін тимбилдинг іс-шарасына айналдыруды ұйғарды. 

«Біздің мекеме қоғамдық тамақтандыру саласында жұмыс істейді. Бүгінде 50 қызметкер осы аумақты таза жерге айналдыру үшін әдемі теңізіміздің жағасына жиналды. Тазалық өзімізден, отбасымыздан басталады. Сондықтан біз осындай шараларды әрқашан қуана қолдаймыз. Мұндай игі іс ұжымның ұйымшылдығын арттырады. Одан бөлек, тазалық жұмыстарын жүргізіп жатқанда басқа кәсіпорындағы әріптестермен кездесіп, әңгімелестік», – дейді «Берекет-Ф» ЖШС бас директорының орынбасары Анар Кульчикова. 

Ақтаулық жастар сенбілікке шығармашылық шабытпен келді. 70-ке жуық жастар жағалауды тазартып, ән шырқап, сенбілікке қатысушыларға керемет көңіл-күй сыйлады. 

«Қаламыздың ең көрікті жерлерінің бірі – жағалау. Бірақ көп адам оны ластап тастайды, әсіресе түннен кейін көп қоқыс қалады. Біз әрқашан тазалыққа ұм­тылуымыз керек. Біздің міндеті­міз – қоғамға пайда тигізу», –  дей­ді Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы Абылай Фазылбек.

Сонымен қатар «Таза Қазақстан» шарасына 150-ге жуық спортшы, оның ішінде Маңғыстау облыстық мүгедектер спорт клубының 15 мүшесі қатысты. Олардың қатарында парапауэрлифтингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ғани Есентеміров, бокстан әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов, бокстан Азия чемпионы Берік Әбдірахманов, бокстан әлем чемпиона­тының күміс жүлдегері Әділбек Ни­яз­ымбетов бар.  

«Бүгін спортшылар шетте қал­май, сүйікті қаламыздың келбетін жақсартуға жан-жақты кө­мек көрсетуді ұйғарды. Өйткені туған жерді көркейту әрбір азаматтың борышы. Қоқыс пен шөп­ті жинап, үш жүк көлігіне тиедік», – деді Ғани Есентеміров.

Сенбілікке өзгелермен бірге Маңғыстау облысының әкімі Нұр­дәулет Қилыбай да шықты. Өңір басшысы жағалауды тазалап болған соң, күнделікті қала тазалығын күзететін коммуналдық қыз­метшілермен әңгімелесіп, шай ішті. 

«Қала тұрғындарының белсенділігін ерекше атап өту керек. Маңғыстау – ортақ үйіміз. Барлығымыз таза көшемен жүріп, таза жерде серуендегіміз келеді. Ал ол тек өзімізге байналысты. Бұл экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған үлкен шара. Қоршаған ортаны ұқыпты ұстау, өлкемізді қоқысқа толтырмау әрқайсысымыздың міндеті­міз. Мұндай шаралар дәстүрлі түр­де жалғасын табуы керек», – дейді Нұрдәулет Игілікұлы.

Жалпы, республикалық «Таза Қазақстан» эко-науқаны аясында өткен Ақтаудағы ауқымды сенбілік жағалаудағы жәрмеңкемен және концерттік бағдарламамен жалғасты. Жағалауда киіз үй тігіліп, эко-шараның барлық қатысушысына ыстық шай мен ас бе­р­ілді.

Сағындық РЗАХМЕТОВ,

Маңғыстау облысы